Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
18 марта 2021 17:15

Бақтияр Артаевтан жеңілген. Головкиннің жаңа қарсыласы кім?

ПОДЕЛИТЬСЯ

IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды. GGG бұған дейін мексикалық Хайме Мунгия мен жапониялық Риота Мурата екеуінің бірімен жұдырықтасады деп хабарланған. Головкиннің таңдауы жапон боксшысына түсті. Tengrinews.kz тілшісі Риота Мурата кім екенін, оның GGG үшін қаншалықты қауіпті екенін баяндайды.


IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің келесі қарсыласы белгілі болды. GGG бұған дейін мексикалық Хайме Мунгия мен жапониялық Риота Мурата екеуінің бірімен жұдырықтасады деп хабарланған. Головкиннің таңдауы жапон боксшысына түсті. Tengrinews.kz тілшісі Риота Мурата кім екенін, оның GGG үшін қаншалықты қауіпті екенін баяндайды.

Риота Мурата деген кім?

Алдымен Риота Мурата кім екеніне тоқталайық. Мурата Токиодағы шағын Нара қаласында туған. Бірінші сыныпта бокспен айналыса бастапты. Мектепте жүргенде ұлттық жарыстарға қатысып, бес титул иеленген.

2005 жылы 19 жастағы Риота Азия чемпионы атанды. Содан кейін бірнеше жыл бойы өз елінде қарсылас шақ келтірмейді, қарсыласының бәрін жеңген. Бірақ халықаралық жарысқа келгенде жеңіліп қала береді. Қандай үлкен жарысқа барса да, елге медальсіз оралатын. Оның ішінде қазақ боксшыларынан да "таяқ жегені" бар. 2006 жылы Азия ойындарында Бақтияр Артаевтан жеңіліп қалған.


Фото: forbes.com

Осы жағдайлар өзіне деген сенімін кетірді ме, Риота бокстан ерте кетіп қалған. Бірақ 1,5 жылдан соң оралып, 2011 жылы әлем чемпионатында күміс медаль иеленді.

Ал 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алды. Ол кезде Олимпиадада бокстан Жапония қоржынына алтын медаль жарты ғасыр бойы түспей келген еді.

АҚШ-та үш рет қана жұдырықтасқан

2013 жылы Риота кәсіпқой боксқа ауысты. Алғашқы екі жылда көбіне Токиода ғана жұдырықтасты, тек бір рет Макаоға барып қайтқан.

2015 жылы АҚШ-та дебютін өткізіп, жеңіс сериясын жалғастырды. Бүгінге дейін 18 жекпе-жек өткізіп, оның 16-сын жеңіспен аяқтаған, 13 қарсыласын нокаутқа түсірген. Ал екі мәрте жеңіліп қалған. Қазіргі уақытта орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы бар.


Фото: Top Rank

Риота Муратаның бокстағы шаруасымен танымал Top Rank промоутері айналысады. Бірақ жапон боксшысы әлі күнге дейін өз елінде жұдырықтасады, АҚШ нарығында танымал деуге келмейді. 18 кездесуінің үшеуін ғана АҚШ-та өткізген, 12 рет Жапонияда жұдырықтасыпты.

Мурата неге танымал?

Жапонияда жиі жекпе-жек өткізуінің де өз себебі бар. Онда Муратаның фан-базасы үлкен. Бұл ел өз боксшысын тым қатты бағалайды. Мұны сонда барған боксшылар да айтып жүр. Мысалы, 2019 жылы Мурата Жапонияда америкалық Боб Брантпен жұдырықтасқан. Сол кезде америкалық боксшы Муратаның жанкүйерлерін көріп, оны "жапониялық Леброн Джеймс" деп атапты.

"Оның баспасөз мәслихатына келген адамдар саны мен менің жекпе-жегіме келетіндер саны бірдей", - деген еді сол кезде Брант.


Фото: instagram.com/ryota_murata_official

Мурата Жапонияда неге танымал? Бұған бірнеше себеп бар. Жоғарыда айтқанымыздай, ол өз еліне жарты ғасырда алғаш рет бокстан Олимпиада алтын медалін алып келді. Сол кезде-ақ халық сүйіктісіне айналған.

Мұнда Риотаның спорттағы жетістіктері ғана емес, медиа-тұлғаға айналғаны да маңызды. Оның бет-әлпетін көргендер модель деп ойлап қалуы да мүмкін. Бүгінде боксшы сәт сайын түрлі шоуға қатысады, түрлі компания жарнамалық келісімшарт ұсынады. Оның ішінде Nike секілді брендтер де бар.


Фото: nike.com

Муратаның Головкинге әлі келе ме?

Муратаның Головкинге тіс қайрап жүргеніне біраз болды. 2017 жылы ол орта салмақта WBA титулын иеленгенде GGG-ді жекпе-жекке шақырған. Ол кезде Головкин де қарсылас шақ келтірмей жүрген кезі.

"Бокс жанкүйерлері орта салмақта менен де мықты чемпион бар екенін біледі. Мен оны да жеңуге тырысамын", - деген еді сол кезде.

Содан бері сәт сайын екі боксшының жекпе-жегі туралы түрлі сыбыс тарап келеді, бірақ ресми ештеңе хабарланбады. Сол төрт жылда екі боксшы да қартайды - Головкин 38-де, Мурата 35-те.

Ал қазір Муратаның Головкинге әлі келе ме? Жапон боксшысы өзінің осал тұсын біледі.

"Аяқпен жылдам жұмыс істейтін боксшыларға қарсы өте нашармын. Көп соққы алдым. Алғаш рет оңбай таяқ жедім". Мурата Боб Брантқа қарсы алғашқы кездесуден кейін осылай айтқан. Расымен де, сол кезде Муратаға көп соққы тиді, 12 раунд бойы "таяқ жеген" еді. Бірақ нокаутқа түспеді.


Мурата Бранттан жеңілген жекпе-жегі

Головкин де аяқпен дұрыс жұмыс істей боксшы. Бокс тілімен айтқанда, "рингті қиып", қарсыласын бұрышқа тығып тастағанды жақсы көреді. Кейін қатарынан бірнеше соққы жасайды. Бірақ GGG Брант емес, сәті келгенде нокаутқа түсіре салады. Оның үстіне, жапон боксшысы ашық айқасты жақсы көреді, ал Головкин ондайды кешірмейтінін білеміз.

Муратаның қай тұсы мықты? Соққысы. 16 жеңісінің 13-ін нокаутпен аяқтаған. Күш-қуаты мығым, мүмкіндік берсең, жанын салып ұрады. Бұған әуесқой бокстағы статистикасы да дәлел. Боксшының әуесқойда 119 жеңісі бар, оның 89-ын мерзімінен бұрын аяқтаған. Әуесқой бокста бұл өте жақсы көрсеткіш.

Бірақ Головкинмен жұдырықтасқандар оның темірдей екенін айтып жатады. Сондықтан GGG қартайса да, Муратаның соққысынан нокаутқа түседі дегенге сенім аз. Нокаут тек Головкиннің еншісіне жазылуы қажет.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети