1. Главная
  2. Узнай
  3. Спорт
  4. Бокс

Жаңа әлем чемпионы шығуы мүмкін. Қазақстандық боксшылардың алдағы ТОП-5 жекпе-жегі 09 ноября 2021, 19:06

Жаңа жылға дейін қазақстандық бокс жанкүйерін қызық жекпе-жектер күтіп тұр. Геннадий Головкин рингке оралады, ал Данияр Елеусінов әлем чемпионы
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Жаңа жылға дейін қазақстандық бокс жанкүйерін қызық жекпе-жектер күтіп тұр. Геннадий Головкин рингке оралады, ал Данияр Елеусінов әлем чемпионы титулына таласады. Tengrinews.kz тілшісі жыл соңына дейін қазақстандық боксшылар өткізетін үздік бес жекпе-жек туралы әңгімелейді. 

Кособуцкий WBC титулын сарапқа салады

Аса ауыр салмақтағы қазақстандық Жан Кособуцкий (16-0, 15 КО) рингке 20 қарашада оралады. Жан - қазір WBA International белбеуінің иегері.

Кездесу Кособуцкий үйренген қалада өтеді. Биыл тамызда ол германиялық Гамбургте америкалық Джоуи Давейконы (21-9-4, 12 КО) нокаутқа түсірген. Алдағы жекпе-жек те Гамбургте өтеді деп жоспарланып отыр. 

Фото: boxingscene.com©

Қазақстандық боксшының қарсыласы Доминикан Республикасының өкілі Алексис Бенджамин Гарсия (11-0, 7 КО)  болады. Жекпе-жек 10 раундқа есептелген. 

BoxRec.com мәліметінше, кездесуде боксшылар ауыр салмақтағы WBC International Silver титулын сарапқа салады.

Әлімханұлы экс-чемпионмен жұдырықтасады

Қазақстандықтар орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлының (10-0, 6 КО) жекпе-жегін де тағатсыздана күтіп жүр. Ол биыл 5 қарашада Лас-Вегаста жұдырықтасуы керек болған. Алайда қарсыласы уақытында виза ала алмай, кездесу шегерілген.

©Top Rank

Енді Әлімханұлы рингке 20 қарашада оралады. Қарсыласы орта салмақтағы WBA және WBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы француз Хассан Н'Дам Н'Жикам (38-5-0, 21 KO) болады. Жасы 37-де. 

Бұл жекпе-жек Лас-Вегастағы танымал Michelob Ultra Arena-да өтеді. Сарапшылар пікірінше, әлемнің экс-чемпионы Әлімханұлына қиындық тудырмайды. 

"Жекпе-жек нәтижелі белгілі екеніне сенімдімін. Қазақстандық проспект қарсыласын нокаутқа түсіретін шығар", - деді ESPN редакциясының журналисі Фернандо Барбоза.

Садриддин Ахмедов рингке оралады

23 жастағы Садриддин Ахмедов (12-0, 10 КО) биыл желтоқсанда рингке шығады. 

"Ел намысын қорғау үшін рингке желтоқсанда ораламын", - деп жазды Ахмедов Instagram-парақшасында.

Ахмедов биылғы қаңтардан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Жыл басында Нидерланд боксшысы Стивен Даньоны (18-4-3, 7 КО) жеңіп, бірінші орта салмақта NABF, WBC Francophone және WBA Continental титулдарын иеленген.

Фото: Eye of the Tiger Management©

Желтоқсанда отандасымыз 30 жастағы венесуэлалық Джохан Гонсалеспен (28-1, 28 КО) қолғап түйістіреді. Гонсалес көбіне Венесуэла мен Панамада ғана жұдырықтасып, бокс әлемінде жетістіктерге жетпеген. Сол үшін бұл кездесу де Ахмедовтің кезекті жеңісімен аяқталуы қажет.  

Данияр Елеусінов әлем чемпионы атануы мүмкін

Желтоқсанда ел күтетін тағы бір кездесу Данияр Елеусінов қатысатын шоу болмақ. Себебі Данияр Елеусінов кәсіпқой бокста әлем чемпионы атанған бесінші боксшы болуы мүмкін. 

Елеусіновтің жекпе-жегі 18 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы Jekpe-Jek аренасында өтеді. Бұл кеш Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. 

Биыл Данияр танымал промоутер Эдди Хирн басқаратын Matchroom Boxing компаниясынан кетіп қалған болатын. Бұл оның жаңа промоутермен алғашқы кездесуі болған. Бірақ әзірше Даниярдың қарсыласы кім болатыны белгісіз. 

©Matchroom Boxing

Бірақ белгілісі - бұл жекпе-жекте Данияр қарсыласымен IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын сарапқа салады. Егер жеңіске жетсе, Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов, Жанат Жақиянов пен Василий Жировтің ізін жалғап, Қазақстаннан шыққан бесінші әлем чемпионы атанады. 

Бұл шоудың андеркадрында Иван Дычко, Дәурен Елеусінов, Ержан Залилов және Ескендір Харсан секілді қазақстандықтар өнер көрсетеді. 

Головкин биыл алғаш рет жекпе-жек өткізеді

Қазақстандықтар Геннадий Головкиннің де жекпе-жегін асыға күтіп жүрген болар. Отандық чемпион рингке шықпағанына бір жылға таяды. Әзірше ресми болмаса да, түрлі БАҚ пен инсайдерлер Головкин биыл желтоқсанда жекпе-жек өткізетінін хабарлап жатыр. 

©frontproofmedia.com

Танымал инсайдер Дэн Рафаэльдің мәліметінше, Головкин рингке 29 желтоқсанда оралады. Оның қарсыласы орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы жапон Риота Мурата болады. Жекпе-жек Жапонияда өтеді. Муратаның жекпе-жек өткізбегеніне екі жылдай болды. 

Егер Головкин бұл кездесуде жеңіске жетсе, қазір IBF пен IBO белбеулеріне WBA титулын қосады. Ал келесі жылы WBC титулының иегері америкалық Джермалл Чарломен (32-0, 22 КО) немесе мексикалық супержұлдыз Сауль Альвареспен жұдырықтасып қалуы әбден мүмкін. 



Join Telegram