Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
16 декабря 2018 13:20

"Өзіме тартқан далам бар". Тәуелсіздікті сүйіншілеген ақындар

ПОДЕЛИТЬСЯ

© massaget.kz © massaget.kz

Қазақтың бағзы заманнан арман еткені - Тәуелсіздік. Ұлт деңгейінде осы бір қуанышты жаңалықты сүйіншілеп халыққа жеткізу, сіңіру жолында қазақ ақындарының өз үлесі бары анық. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, "Ана тілі" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ ақындарының қай буыны Тәуелсіздікті лайықты деңгейде сүйіншілегені, Тәуелсіздік алған жылдардағы әдебиеттің жағдайы және қазіргі ақындар жайлы айтты. 


Қазақтың бағзы заманнан арман еткені - Тәуелсіздік. Ұлт деңгейінде осы бір қуанышты жаңалықты сүйіншілеп халыққа жеткізу, сіңіру жолында қазақ ақындарының өз үлесі бары анық. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, "Ана тілі" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ ақындарының қай буыны Тәуелсіздікті лайықты деңгейде сүйіншілегені, Тәуелсіздік алған жылдардағы әдебиеттің жағдайы және қазіргі ақындар жайлы айтты. 

Негізгі сүйінші сұраған - Ақсақал буын

Негізгі сүйінші сұраған ақсақалдар ғой. Айталық, 1960-1990 жылдар. 1960-жылдары әдебиетке келген ақсақал буыннан Тұманбай Молдағалиев, Шөмішбай Сариев, Қадыр Мырзаәлі, Сәкен Иманасовтардың дәуірі еді. Олар кешегі кеңестік кезеңде қорлықты да, барлықты да көрді, жетілді. Идеологиялық әдебиетке жұмыс істеп, сол идеологияның қазанында жүріп, кей идеяларын толық жеткізе алмай емеурінмен, әр түрлі жағдайда жазып жүрді. Тәуелсіздіктің таңы атқан кезде менің әлі есімде Молдағалиевтің сүйіншілеген өлеңі шықты. Әрине, тек ол кісі ғана емес, ақынның замандастары Тәуелсіздікті сезіндіріп жарыса жырлады. Бұл кісілердің кеңестік дәуірде әлеуметтік беделі болған, қаламақы жағынан толық қамтамасыз етілген, бір кітабы үшін үлкен қаламақы алған,

Тәуелсіздікті асыра жырлаған - сол буын. Ақсақал буын - кешегі кеңестік кезеңде қазақ әдебиетінің алтын дәуірін жасаған классиктер санатынан прозаиктер болсын Ақселеу Сейдімбек, Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақов, ал ақындардан Тұмағаң, Қадекең бастаған буын осылар анық сезініп, өзінен кейінгі толқынға Тәуелсіздіктің табын сезіндіріп, жырын сездіріп, соның жауапкершілігін сезіндірген әдебиеттегі көшбастаған ақсақаладар. Бергісі Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ермандар. 

Тәуелсіздік пен таршылық - орта буын

Тәуелсіздіктің онжылдығында (1991-2001) танымал болған ақын-жазушылар: Светқали Нұржанов, Жанат Әскербекқызы, Маралтай Райымбекұлы, Дидар Амантай, Жанарбек Әшімжан, Әлібек Шегебай, Бақытжан Алдияр, Бақыт Беделхан, Есей Жеңісұлы, Бекжан Әшірбаев, тағы да басқалар.

Тәуелсіздік алған жылы қазіргі аты аталып жүрген Қасымхан Бекманов, Ғалым Жайлыбай, Әубәкір Қайранов, Қайран Әуелов, қазір енді аға буын болып қалды, бірақ сол кездері нағыз жас буын болған. Тоқсаныншы жылдардың басында әлеуметтік жағдайына байланысты, қоғамда таршылықтар болып, нан тауып жеудің өзі үлкен мәселеге айналды. Қаншама жазушыларымыз бен ғалымдарымыз "творчестволық кухнясын" тастап базар жағалап кеткен кездер болды. Мысалы, атын айтпай-ақ қояйын, қазақтың үлкен бір ақыны сол жылдары барлығын тастап, базарға шықты. 10 шақты жыл сол базардан жағдайын жасап, үй жайын реттеп, көлік мініп, заман реттелгенде ол да әдебиетке келді. Қазір өнімді жазып жатқан көзі тірі ағамыз.

Бұл бір ғана мысал, сол сияқты Тәуелсіздікті сезіне алмағандар бар. Бірақ енді көре келе Тәуелсіздікті "Ура" деп жырлаған жоқ, осы "Тәуелсіздік бізге бақ болып қалар ма екен", "Арман", деген сияқты өз формасында жазды. Өйткені орта буын елең-алаң жағдайда қалып қойып, ойда қырда болды.

Сол егемендік алған жылдары нағыз көшеде қалған әдебиет деп айтуға болады. Бұл Тәуелсіздіктің қуанышы мен таңын сезініп үлгермеген буын. Одан кейінгі буын біздің алдымыздағы Жарас Сәрсек, Маралтай Райымбекұлылар да сол қос қоғаматы ауысып жатқан өткелге түсіп қалды. Тәуелсіздікті толықтай сезіне алмаған буын деуге болады. Өйткені Темірхан Медетбек ағамыздың Алтын көпірліктер деп баға берген ортаңғы буын сол Тәуелсіздік кезінде не арғы қоғамнан толық әдеби бағасын ала алмай, не бергі қоғамда толық әдеби кеңістікке ене алмай сондай бір көшеде жүрген кезеңдер болды.

Олар да ес жиды, етек жинады. Бұлардың толық ес жиған кезі 1991-2000 жылдары аралығында Тәуелсіздіктің жауапкершілігі деп, орнығуы, барлық жақтан саяси, әлеуметтік, рухани мәдени жағынан да реформалар жүргізіліп жатқан кездер ғой. 1980 жылдары әдебиетке келген, 90-шы жылдары жаңағыдай жағдайларды бастан өткерген Ғалым Жайлыбайлардың буыны 2000 жылдары толық қалыптасып, елдің аузына ілігіп, кітаптары да мемлекеттік тапсырыспен шығып, ептеп қаламақы алып, мемлекеттік марапаттарға ие болып, атақтары шығып, Тәуелсіздікті сезіне бастады.

Баспанасыз ақындар көп еді...

Одан кейін кішкене күңгей кезең Жарас Сәрсек, марқұм Әмірхан Балқыбек, Маралтайлар буыны сәулелі кезді бастан өткерді. Өйткені алғашқы кітаптары мемлекеттік тапсырыспен шықты. Сол кезде Иманғали Тасмағамбетов идеология жөніндегі вице-премьер болатын. Өзі Жазушылар одағына арнайы келіп, жиын жасап, сол алғашқы "Отырар кітапханасы" деген сериямен 100 ақынның кітабын шығарып берді. Астанада осы кітаптардың үлкен, жақсы тұсаукесері жасалды. Сол кезде керемет бір сәттер сезілді. Аға буын маңдайынан сипап, қоғамның маңдайынан сипап, билік тарапынан да лайықты бағаланып жатты.

Сол кезде осы жастардың әлеуметтік мәселесі туралы Жазушылар одағының басшылығы тарапынан Елбасыға ашық хат жолданды. Үй-жайы жоқ, бала-шағасымен пәтер жалдап жүрген жас ақындар көп болды. Ол хатты жазған әңгіменің ашығы Нұрлан Оразалин болатын. Сол хат Мемлекет басшысының қолына жетті. Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып келген уақытта Елбасының пәрменімен әдебиеттегі жазушылар мен ақындардың орта буыны мен жас буындары үй ала бастады. Басы сол Жарастардан басталып, сәулесі бізге де түсті. 

Орта буынның Тәуелсіздікті сезінуі

Шынын айту керек, менің замандастарым Тәуелсіздікті өте бір жоғарғы деңгейде жырлады деп айтпаймын. Тәуелсіздікті ақын жазушылар науқаншылдыққа қарай ұластырып кетіп жатыр. Шынайы поэзиялық, прозалық тұрғыда сол менің қатарластарым мен алдындағы буын ағалар жауапкершілікті сезініп, шынайы формасында құрастырып, идеялық қоғамға сіңуі жағын да терең ойланып барып, жазды. Тәуелсіздіктің жауапкершілігін сезініп жазған буын деп айтуға болады. Қазір енді Тәуелсіздіктің әр түрлі формада сыни жақтан да, басқа жақтан да жазылып жатыр. Менің ойымша, ақсақалдар салып кеткен ізбен сол ақындар шамасы келгенше керемет жырлады. Ресми жақтан, науқаншылдықпен болсын әйтеуір прозаға қарағанда көбіне өлеңмен жырлады. Өлең түрінде Тәуелсіздікке лайықты баға берілді.

Тәуелсіздіктің, бес, он, он бес, жиырма, жиырма бес жылдығында да ақындар шама шарқы келгенше жырлап келе жатыр. Орта буыннан Жарас Сәрсектің Махамбеттің рухымен жазылған "Көзсүзген" деген өлеңін осы Тәуелсіздік туралы шыққан өлеңдер арасында ерекше атап өтер едім. Маралтайдың, Әмірхан Балқыбек, Бауыржан Бабажанұлының өлеңдерінде өзіндік бір формадағы жыр дастандары бар. Тәуелсіздікті керемет, өте жоғарғы деңгейде жырлаған ақындардың бірі - Ғалым Жайлыбай. Поэма тілімен де, дастан, өлең тілімен де кешегі Несіпбек Айтұлынан артық жырламаса кем жырлаған жоқ. 


Несіпбек Айтұлы. © elorda.info

Көзсүзген

Жатып қалған тайлағы,
Жардай атан болған жер.
Жабағылы тоқтысы,
Қой болып, қора толған жер.
Махамбет.

Менің туған жерімде төбе-дөңдер көп еді,
Қияғы қылыш секілді,
Құрағы ырыс секілді.
Бетегесі жусандай, орасан ол да шөп еді.
Үйеңкі,
Терек-ағашы өскенде өзін тараған,
Тіреуі сынды аспанның иілмей төмен қараған.
Жебесі қолдан түскен соң жау жылап кеткен жер еді,
Содан соң бейбіт өмірге маужырап кеткен жер еді.
Есігін түнде ілмеген еркіндеу жатқан ел бар
Өзеуреп келген есерге бейіттер жатқан белі бар.
Басыңа жүрсе бақ қонбай,
Жақындай келгін жат болмай,
Дана қарттарым бар әлі-дала жайындай сені ұғар.
Қырмызы тектес қыздарын көрінгенге үзіп бермеген.
Қандасым дейтін қалқаға жанарын сүзіп көрмеген.
Осындай жерде тұрам мен,
Осындай елде тұрам мен,
Кесілген бастың зары бар,
Көзінде кек бар сөнбеген.
Жау іздеп келсең - тозақпын,
Жайыңмен келсең - жұмақпын,
Суыңа ғана жуынғам мөп-мөлдір, таза бұлақтың.
Түнде жортсам, ай-қылыш,
Жұлдыздар жұбым боп келген,
Күндіз жортсам, күн-қылыш,
Көзіме салып шоқ берген.
Көңілін берген адамға көктемгі қар боп ерігем,
Көңілім қалған адамға қара тас боп көрінем.
Шіренгенімді көрсең сен-үзеңгі бауым үзілген,
Қуанғанымды көрсең сен-қоралы қойым кеміген.
Өзіме тартқан далам бар,
Төбе-дөңдері молынан,
Қияғы қылыш секілді қырқаның түспес жонынан.
Тұяғы жұмсақ малым бар-аялап көкке жайылған,
Шығарда шықпас жаным бар осының бәрін қорыған.
Көңілшектігім қартайған,
Жасарып қазір келемін,
Құдайсынбаған, көзсүзген, бола да қоймас дегенің.

Жас ақындар Тәуелсіздікке нәр берді 

Бізден кейінгі буын жайлы айтар болсам, қазіргі поэзия өте қарқынды түрде дамыды. Тәуелсіздік буынын қатырған дейтін топқа сол Жарастар мен марқұм Әмірхандардың сол әдеби ортаның қызығы да, шыжығы да болды. Сол эстафетаны бір-біріне жақсы бере білді. Алмат Исәділ, Дәурен Берікқажы, Танакөз Толқынқызы, Әлібек Шегебай сынды жас буынды бір күнде Жазушылар одағына мүшелікке алған болатын. Сол кезде Нұрлан Оразалин былай деп айтқан еді: "Біз жаңа буын, жас ақындар мектебін қалыптастыруымыз керек". Сол кезде бұл идеяға қарсы шығып, біреуінің кітабы шыққан, біреуінікі шықпаған деп сынағандар болды. Кейін бірақ сол жас буын үкілеген үмітті ақтап, биікке ұмтылды.

Президент әкімшілігінде істейтіндері бар, Бауыржан Бабажанұлылар және біз де бармыз. 7-8 жыл өткенде сол 35 адамның барлығы әдебиетте кадр болып қалды. Содан Жазушылар одағындағы бір ақсақал кісі "Баяғыда жастарды сынға алып едік, бірақ уақыт өте келгенде сол сынымыз әділетсіздеу болғанын мойындауымыз керек" дегендей айтты. Сол буын поэзияны да жақсы қалыптастырды. Ерлан Жүністердің қатары поэзияның эстафетасын бір буыннан бір буынға жақсы табыстай білді. Прозада да, поэзияда да  Бейбіт Сарыбай, Дархан Бейсенбекұлы сынды бізден кейінгі жігіттер де лайықты деңгейде жалғастыра білді. Тәуелсіздік алғаннан кейін елге келген оралман ақын жігіттер де тың идеяларды алып келді. Олар Тәуелсіздікке нәр берді деуге болады. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.77   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети