Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
22 октября 2021 19:01

Бокстан әлем чемпионаты: жаңа құрамада кімдерден жүлде күтеміз?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алдағы жексенбіде сербиялық Белградта бокстан әлем чемпионаты басталады. Бұл - Қазақстан боксшыларының Токио Олимпиадасынан кейінгі алғашқы үлкен жарысы. Боксшылар алдында Токиодағы сәтсіздікті жуып-шаю міндеті тұр. Құраманың бас бапкері де, құрамның өзі де өзгерген. Tengrinews.kz тілшісі құрамадағы боксшылардың мүмкіндігін сараптап көрді. 


Алдағы жексенбіде сербиялық Белградта бокстан әлем чемпионаты басталады. Бұл - Қазақстан боксшыларының Токио Олимпиадасынан кейінгі алғашқы үлкен жарысы. Боксшылар алдында Токиодағы сәтсіздікті жуып-шаю міндеті тұр. Құраманың бас бапкері де, құрамның өзі де өзгерген. Tengrinews.kz тілшісі құрамадағы боксшылардың мүмкіндігін сараптап көрді. 

Токио Олимпиадасында кеткен есені қайтармақ

Әлем чемпионаты 13 салмақ дәрежесінде өтеді. Қазақстан толық құраммен аттанды. Оның ішінде биыл Токиоға барғандар да бар. Дәлірек айтқанда, Олимпиаданың 1/8 финалында жеңілген Серік Теміржанов (57 келі) пен Абылайхан Жүсіпов (67 келі), сонымен қатар, Токиодан "қоламен" оралған Сәкен Бибосынов (51 келі). 

23 жастағы Теміржанов үшін 2021 жыл сәтсіз өтіп жатыр. Олимпиададағы жеңілісінен бөлек, мамырда Азия чемпионатында алғашқы қарсыласына жол берген. Биыл Белградта өткен халықаралық жарысты да алғашқы жекпе-жектен аяқтаған. Сондықтан, Теміржанов үшін бұл биылғы үлкен жарыстан орын алатын соңғы мүмкіндік болып отыр. 

Серік Теміржанов. Фото: olympic.kz 

Әлемдік додада команда капитаны 24 жастағы Абылайхан Жүсіпов болады. Олимпиадада ел күткен үмітті ақтай алмады, Азия чемпионатының финалында жеңіліп қалды. Дегенмен әлемнің екі дүркін қола жүлдегерінен жанкүйерлер тағы да медаль күтері анық. 

Абылайхан Жүсіпов. Фото: olympic.kz

Ал бұл әлем чемпионатында ел назары Сәкен Бибосыновқа түседі. Олимпиада "қоласын" алғаннан кейін бұл боксшының есімі дүркіреп тұр. Екі жыл бұрын Сәкен әлем чемпионатында қола медаль иеленген. Ал биыл сол жүлдені жақсартуға тырысады. 

Сәкен Бибосынов. Фото: olympic.kz

Тәжірибелі боксшылар да шақырту алды

Құрамада биыл тәжірибелі боксшылар да бар. Оның ішінде ең тәжірибелісі - Теміртас Жүсіпов (48 келі). Жасы - 33-те. Қазақстанның бес дүркін чемпионы, былтыр ел біріншілігінде күміс медаль алған.

Халықаралық жарыстардан 2013 жылғы Азия чемпионатындағы алтын медалін атап өтуге болады, ал 2019 жылы Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанған. "Astana Arlans" сапында WBS чемпионы болған. Ал өткен айда әскери қызметшілер арасында әлем чемпионы атанған еді. 

Теміртас Жүсіпов. Фото: ҚБФ 

28 жастағы Асланбек Шымбергенов те (71 келі) - құрамадағы тәжірибелі боксшылардың бірі. Екі дүркін Қазақстан чемпионы, екі дүркін WSB чемпионы. 2018 жылғы Азия ойындарында күміс медаль алған. 

Кейінгі жылдары Шымбергенов жиі жарақаттанып, үлкен жарыстарға қатыспай жүрген. Тек биыл сәуірде Сан-Петербордағы додаға барып, алтын медаль иеленген болатын. 

Асланбек Шымбергенов. Фото: olympic.kz

Құрамаға жас боксшылар қосылды

Токиодағы сәтсіздіктен кейін жанкүйердің бәрі құрамаға жаңа боксшылар керек деген. Сондықтан құрама бас бапкері Қайрат Сәтжанов әлем чемпионатына жас сегіз боксшыны алып кетті. Сәтжанов кейінгі он жылында жасөспірімдер мен жастар құрамаларын жаттықтырған, сондықтан жас талантты біледі деп сенеміз. 

Құрамаға қосылған жас боксшыларымыз: 

  • Махмуд Сабырхан (54 келі), 20 жаста
  • Саматәлі Төлтаев (60 келі), 21 жаста
  • Санатәлі Төлтаев (63,5 келі), 21 жаста
  • Нұрқанат Райыс (75 келі), 21 жаста
  • Нұрбек Оралбай (80 келі), 21 жаста
  • Айбек Оралбай (92 келі), 21 жаста 
  • Нұрлан Сапарбай (+92 келі), 24 жаста.

Ақтаулық егіз боксшылар Саматәлі мен Санатәлі Төлтаевтар, ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар бұрын жастар құрамасының көшбасшысы болған. Сондықтан бұл боксшылардың бірінен жүлде күтуге болады. 

Санатәлі Төлтаев. Фото: lada.kz 

Оның үстіне Санатәлі Төлтаевтың тәжірибесі бар, екі жыл бұрын Азия чемпионатында қола медаль алған. Махмуд Сабырхан жастар арасында үш дүркін Азия чемпионы атанған. 

2018 жылы жастар арасында әлем чемпионы болған Нұрбек Оралбай да қарсыласқа азуын батыра алады. 

Қалған боксшылардың жастар арасындағы Азия чемпионатында жүлдесі бар, көбі ересектер арасына енді қосылып жатыр. Сондықтан, қай боксшы қандай нәтиже көрсететінін дәл айту қиын.  

Құрамада кәсіпқой боксшы да бар

Олимпиададан кейін Бақтияр Артаев әлем чемпионатына кәсіпқой боксшылар да шақырылатынын айтқан. Кәсіпқойдан бір ғана боксшы келді - Бек Нұрмағамбет (86 келі). Ол кәсіпқой рингте бес жекпе-жек өткізіп, бесеуін де жеңген. Үш қарсыласын нокаутқа түсірген. Биыл қыркүйекте екінші орта салмақта WBA International титулын иеленген болатын. 

Бек Нұрмағамбет. ©instagram.com/suleimen_promotions_official

23 жастағы Бек Нұрмағамбеттің өзі бұған дейін әуесқой бокста бітпеген шаруасы қалғанын айтқан еді. Әлем чемпионы атануды мақсат етіп отыр. Бірақ әуесқой деңгейде жетістігі көп емес: 2018 жылы жастар арасында әлем чемпионы болған, сол жылы Азия чемпионатында "күміс" алған.

Белградтағы әлемдік дода Бектің карьерасын айқындап беретін шығар. Әлем чемпионы атанса, кейін Олимпиадаға баруды мақсат қылады. Ал жүлдеге іліге алмаса, кәсіпқой боксқа ден қояды. 

Кімнен жүлде күтеміз?

Құрамамызға жүлде салуға басты үміткерлер - Сәкен Бибосынов пен Абылайхан Жүсіпов. Бек Нұрмағанбет пен Теміртас Жүсіпов те жартылай финалға жетуге қауқарлы. 

Жастар арасында Санатәлі Төлтаевқа сенім артуға болады. Махмуд Сабырхан да құрамадағы дебютін сәтті өткізіп, ел қоржынына медаль салуы мүмкін. Нұрбек Оралбай жастар арасында әлем чемпионы болған, бұл жетістігін ересектер арасында да қайталай алады. 

Еске салайық, Белградтағы әлем чемпионаты 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді. 

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети