Статьи
Алматы - еліміздің оңтүстігіндегі жыл сайын құлпырып келе жатқан қалалардың бірі. Бүгінде қалада күн сайын зәулім мұнаралар мен үйлер салынып жатыр. Бірақ оның орнында орны толмас тарих жатыр: қаладағы бірнеше жыл бұрынғы тарихи үйлер сүрілген. Tengrinews.kz тілшілері "Алматы: дейін және кейін" форматында фоторепортаж дайындады. Бұл материалды жасауға 1956 жылдан бері Алматыны түсіріп келе жатқан фотограф Алим Хайдаров көмектесті.
Алим Хакимович жас кезінен Алматы көшелерін түсіруді ермек еткен. Өткен ғасырда фотограф қаланы көбіне "Зенит-В" фотоаппаратына түсірген. Бүгінде оның қоржынында мыңдаған сурет бар. Тіпті "Мұндай Алматы енді жоқ" ("Алма-Ата которой нет") атты жинағы бар да бар.
"Аққу" кафесі
Бұл 1960-1970 жылдары Алматыда танымал болған "Аққу" кафесі. Оны барлық алматылық жақсы көретін. Айналасында аққулар жүзіп жүретін. Бүгінде кафе жоқ, оның орнында фонтан мен кафе туралы ескерткіш - қос аққу ғана қалған.
Ұйғыр музыкалық комедия театры
Әйгілі ұйғыр театры күні бүгінге дейін бар. Бұл нысан КСРО кезінде Ішкі істер халық комиссариатының театры болған. Кейінірек орыс театры, сосын корей, енді ұйғыр театрына айналған.
"Бұл театрды сұмдық қылып жіберді. Себебі театр 1930-жылдардың сәулет ескерткіші болған. Оны елдегі танымал сәулетшілер салған. Қазір оны танымастай өзгертіп жіберген", - дейді Алим Хакимович.
Ұйғыр театры басқа ракурстан
Ботаника институты
Бұл Абай мен Қашығар көшелерінің қиылысында орналасқан Ботаника институты. Алим Хакимович бұл кезінде керемет екіқабатты нысан болғанын айтады. Біраз жыл бұрын бұл жерді сүріп тастаған. Артынша тек іргетасы қалған. Бүгінде бұл орынға төртқабатты тұрғын үй салынған.
Верный қаласының ең алғашқы моншасы
Алматы, кезіндегі Верный қаласының №1 моншасы кеңес одағы кезінде салынған. Бұл күндері монша сүріліп, орнына қаладағы танымал кешен салынған.
Қаныш Сəтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті
Бұл болашақ Сәтбаев көшесі. Бүгінгі Қаныш Сəтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің орны. Жанындағы Киров кірпіш зауытының ауылы. Шамамен 1956-1957 жылдар.
Сәтбаев көшесінің бойынан көрініс
"Қазақстан" кинотеатры
Мына балақайлардың артындағы адамдардың кезегін байқаған боларсыздар. Ол "Қазақстан" кинотеатрына кіруге кезекке тұрған адамдар. Ол заманда киноға кіру үшін ұзын-сонар кезекте тұру керек болатын.
Ал көліктің сол жағындағы үйде танымал жазушы Жұбан Молдағалиев тұрған екен.
Бұрынғы "Қазақстан" театрының орны
"Лауреатник" үйі
Бөгенбай батыр - Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан үйде соғыс жылдары танымал кинемотографистер, Сталин премиясының лауреаттары тұрған. Сондықтан бұл үйді "Лауреатник" деп атап кеткен екен. Бүгінде үй сол қалпы қалған, бірақ оның орнында бүгінде мейрамхана тұр.
Алматыдағы алғашқы мейрамханалардың бірі
Бұл - қаладағы ең алғашқы мейрамханалардың бірі. Ол жасыл желектің артында жасырынып тұрғандай. Жанында тұрғандары қоймасы. Бұл жерде тек мейрамхана емес, азық-түлік дүкені және кондитерлік дүкен де болған. Біз мейрамхана мекенжайы арқылы барған кезде оның орнын таппадық. Тек кейіннен салынған жаңа нысан тұр екен.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Бұл көне нысан қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің орны. XIX ғасырда салынған кірпіш үй. Бұл үй де кейіннен сүрілген.
Абылай хан - Қабанбай батыр көшелерінің қиылысы
Бүгінде ыңғайсыз жерасты жолдары жоқ. Бәріне тұрғындарға ыңғайлы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қаладағы танымал қонақүй
Бұл жер танымастай өзгеріп кеткен. Себебі бүгінде Сейфуллин даңғылындағы бұл үйдің орнында қаладағы танымал қонақүйлер желісі тұр. Үйдің өзі 1930-жылдары салынған.
Мәтін: Сымбат Сатыбалдина
Фото (дейін): Алим Хайдаров
Фото (кейін): Әлихан Сариев