Экономист баспаналы болудың ең тиімді жолдарын атады

20 Қыркүйек 2018, 22:33
2

Бүгін 7 арнадағы "Өз ойым" бағдарламасында "Үйге ақша салған дұрыс па, жалға алған дұрыс па?" тақырыбы талқыланды. Бағдарламаның қонағы болған журналист әрі экономист Дәулет Төлеутайұлы баспаналы болудың бірнеше бағытын ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Дәулет Төлеутайұлы бағдарлама барысында табыс мөлшеріне қарай қанша жылда баспаналы болатыны жайлы сараптама еңбегін таныстырды. Ол өзі пәтер аламын деп, қаражат жинап, мемлекеттік бағдарламаларды толыққанды зерттеген. Instagram желісіндегі парақшасында ол тұрғын үй мәселесі бойынша халықтың сұрақтарына жауап беріп жүр.

"Сіздің табысыңыз 150 мың теңге деп есептеп көрелік. Біздің елде табыстың 55 пайызы асқа кетеді екен, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш небәрі 20 пайыз. Басқа да қажеттіліктерге табыстың 20 пайызы жұмсалады. Осы кезде сіз табысыңыздың небәрі 20 мың теңгесін ғана жинап отыра аласыз. 7-20-25 бағдарламасы бойынша он жылда сіз 15 миллион теңге тұратын пәтер құнының небәрі 20 пайызын жинайсыз, яғни үш миллион теңгені жинау үшін сізге он жыл уақыт. Ал осыны ешқандай бағдарламасыз алатын болсаңыз, сіз бұл пәтерге 60 жыл бойы қаражат жинаумен боласыз", - дейді баспаналы болудың бірнеше бағытын ұсынған Дәулет Төлеутайұлы. 

Сонымен қатар, экономист маман үй алу кезінде жасалатын қателіктерге де тоқталып өтті. 

"Шынын айту керек, халық экономика тұрғысында сауатсыз. Қарапайым ғана мысал, есептеуге шорқақ келеді. Көбіне бірдеңені түсіндіріп жатсаң, "әй балам, оған басымды ауыртқым келмейді" деп қашады. 7-20-25 бағдарламасын есептеп қарасаңыздар, алған ақшаны 112 пайызбен қайтаратыныңызды аңғаруға болады, яғни алған сомаңыздың үстіне бір есе көп төлейсіз. Әрине сіз осы жерде шошисыз, неге сонша көп деп, бірақ оны экономикалық тұрғыдан қарайтын болсаңыз - экономикада инфляция (Ұлттық банктің есебі бойынша жылына 6-7 пайызға құлдырайды) деген ұғым бар. Яғни сіздің салған ақшаңыз жыл сайын 6-7 пайызға құлдырайды", - дейді ол. 

 

Маман елімізде жалдамалы пәтер табу мәселесіне де тоқталып өтті. Ол студенттік шақта пәтер жалдап тұру кезіндегі оқиғаларын әңгімеледі. Ол жас отбасыларға да жалға пәтер беріле бермейтінін айтады.  

Экономистің айтуынша, "7-20-25" бағдарламасы бойынша үй алу 25-40 жастағы адамдарға ғана тиімді екен. 

"Адамның жағдайына да қарау керек. Мына жерде отырған алты адамның тағдыры алты түрлі. "7-20-25" бағдарламасы өз есебім бойынша 25-40 жастағы адамдарға тиімді. Жасыңыз 50-ден асқан болса бұл бағдарламамен сізге үй берілмейді, себебі банк сіздің зейнет жасына дейінгі табысыңызды ғана есептейді, сол себепті тәуекелге бармайды. Берген жағдайдың өзінде 25 жылға емес, зейнетке шығатын жасыңызға дейін есептеп береді. Бұл кезде ай сайынғы төлейтін ақшаңыз көбейеді. Мысалы, 50 жастағы адамға небәрі 13 жылға ғана есептеліп беріледі. 40-тан асқан адам адамдар үшін өз зерттеуім бойынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің шарттары тиімді, алайда 5-6 пайызбен үй береміз деген жарнамасы күшті болғанымен, сіз кемінде үш жыл салымшы болып, қаражатты үзбей салып отыруыңыз қажет", - дейді ол. 

 

Бағдарламаның тағы бір қонағы Гүлмира Смағұлова үлескер болып, алданып қалғаны жайлы бастан кешірген оқиғасын баяндап берді. 

Альбина Бунеску есімді кәсіпкер несиеге үй алғанша ай сайын пәтер жалдап тұрғанды жөн көретінін айтады. 

"Қаржы тұрғысынан есептеп қарайтын болсақ, бұл мен үшін тиімсіз, себебі мен кәсіпкер ретінде қомақты қаражатты үй алуға жұмсағанша, табыс алып келетін салаға жұмсағанды жөн көремін. Қазіргі жастармен кәсіпкерлікпен айналысатын жандардың ойы сәл өзгерді, ойы бірінші кезекте үй алу емес. Өзіңді дамыту, саяхаттау, білім алу және өз кәсібіңе және жобаңа қаражат жұмсау басты мақсат болып отыр. Мысалы мен бес миллион теңгені үйге салғанша, оны кәсіпке салған жөн санаймын", - деді кәсіпкер. 

Айта кетейік, "Өз ойым" бағдарламасы 27 маусымнан жаңа санын бастады. Бағдарламаның ең басты жаңалығы ток-шоу дүйсенбі-жұма аралығында көрсетілетін болды.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (2)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц