Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
24 декабря 2020 17:28

GGG де, "Канело" да қарсы емес. Трилогия қашан өтуі мүмкін?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандық Геннадий Головкин бітіспес қарсыласына айналған мексикалық Сауль Альвареспен үшінші рет жұдырықтаса ма? Трилогия төңірегінде қандай әңгіме айтылып жатыр? Боксшылар мен промоутерлер, сарапшылар бұл кездесуге қатысты түрлі пікір айтқан. Tengrinews.kz тілшісі GGG - "Канело" трилогиясына қатысты ақпараттарды сараптады.


Қазақстандық Геннадий Головкин бітіспес қарсыласына айналған мексикалық Сауль Альвареспен үшінші рет жұдырықтаса ма? Трилогия төңірегінде қандай әңгіме айтылып жатыр? Боксшылар мен промоутерлер, сарапшылар бұл кездесуге қатысты түрлі пікір айтқан. Tengrinews.kz тілшісі GGG - "Канело" трилогиясына қатысты ақпараттарды сараптады.

Боксшылар трилогияға дайын

Головкин де, "Канело" да үшінші жекпе-жек өткізуге кетәрі емес. GGG кейінгі жекпе-жегінен кейін мексикалықпен кездесуге дайын екенін айтты.

"Келесі қарсыласым ба? Мен бәріне, үздіктер мен чемпиондарға дайынмын. Соның ішінде "Канело" - Смит жекпе-жегінің жеңімпазына. Келесі жолы ең жақсы жекпе-жек өткіземіз деп уәде беремін", - деді Головкин.

Тура айтпаса да, қазақстандық боксшы "Канелоны" меңзегені анық. Артынша мексикалық та көп күттірмеді. Головкинмен трилогия туралы сұраққа "жекпе-жекті өткізуге мүмкіндік туса, оны қабылдаймын" деп жауап берген.


© Reuters

Трилогия қос боксшы үшін де қаржылық тұрғыда өте табысты. Мысалы, Головкин Альвареске қарсы екі кездесуде кем дегенде 30 миллион доллардан алған. Бұл міндетті сыйақыдан бөлек, ақылы трансляция мен билет сатылымының пайыздары.

Егер боксшылар үшінші рет жұдырықтасса, кем дегенде осынша сыйақы алары анық. Енді тек өзара келісу қажет.

"Альварес дүние жүзіне біздің үшінші жекпе-жегіміз туралы ойын ашық айтты. Жақсырақ ұсыныс күттім деп, турасын ашық айтты. Оны көбірек толғандыратын мәселе осы. Сондықтан оған, жалпы екеумізге де тұщымды ұсыныс жасалса, үшінші жекпе-жек өтуі мүмкін. Ал егер екі тараптың біреуі ұсынысқа риза болмаса, бұл басқа әңгіме. Уақыт өтті, жағдай өзгерді - қазір жағдай өзге, қарым-қатынас та басқа", - деп келтірді Головкиннің сөзін The Athletic.

DAZN не шешеді? 

Анығын ашып алдық. Екі боксшы жақсы ұсыныс болса, рингте үшінші рет кездесуге дайын. Ал DAZN стриминг сервисі не шешеді?

Негізі сервистің қазіргі басты мақсаты - осы GGG - "Канело" трилогиясын ұйымдастыру. Сол үшін екі боксшымен де келісімшартқа отырған. Алғашқы екі кездесу HBO телеарнасында көрсетілген еді. Бүгінде бокс нарығынан кеткен бұл телеарна Головкин мен Альварестің қаншалықты табыс әкелетінін көрсетіп берген.


Фото: HBO Boxing

Екі кездесуде де билет сатылымынан түскен пайда 20 миллион доллардан асқан. Бұл жекпе-жекті аренадан көргендер. Ал HBO-дан көру үшін ақылы трансляцияны сатып алғандар қаншама? Бір миллионнан аса адам трансляция сатып алған. Осылардың арқасында екі кездесуден де түскен пайда 100 миллион долларға жақындаған.

Сондықтан DAZN мұндай мүмкіндікті жібере қоймас. Оның үстіне таяуда стриминг сервис Twitter желісіндегі парақшасында Альварестің ықтимал қарсыластарын атаған. Олардың ішінде ерекше болып Головкин бейнеленген.

Осының бәрін қорытсақ, бұл боксшыларға да, DAZN-ға да табысты келісіп болмақ. Мұндай пікірді бокс сарапшылары да айтып отыр.

"Трилогияның соңы - бұл дивизионда ең қатты күтілетін оқиға. Объектив түрде айтсақ, DAZN-ның GGG мен "Канелоның" үшінші жекпе-жегінен басқа маңызды оқиғасы жоқ. Бәрі соған келеді. Бұл боксшыларға, стриминг сервис пен промоутерлерге тиімді. Бұл үлкен интрига. Головкин - әлі күнге дейін машина", - деді таяуда TALKsport порталының редакторы Майкл Бенсон.

Боксшылар келіссе, жекпе-жек қашан өтеді?

Сарапшы біткеннің бәрі Головкин - Альварес кездесуі өтеді, ол тек уақыт еншісінде деп отыр. Ал енді сол уақытқа тоқталайық. Боксшылар мен DAZN өзара келісті делік, жекпе-жек қашан өтуі мүмкін?

Екі түрлі дата бар - 2021 жылдың мамыры немесе қыркүйегі. Соңғы уақытта шыққан ақпараттарға сүйенсек, 2021 жылдың көктемінде екі боксшы бір-бір қарсыласты жеңіп, кейін күзде кездесуі мүмкін.


© Reuters

Альварес екінші орта салмақтағы белбеулерді біріктіргісі келеді, сол үшін көктемде WBO чемпионы Билли Джо Сондерспен не IBF титулының иегері Калеб Плантпен жұдырықтасуы мүмкін.

Тағы бір нұсқа бойынша 2021 жылдың басында Альварес WBC титулына міндетті үміткер түркиялық Авни Йылдырыммен жекпе-жек өткізуді қалап отыр екен.


Фото: DAZN

Ал Головкиннің келесі қарсыласы ретінде "Канело" емес, тағы бір мексикалық Хайме Мунгия аталып жүр. The Athletic мәліметінше, бұл жекпе-жек 2021 жылы көктемде өтуі ықтимал.

Осы ақпараттарға сенсек, Головкин мен "Канело" келесі жылы әдеттегідей күзде, Мексика ұлттық мерекесі кезінде жұдырықтасуы мүмкін. Трилогияны 2021 жылдан кешіктірмей өткізу керек дейді сарапшылар.

"DAZN Головкинді "Канеломен" кездестіру үшін бар күшін салып жатыр, бірақ мені қазір бұл қызықтырмайды. Өкінішке қарай, ақша менің қалауымнан басым болуы мүмкін. Бірақ егер бұл жекпе-жек болса, онда 2021 жылы өткізу керек, әйтпесе бұл тақырып Кроуфорд-Спенс жекпе-жегі сияқты жалықтырып жібереді", - дейді танымал The Ring бас редакторы Даг Фишер.

Фишердің айтпағы, темірді қызған кезде соғу керек. Дәл қазір трилогия көп жанкүйерді қызықтырып отыр. Екі боксшы да дайын. Сондықтан, бұл жекпе-жекті келесі жылы қыркүйекте өткізу ең дұрыс шешім болуы мүмкін.

"Есені қайтару керек". Головкин үшінші жекпе-жекте "Канелоны" жеңе ала ма?

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети