Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 октября 2019 14:14

Головкин - Деревянченко. Бокс әлемінде жекпе-жекке қандай болжамдар айтылып жатыр?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Осы жексенбіде Геннадий Головкин кезекті жекпе-жегін өткізеді. GGG-дің бұл жолғы қарсыласы - украиналық Сергей Деревянченко. Кездесу күні жақындаған сайын бокс әлемінде жекпе-жекке қатысты болжамдар көбейіп жатыр. Тengrinews.kz тілшісі Головкин - Деревянченко жекпе-жегіне жасалған болжамдарға шолу жасады.


Осы жексенбіде Геннадий Головкин кезекті жекпе-жегін өткізеді. GGG-дің бұл жолғы қарсыласы - украиналық Сергей Деревянченко. Кездесу күні жақындаған сайын бокс әлемінде жекпе-жекке қатысты болжамдар көбейіп жатыр. Тengrinews.kz тілшісі Головкин - Деревянченко жекпе-жегіне жасалған болжамдарға шолу жасады.

"Сергейдің мүмкіндігі бар"

Деревянченконың отандасы, жартылай ауыр салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы Александр Гвоздик Сергейдің мүмкіндігі жоғары деп санайды.

"Шынымды айтсам, маған бұл жекпе-жек қызық. Себебі мамандар Сергейге аса сенбесе де, оның мүмкіндігі жоғары деп санаймын. Сергейді бұрыннан білемін, әуесқойлар құрамасынан бері. Ол шабуылдағыш жігіттерге күш көрсете алады деп ойлаймын. Ол бойшаң емес, бірақ қолдары ұзын, оған қарсы келгендермен жақсы жұмыс істей алады.

Ал Головкин - бұл Головкин, бұл құбыжық. Бірақ онымен кездесуде Сергейдің мүмкіндігі өте жоғары деп ойлаймын. Сергей ондай боксшылармен жұмыс істей алады", - деді Гвоздик VideoBoxing YouTube-арнасына берген сұхбатында.


© DAZN

"Жетінші раундтан кейін Генаға қиын болады"

2004 жылғы Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев екі боксшының да жақсы тұстарын айтты.

"Бұл жанкүйерлер көргісі келетін кездесулердің бірі. Бұл жекпе-жектің өтетініне қуаныштымын. Екі чемпион, екі мықты спортшы - әдемі бокс көрсетеді деп үміттенемін.

Головкин мен Деревянченко - соққы жасағыш боксшылар. Сергей өте шыдамды: ол мінезінің арқасында раундтан раундқа күшейіп, қарсыласын "сындырады". Гена өз соққысымен қарсыласын кез келген уақытта құлата алады. Ал Деревянченко ондайды алтыншы раундтан кейін ғана істеуге қауқарлы. Алты раундқа дейін GGG-ден соққы алып қалмаса, жетінші раундтан кейін Генаға қиын болады", - деді Артаев.

"Кездесудің соңғы үшінші бөлігінде чемпион атанады"

Америкалық Boxingonly.net сайты жекпе-жектің мерзімінен бұрын бітетінін болжады.

"Бұл көбі ойлағаннан ауырлау жекпе-жек болады. Деревянченконы "техник" деп бекер атамайды, бірақ ол мығым әрі жақсы панчер. GGG-ден соққылар өткізіп тұра бермейді. Бірақ Головкин Джейкобстың қолынан келмеген нәрсені істейді деп ойлаймын - корпустан соққылар жасап украиналыққа жетеді. Болжам: Головкин кездесудің соңғы үшінші бөлігінде чемпион атанады", - деп жазды материал авторы Энди Фарр.

"Головкин оңай жеңер еді"

Ал The Independent журналисі Гари Грэм алдағы кездесуде Сергей Деревянченкоға кеңес берді.

"Өте қызық жекпе-жек. Головкин өз шыңында тұрғанда оңай жеңер еді, бірақ қазір 37-де - ол қаншалықты бәсеңдеді? Деревянченконың мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Сергейге джебтерден сытылып өтіп, инсайдта көбірек жұмыс істеу керек. Бірақ бәрі оңай емес: Головкиннің миы жақсы істейді, бірақ 37 жаста аяғы әлі мықты ма?", - деп жазды журналист Twitter-парақшасында.

"Украиналықтың бетін қан-жоса қылады"

The Ring бас редакторы Дуглас Фишердің пікірінше, Головкин Деревянченконың бетін қан-жоса қылады.

"Бұл жекпе-жекте физика ғана емес, техника да көрінеді. Мұның бәрін "сарқылғанша айқасу" деп айтуға болады. GGG төрешілер шешімімен жеңеді деп ойлаймын. Ол украиналықтың бетін қан-жоса қылып, өзі де бірнеше соққы алады", - деді Фишер жазылушылардың бірі қойған сұраққа.

"Деревянченко кез келгенге қиындық әкеледі"

Бокс сарапшысы британиялық Майкл Бенсон Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Деревянченконың Головкиннен бір саты төмен екенін айтты.

"Головкинді мықты қарсыласпен көру қызық болады. Роллспен жекпе-жек көптеген сұрақ тудырды. GGG-ге Джонатан Бэнкс қаншалықты әсер еткенін келесі жекпе-жекте көре аламыз. Деревянченко қатардағы боксшылардан емес. Ол кез келгенге қиындық әкеледі. Головкиннен де, "Канелодан" да бір саты төмен, бірақ жақсы айқас көрсете алады. Бұл "Канеломен" трилогия алдындағы жақсы тексеріс болады. Егер GGG мықтылығын көрсете алса, үшінші жекпе-жекке деген қызығушылық еселене түседі", - дейді Бенсон.

"Головкин нокаутқа түсіреді"

Головкиннің бапкері Джонатан Бэнкс өз шәкіртінің Сергей Деревянченкомен жекпе-жекте қандай әдіс қолданатынын айтты. 

"Онымен жекпе-жекті қабылдау, одан да белсенді болу. Ол алға ұмтылатыны ешкімге жасырын емес. Дэнни Джейкобспен кездесуде алма кезек шабуылдады, бірақ Головкинмен олай жасайды деп ойламаймын. Егер Сергей қаласа, Головкин соны пайдаланып, нокаутқа түсіреді. Біз нақты бір соққымен жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Мақсатым - Геннадийдің еркін соққы жасай алуы, нокаутқа түсіретін бір соққыға ғана дайындалмауы керек", - деді Бэнкс. 

"Мен оны жеңемін"

Головкиннің өзі 5 қазанда өзін жаңа қырынан көрсететінін айтты.

"Менде қазір тіптен басқа идея, бокс интеллектімен байланысқан мүлде өзге жол. 5 қазанда паш етемін - 100 пайызға өзгергенім жоқ, өйткені екі-үш айда толық өзгермейсің. Бэнксте идея жетерлік. Күнде біріге жұмыс істейміз, бұл өте қызықты және қазір әлдеқайда күшті екенімді сезінемін.

Менің қызығушылығым жұдырықтасу, жылдамдық, тайминг, комбинацияға көбірек ауып тұр. Қазір стилім түрлене түскендей. Бұл мен үшін жақсырақ. Кейде шығып, құр жұдырықтасу оңай болады - "бум" еткіздің, болды. Ал кейде жанкүйерлеріңе шынайы дағдыларыңды көрсеткің келеді. Қазір стилім аралас. Нокаутқа түсіре аламын, маған мүмкіндік берсе, әлбетте солай істеймін. Мен оны жеңемін", - дейді Головкин Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында.

Айта кетейік, Головкин - Деревянченко кездесуі 5 қазанда Madison Square Garden аренасында өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегі болады. Боксшылар IBF және IBO титулдарын сарапқа салады. Шоудың андеркартында жеті кездесу болады - олардың бірінде қазақстандық Али Ахмедов америкалық Эндрю Эрнандеспен жұдырықтасады. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети