Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
25 февраля 2020 14:42

Педагог мәртебесін педагог өзі көтереді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Орынша Қарабалина-Қазыбаева, ардагер ұстаз Орынша Қарабалина-Қазыбаева, ардагер ұстаз

Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасына қол қойды. Білім министрі заңды іске асыру кезеңіне көшу басталатынын мәлімдеді. Ұзақ жылдар бойы мұғалімдердің күткен арманы орындалды, ұстаздар құқығы кеңейтілді. Жүктемесін азайтатын болды, қосымша жұмыстардан босатты. Жалақы біртіндеп көбейтілетін болды. "Шебер педагог", "Үздік педагог" боласың ба, енді педагог жолдас, өзіңе байланысты.


Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасына қол қойды. Білім министрі заңды іске асыру кезеңіне көшу басталатынын мәлімдеді. Ұзақ жылдар бойы мұғалімдердің күткен арманы орындалды, ұстаздар құқығы кеңейтілді. Жүктемесін азайтатын болды, қосымша жұмыстардан босатты. Жалақы біртіндеп көбейтілетін болды. "Шебер педагог", "Үздік педагог" боласың ба, енді педагог жолдас, өзіңе байланысты.

Бұрын 40-50 жыл жұмыс істеп, ең болмаса оқу министрлігінің "КСР оқу-ағарту ісі үздігі" деген белгісін омырауына таға алмай зейнеткерлікке кеткен мұғалімдер қаншама еді. Педагогтерге үкімет бетбұрыс жасады. 2019 жылдың тамыз кеңесінде бірнеше мұғалімді "Құрмет" ордені, "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медальдарымен марапаттады. Заңда "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атты мемлекеттік награданың жаңа түрі белгіленді. Келешекте талай педагог осы атаққа ие болады деген үміт бар.

Ендігі міндет - педагог қызметіне қойылатын талапты күшейту. Олай болса, әрбір мұғалім өзіне қойылған талапқа сай өзінің жауапкершілігін күшейту, яғни өз арының алдында, қоғамның алдында, Отанның алдында өз мамандығына жан тазалығы - ұждан керек екенін ұмытпауы тиіс. Оқушылардың бойында жан тазалығы - ұжданды сіңіру, педагогтер, сіздерге байланысты.

Президент Қ.Ж.Тоқаев қаңтар айында үкіметтің кеңейтілген кеңесінде, сапасыз, білімсіз педагогтер барын айтты. Сапасыз мұғалімнен білім алғандар сапасыз оқушы, енжар педагогтен білім алғандар енжар оқушылардың санын көбейтеді. Несін жасырамыз, жалақы үшін келіп-кетіп жүргендер, оқушыға дұрыс білім де, тәрбие де бере алмайды, алдында отырған оқушыларына көңіл бөлмейді. Оқушының көңіл-күйін ұқпайды, жан дүниесіне бойламайды. Оқушылардың ішінде "болмайды, дұрыс емес" дегенді түсінбейтін, бірбеткей, сөзге тоқтамайтындар, екі сөзінің бірі өтірік, үнемі сабақтан қашатын, сабаққа ынтасы жоқтармен бірге отбасының проблемасымен жүйкесі сыр беріп, не ата-анасымен кейде мұғаліммен, тіпті жолдастарымен тіл табыса алмай жалғыз қалып, оқшауланып жүрген оқушылар да бар. Мұғалімнің міндеті, сабақ түсіндіріп кету емес, оқушыға тәрбие беру. Олай болса, түрлі тағдырлы оқушыларды мұғалім түсінбегенде кім түсінеді?

Қазір бала саны көп мектептерде екі психологтан, ал бала саны аз мектептерде бір психологтан бар. Қиын оқушылармен психологтар айналысады деп оларға ысырып тастауға әсте болмайды, сабақ беретін әрбір педагог психолог болуға талпынуы керек. Оқушының жанына үңілмегендіктен, оқушының жүрек сырын білмегендіктен, оқушымен достаса алмағандықтан, мектептегі 12-13 жастағы қыздардың аяғының ауыр болғанын, төбелестің негізгі кейіпкерлері оқушы жасындағы балалар екенін бұқаралық ақпарат жазып, көрсетіп жатыр. Суицид деген пәле шықты. Бұл жағдайлардың бәріне мектеп кінәлі деуге болмас. Ата-аналар да кінәлі. Президент "сапасыз мұғалімдер бар" деді. Сапасыз мұғалім ата-ананың, мектептің балалары. Қазір кейбір ата-ана баласының бетінен қақпайтын болды. "Тамағы тоқ, киімі бүтін болса болды" деп сұрағанын алып береді. Өткен жылы сыныптың еденін жумасын деп шу шығарды. "Баланың құқығы бұзылады" дейді. Баланың құқығы бар, сонымен бірге міндеті бар екенін ұмытып кетеміз. Баланы кішкентайынан күн тәртібіне үйрете алмаймыз. Баланың міндеті, сабақ оқу, ал оған дағдыланбаған, үй тіршілігіне де бейімделмей өсіп келе жатқандар бар. Өз баламыздың мінез-құлқын білмейміз, өйткені, дұрыс сөйлесе алмаймыз. Баланы жақсы мен жаманды ажырата алуға баулу, дұрыс пен бұрысты көрсету - отбасының міндеті екенін ұмытып, баланың қиқарлығын, үгерімінің төмендігін мұғалімнен көріп, мектепке "шабуыл" жасап, өзінің қалталы болғанымен мақтанып, ақылы оқуға түсіремін деп кіжініп тұратын, баласының өтірік айтатынын білсе де, сөзін сөйлеуге мәжбүр ата-ана бар. Балаға сенім білдіретін ата-аналар да бар, дегенмен, баланың мінезі құбылмалы келеді. Сондықтан, бала кіммен жолдас, қайда кетті, үйірмелерге барып жүр ме - білдіртпей тексерудің зияны жоқ. Бала сабақ оқып отырған болады, бірақ, ойы басқада, қалталы телефон деген дос болмай тұр, қалталы телефонмен сабақта отыратындар бар, бұған кейбір мектептер тоқтау сала алмай отыр.

Сонымен бірге, баланың жақсы қасиеттерін айтып, жігерлендіріп отырса да артық емес. Сонда бала далаға қашпайды. Өз сырласыңыз болады. Қысқасы, білімді, тәрбиелі ата-ана өзінің жүріс-тұрысымен, әдемі, әсерлі әңгімесімен тәрбиелейді.

Ата-аналар, балаларыңды дұрыс оқытып, тәрбиелеп мектеп мұғалімдерінің тірегі болсаңдар, мұғалімдерді қолдасаңдар, мұғалім беделі жоғары болады. Өздеріңіз де уайымдамайсыздар. Ал білімі сапасыздар мектептен шығып жатыр. Мектептің беделін түсірмеу үшін нашар оқушыларды сыныптан сыныпқа көшіреміз, бағаны өсіріп қоямыз. Оның үстіне, Еуропадан, Америкадан үйреніп жатырмыз, солардың методикасы дұрыс деп оқушылардан күнделікті сабақ сұрауды қойдық.

Есіңізде болсын, баладан сабақ сайын сұрап баға қойып отырмаса, жалқау емес балалардың өзі де жалқау, енжар балаға айналады. Бала қазір сөйлеуден қалды, сөздің керегі жоқ, жазбаша жауап, сұраққа жауап жаза алмағандарға талпын дейміз. Қатты айтуға болмайды, ата-ана отыр әрі қатты сөзден бала суицид жасайды деп мұғалімдер қорқады. Қысқасы, мектептің талабын, тәртібін орындату - мұғалімнің, мектеп басшысының міндеті. Кейінгі кезде алтын белгі алған оқушылардың саны, олимпиада жеңімпаздары көбейді. Көбейгені жақсы ғой, бірақ, білімі соған сай болса қане? Грантпен оқуға түсіп алып, оқи алмай жүргені қанша? Соның бәрін көріп, біліп отырмыз. Сондайлар институтты бітіріп, сапасыз маман болып шығады.

Сонымен Президент тарапынан айтылған сын, ата-анаға да, мектеп педагогтеріне, педагогті оқытатын жоғары оқу орнына айтылған сын деп қабылдау керек. Ата-ана мектеппен ынтымақтасып өмір сүруі керек. Бала тәрбиесінде кеткен кемшілігін ата-ана мойындап, білмегенін оқып, мұғалімдерден ақыл-кеңес сұрап, керек болса баласынан да үйренетін кездері болады. Сонда келеңсіз жағдайлар жойылар еді.

Енді педагогтерді дайындайтын оқу орнында жіберіліп жүрген болмаса ескерілмей жүрген олқылықтарын еске алсақ. "Педагогтерді дайындайтын оқу орындарына сын айтатындай кімсіз, кім едіңіз" деген сұрақ туындауы мүмкін, жауап бере кетейін:

Мен ғұмырымның 57 жылын мектепке арнаған ұстазбын. Мектебім - мақтанышым, өмірім болды. Мектепте күні-түні жүруден жалықпайтынмын әрі шаршамайтынмын. Өйткені, оқушыларым жігерімді тасытатын. Мектеп өмірі туралы көптеген мақала жаздым. "Класты ұстай білу", "Мейірім", "Селқостық", "Оқушы жанын түсіну", "Мұғалім - мектептің жүрегі", "Оқушы пікірімен санаса білейік", "Педпрактика төңірегіндегі ойлар", т.б. осындай мақалалар жиынтығы "Ұстаз - бақыты" деген атпен кітап болып 2004 жылы шықты. Алматыдағы педагогтер дайындайтын жоғары оқу орындарының студенттері практикадан өту үшін "Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатына" келетін, әлі де сол үрдісті жалғастырып жатыр. Осы мектепте мен 40 жыл тарих, қоғамтану пәнінен сабақ бердім. Сондықтан, практикаға келген студенттердің жағдайын өте жақсы білдім. "Педпрактика төңірегіндегі ойлар" деген мақала жазғанмын. Сол мақаладағы айтылған ойлар әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ. 1979 жылы жазылған сол кітаптағы ойлардың өзегі төмендегідей болатын:

"Педагогикалық оқу орнына студенттерді таңдап алу төңірегінде. Бұл мәселеде талғаусыздық бар екенін ашық мойындау керек. Неге өзге оқу орнына күші келмейтіндер педагогикалық институттарға қарай ағылады. Осы мамандықты таңдауына не себеп болғанын анықтайтын алдын ала іріктеу ұйымдастырса қайтеді? Педагог боларлық сапалары бар ма, рухани тұғыры қандай, сүйе ме бұл мамандықты. Мысалы актерлік, ресжиссерлік оқу орындарына түсетіндерді таңдайды ғой. Ұстаздыққа жұрттың бәрі бейім, ол кімнің де болса қолынан келеді деп қарауға болмайды. Ұстаз болу үшін дарын, қабілет, асқан білім және педагогикалық әдеп деген санаға сіңірілуі керек. Бұл қасиеттер үлкен тәжірибемен келеді, дегенмен осылардың ұшқыны бойда болуы керек.

Мектеп - педагог боламын деген студенттің өз қабілетін байқайтын, белгілі бір дәрежеде сынайтын станогі. Сондықтан педпрактикаға студенттер жүрегі лүпілдеп қорқып келеді. Әрине, өзіне сенімділері де бар. Ал мектеп мұғалімдері оларға демеуші, көмектесуші, жетекші, үйретуші болғанымен теориялық білімі жоқтар сабақ бере алмайды. Сыныптағы оқушыларды ұйымдастыра алмайды. Методисін де, өзін де, балаларды да қинайды. Предпрактикадан үштік деген баға алып кететіндерден оқыған балалардың тағыдыры не болады? Сапасыз мұғалімдердің саны осылайша көбейіп жатқан жоқ па?

Ендігі бір түйген ой - институттарда методикалық жұмыстың жолға қойылуы. Шындық жағдай методика жөнінен институттардан гөрі мектеп күшті.

Студент-практиканттарды бастап келетін методистердің ішінде мектепте бір күн де істемегендер бар. Мектеп қазанында қайнамағанның жақсы методист бола алатынына өз басым қатты күмәнданамын.

Студенттер сабағына талдау жасағанда айтар ойлары, ескертпелері тым тапшы. Басында "методиспін" деп келгенімен, бірте-бірте студенттердің алдында ұстаз ретінде аласара бастайды. Студенттер институтта оқығандары мен мектепте көргендерінің арасындағы алшақтықты байқаған соң, олардан қашқақтай береді. Оның пікірімен санасудан қалады.

Екінішіден, мектептерге практиканттармен бірге анда-санда болса да дәріс оқып жүрген оқытушылар неге келмейді? Сонда олардың оқып жүргенін өмірмен салыстыруға мүмкіндік болар еді ғой. Дәрісті біреу оқиды, емтиханды басқа біреу алады, педагогикалық практиканы да басқа біреу жүргізеді. Практиканы жүргізушінің дәрісті қалай оқығанынан, дәріс оқушының практиканың қалай өткенінен еш хабары болмайды. Келешекте өзара біртұтас осы процестерді түйістірудің жолдарын қарастырса қандай жақсы болар еді.

Тағы да бір пікір, болашақ ұстазға керегі - сөйлей білу, ойды анық жеткізу, оқушы алдында өзін ұстай алу. Айтып тұрғанын балалар тұрмақ, өзі де түсінбейтін ойы бұлдыр, қыстырма сөзсіз қадам баса алмайтын, сасқалақ, терлеп-тепшіп оқушылар алдында тіпті көз жасына ерік беретін студент-практиканттарды да кездестірдім. Кейбір практиканттар сабақ бергенде, дәптерге жазғанды оқиды. Өз ойын өз сөзімен айта алмаған ұстаз бола алмайды. "Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар" дейді емес пе?! Ұстаздарды даярлауды түбегейлі жақсарту үшін педагогикалық институттарға дарынды жастарды қабылдау керек. Институт төрт жылдың ішінде мейілінше мол білім беруге тиіс, ол үшін онда нағыз дарынды педагогтердің болғаны жөн. Әдіскер педагог мектепте сабақ жүргізіп тұрса тіптен жақсы. Қысқасы мектеппен институт тығыз байланыста болуы шарт. Студент соңғы курста бір айлық практикадан өтеді, бұл аздық етеді. Студент оқушылармен жұмыс істей білуі керек".

"Педагог мәртебесіне" лайық болуы үшін жас педагогтерге кеңесім:

Біріншіден, өз жүрісіңізді түзеңіз, киген киіміңіз жарасып тұрсын, шашыңыз жан-жаққа шашырап кетпесін. Мінез-құлқыңызды бақылаңыз. Сіздің бойыңыздағы жақсы қасиеттермен бірге, нашар қылықтарыңыз оқушыларға беріледі. Оқушыларды қас-қабағыңызбен, көз қарасыңызбен, қол қимылыңызбен басқарыңыз. Ашу шақырма, ашу, айқай әлсіздігіңізді білдіреді. Қатты күлмеңіз, ерсі сөз аузыңыздан шықпауы тиіс. Ақылгөй болмаңыз, оқушылармен сыпайы қарым-қатынас жасаңыз. Өтірік, ғайбат, екіжүзділіктен сақ болыңыз. Мақтан да педагогке жараспайды. Педагогикалық әдепті бойыңызға сіңірсеңіз кез келген ортада еркін жүресіз, педагогтің мәртебесін көтересіз.

Екіншіден, бойыңызға үнемі білім жинаңыз, оқығаныңызды тыңдаушыға жеткізу шеберлігін игеріңіз. Анық сөйлеңіз, тіліңіз күрмелмесін, қыстырма сөз қоспаңыз,дауыс ырғағына абай болыңыз. Сөз өнерін үйреніңіз, ол үшін өз пәніңізді жетік білумен қатар жан-жақты болыңыз, елімізде болып жатқан жаңалықты жеткізуші, оқушыны отансүйгіштікке тәрбиелейтін Сізсіз. Оқушыға патриот бол, тұлғаға лайық қасиеттер болсын деу үшін, сол қасиеттер сіздің бойыңызда болуы керек. Олай болмағанда, сөзіңізбен ісіңіздің алшақтығын байқаған оқушыларға беделіңіз болмайды.

Үшіншіден, оқушыларды сыйла, кешірімді бол, мейірім көрсететін жерде мейірімді бол! Талап қой, орындат, сырлас, ақылдас, ақылдасу - кішілік емес. Мінезін дұрыста, сөзін дұрыста, ынталандыр. Қабілетін таны, жанайын деп тұғандардың шамын жағыңыз. Сіздің нағыз қамқоршы екеніңізді білсе, Сіз құрметтісіз.

Төртіншіден, өзіңіз барша істе адал болыңыз. Оқушыңыз да, ата-ана да туған күніңізді білмесін. Сынып бөлмесін жөндеуден өткіземіз деп ақша жинамаңыз. Несін жасырамыз, мектеп оқушылардан жөндеу жұмыстары мен басқа да сылтаумен ақша жинайды, оны директор білмейтін болады дейді. Бірақ ол біледі, сондықтан ақша жинау педагогтің атына кір келтіреді. Содан аулақ болыңыз. Алик Шпекбаевтің ақпараты бойынша, жемқорлыққа белшесінен батқан бірінші орында білім, ғылым саласы тұр. 2019 жылы аталған сала бойынша 161 іс теркелді дейді.

Бесіншіден, оқушыңызды қорғаңыз, біреу жала жауып тұруы мүмкін. Кейде педагогтің өзінен де қысастық көреді. Сабағын өте жақсы беретін педагогтер ішінде тілін алмаған баланың соңынан қалмай жүретіндері бар. Әріптесім екен деп оның сөзін сөйлемеңіз. Кейде мектеп басшылығы тарапынан әділетсіздік көретіндер ұшырасады, бастық екен деп жасқанбаңыз, өзіңіз әрқашан әділ болсаңыз, сонда нағыз педагог боласыз. Осы кезге дейін педагогтер туралы көркем фильм жоқ. Әдеби шығармалардың кейіпкері де бола алмай тұр. Кешікпей, көркем фильм де, театрларда қойылымдар қойылып, педагогтер мәртебесі өз дәрежесінде болады деген сенім бар.

Орынша Қарабалина-Қазыбаева
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер ұстаз
"Егемен Қазақстан" газеті

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети