12 апреля 2018 | 16:15

"Зиданның шашы бар кезінен фанатпын". Қазақ қыздары қай спорт түрлеріне жанкүйер?

TEngrinews.kz коллажы

Спортта белгілі бір команданың не танымал болған спортшының жанкүйері болып, әлеуметтік желіде фан-клубтарын ашу немесе сол спортшымен жүздесіп, қолтаңбасын алуды армандайтын фанаттардың әсіресе, эмоциясын жасыра алмайтын адамдардың әрекеті сырт көзге қызық көрінеді. Бүгін қарсылас екі клубтың фанаты болып, топ-топпен қала сыртында кездесіп, төбелесетін фанаттар жайлы емес, көрген спорттық шара туралы саралап жазып жүрген жанкүйер қыздар жайлы шолу жасаймыз.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Спортта белгілі бір команданың не танымал болған спортшының жанкүйері болып, әлеуметтік желіде фан-клубтарын ашу немесе сол спортшымен жүздесіп, қолтаңбасын алуды армандайтын фанаттардың әсіресе, эмоциясын жасыра алмайтын адамдардың әрекеті сырт көзге қызық көрінеді. Бүгін қарсылас екі клубтың фанаты болып, топ-топпен қала сыртында кездесіп, төбелесетін фанаттар жайлы емес, көрген спорттық шара туралы саралап жазып жүрген жанкүйер қыздар жайлы шолу жасаймыз.

Тengrinews.kz тілшісі әлеуметтік желіде өзі жанкүйер болған командасы туралы ой-пікірін жазып отыратын қыздардың жанкүйерлікке қалай келгенін және бастан өткізген қызықты оқиғаларын баяндайды. 

Реклама
Реклама

Facebook желісінде "барсафан қыз" ретінде танылған Мадина Сарбалаева жанкүйерлікке кеш келгенін және Қазақстанның әр қаласынан жиналған "Барсафан" тобына мүше екенін айтады. 

"Барселона жеңілген күні, реалфандар маған көңіл айтып жатады"

"2014 жылы Мессидің чипсы (майға қуырылған картоп) жарнамасын көріп, футболға қызыға бастадым. "Барселонаның" сол кездегі формасы қатты ұнады. Өзім мұғаліммін. Соған қарамастан ойындарды үзбей көруге тырысамын. Теледидардан көріп тамашалаған бөлек, стадионда отырып жанкүйер болған бір бөлек әсер береді екен. "Ордабасының" ойынын жанкүйерлермен бірге көргенім бар, әсері әлі есімде. Қызметімнің футболға еш қатысы болмаса да жаңа достар, таныстар тауып, өзім үшін жаңа бір салада пікір алмасып, ой бөлісетінім өзіме қатты ұнайды", - дейді Мадина Сарбалаева. 

Тағы бір жанкүйер Ақырыс Сейітқазы футболды 1998 жылдан бастап тамашалайды екен. Әкесі де атасы да Португалия құрамасының жанкүйері болғандықтан, өзі де осы құраманың фанаты екенін айтады.

"Зиданның шашы бар кезден футбол жанкүйерімін" 

"Негізі 1998 жылдан бастап футбол көремін, ол кездегі әлем біріншілігі аздап есімде. Ол кезде Зиданның шашы бар болатын. Әлем, Еуропа чемпионаттарынан кейін Чемпиондар лигасына кызыға бастадым. 2000 жылдардың бас жағында "Депортиво", "Монако" сиякты клубтардың дәурені жүріп тұрған кез болатын. Мен біресе "Челсиге", "Реалға" секіріп жүрдім, кейіннен "Манчестер Юнайтедтің" бір ойынын көріп, сол менің командам екенін түсіндім. 2008 жылы МЮ-дің Чемпиондар Лигасын ұтқанын жатақханада тамашалағанмын, сол кезде қыздар ұйықтап жатыр, айғайлай алмай қор болғаным бар. Содан бері МЮ-ге адалмын. Ара-арасында Роналду үшін "Реалды" карап тұрамын. Ұлттық кұрамадан мен бұрыннан Португалияға жанкүйермін. Фигу, Паулета, Деку заманынан бері әкем де, аталарым да Португалияға жанкүйер болған. Енді МЮ Чемпиондар лигасынан ұшып кеткесін, мен сол АПЛ-да "Манчестер ситиді" ұтқанына мәз боп жүрмін", - дейді Ақырыс Сейітқазы. 

Алматы Футбол Федерациясында төреші болып қызмет еткен Еркежан Бараева футболшы болу арманын анасы су сепкендей басқанын айтады. 

"Анам футболшы болуыма қарсы болды"

"Нақты бір клубқа жанкүйермін деп айта алмаймын. Көбіне төрешілердің жұмысы қызықтырады. 2009-2014 жылдары аралығында Қазақстанда Бірінші лигада төреші болып қызмет еттім. 2012 жылдары Түркияда өткен төрешілер жиынында болғаным да бар. Негізінен қыз балаға футболда төреші болу табыс көзі ретінде ерлерге қарағанда қиындау, себебі отбасы мен негізгі жұмысқа әсер береді", - дейді Еркежан Бараева. 

Еліміздің бірнеше телеарнасында спорт журналисі болып қызмет еткен, бүгінде Алматы қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкері Дана Қасенова бала кезден алматылық "Қайраттың" фанаты екенін және спорт журналисі болу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түскенін айтады. 

"Роналдиньо қайда барса, мен де сонда трансфер жасаймын"

"Алматылық "Қайрат" әрқашан менің жүрегімде. Себебі, ол туған қаламның басты командасы. "Барселонаға" жанкүйерлігім Роналдиньомен бірге келді. Ұлттық құрамалардан Бразилияға жүрегім бұрып тұрады. 2002 жылы Әлем чемпионтынан кейін футбол әлемі Роналдиньоға назар аударды. Ал 2003 жылы ол Барселона сапына ауысқаннан кейін, мен де трансфер жасап Ла Лигаға ауыстым. 2013 жылы қараша айында Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан Әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Мен "Алматы" арнасынан спорт журналисі болып бокс додасына бардым. 12 күн бойы күн-түн демей Мырзағали Айтжанов бастаған былғары қолғап шеберлеріміздің жеңісін халыққа сүйіншілеп отырдық. Ең қызығы, финалдық кездесулер басталар алдыда, біздің боксшылар 4 алтын алады деп айтқан болатынмын. Тура екі сағаттан соң Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы көк туымызды желбіретіп, мойындарына алтынан алқа таққан болатын", - дейді Дана Қасенова. 


Камп Ноу стадионындағы "Барселона" футболшыларының киім ауыстыру бөлмесінде түсірілген сурет. 

Қазақ күресі федерациясының баспасөз қызметкері Назерке Сұлтанбек "Армандар орындалады" тақырыбында бала кезден нағыз балуанның идеалы, өзіне кумир еткен Дәулет Тұрлыхановпен бүгінде қызметтес болып, "Өзіміздің Назерке ғой" дейтін деңгейге жеткенін айтады. 


Иранда өткен әлем біріншілігінде түсірілген сурет

"Менің кумирім - Дәулет Тұрлыханов" 

"7 сыныпта ініммен "Ақтөбе" футбол клубының ойынын тамашалап, жақсы бір әсер алдым. Сол кездің өзінде әр түрлі спорт түрінен жеңімпаз атанған спортшылардан сұхбат алып, облыстық газеттерде жариялап жүрдім. Негізінде бала кезден Дәулет Тұрлыхановты идеал көремін. Спортшылармен талай әлемдік жарыстарға барып жүріп, өзім де спортқа ден қоя бастадым. Жаттығулар жасап, биыл Алматы марафонында 21 шақырымды бағындыруды жоспарлап отырмын", - дейді Назерке Сұлтанбек. 

Vesti.kz сайтының тілшісі әрі ресми допинг-офицер Тана Омарова тұғырдан секіру спортына қатты қызығатынын айтады.

"Норвегия құрамасының спортшылары - менің нағыз әрі мәңгі махаббатым"

"Алматыда тұғырдан секіру спортының шараларында ерікті болып жүріп, осы спортты қатты ұнатып қалдым. Норвегия құрамасының фанатымын. Ресей құрамасының қыздары да жақсы өнер көрсетіп жүр. Бұл шынымен де өте әсерлі спорт түрі. Спортшылар 7 секунд бойы өзін құс сезінеді. Ауада қалқып тұрудың әсерін айтып жеткізу мүмкін емес те шығар. Андреас Вильберг есімді бапкерге қымыз ұсындым, ол осыдан кейін менен біраз уақыт бойы қашып жүрді. "Сен ұсынғанды жемеймін" - деп те ренішін білдірді. 12 жастан бастап футболға қызықтым, жан тәніммен "Барселонаға" жанкүйер болдым, себебі менің кумирім - Роналдиньо. 2014 жылы Камп Ноу стадионында болдым, бақыттан басым айналып кетті. Талай мәрте сүйікті командам жеңіске жеткенде қуанып, жеңіліске ұшырағанда кішігірім инфаркт алдым. Негізінде гольфтан басқа (мұны қалай спорт деуге болады - авт. сөзі) барлы спорт түрлері қызықты, мен үшін тұғырдан секіру, футбол және бейсбол", - дейді Тана Омарова. 


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная