03 февраля 2020 | 17:43

"Бұзақылар пышақтап кеткен" - "Менің атым Қожа" фильміндегі Рахманов ағайдың өмірі мен шығармашылығы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кененбай Қожабеков © Wikipedia Кененбай Қожабеков © Wikipedia

Бүгін көптің есінде "Менің атым Қожа" фильміндегі мектеп мұғалімі Рахманов ағайдың бейнесімен есте қалған актер, Қазақ КСР-нің халық артисі Кененбай Қожабековтің туған күні. Өнер иесі 1928 жылы 3 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылында дүниеге келген. Tengrinews.kz тілшісі актердің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.


Бүгін көптің есінде "Менің атым Қожа" фильміндегі мектеп мұғалімі Рахманов ағайдың бейнесімен есте қалған актер, Қазақ КСР-нің халық артисі Кененбай Қожабековтің туған күні. Өнер иесі 1928 жылы 3 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылында дүниеге келген. Tengrinews.kz тілшісі актердің шығармашылығы мен еңбек жолын баяндайды.

Продолжение

Кино әлеміне кездейсоқ келген

Өнер иесі өз естеліктерінде театр әлеміне кездейсоқ келгенін айтқан. Бір күні ол жолдастарымен көшеде келе жатып актерлік мектепке шақырған хабарландыруды оқиды. Сөйтіп, бақ сынауды ұйғарған екен. 


Кененбай Қожабеков © Wikipedia

Актердің ұлы Ілияс Қожабековтің айтуынша, әкесі Кененбай Қожабеков актерлік оқуға түсуге бара жатқанын да білмеген. 

"Әкем актерлік оқуға түспек болғанын түсінбеген. Ол тек білім алып, тегін кино көремін деп ойлаған. Осылайша оны емтихан алушылар байқап қалған. Сөйтіп оқуға түсіп кеткен. Ал жалпы кино әлеміне кездейсоқ келген. Ал бұл жағдайды атамыз, яғни, әкеміздің әкесі білгеннен кейін оның артынан қуып, актерлік оқуға түскеніне қарсы шыққан. "Сен отбасын құрып, бала-шаға бағуың керек" деп айтқан екен", - дейді актердің ұлы Хабар Tanym бағдарламасына берген сұхбатында. 

30-дан аса фильмде басты рөлде ойнаған Кененбай Қожабековтің кинодағы алғашқы жұмысы -  "Аласталған Алитет" фильміндегі Аэден. Сонымен қатар, актер "Жамбыл" (1952 жыл, Нәдір), "Қыз-жігіт" (1955 жыл, Айдар), "Бұл Шұғылада болған еді" (1955 жыл, Бақытжан), "Мазасыз көктем" (1956 жыл, Атабаев), "Менің атым Қожа" (1963 жыл, Әмірқұл), "Қыз Жібек" (1970 жыл, Сырлыбай), "Қан мен тер" (1978 жыл, Алдаберген), "Жаушы" (1980 жыл, Манай), "Қасқырдың апаны" (1984 жыл, Бабахан) және тағы басқа фильмдерде ойнаған. 

Бұзақылар пышақтап кеткен

Бір күні балалар мен жасөспірімдер театрынан шығып келе жатқан Ыдырыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин үшеуіне көшеде басбұзарлар шабуыл жасап, жұлынына әлденеше жерден пышақ салып, омыртқасын зақымдайды. Ол кезде актер 33 жаста болған екен. Осы бір күнді (1960 жылдың 10 қаңтарын) актер "құлап түскен күнім" деген екен.


Кененбай Қожабеков "Қыз-жігіт" фильмі 

Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының айтуынша, осы оқиғадан кейін ойламаған жерден талантты актердің өмірлік арман-мұратына балта шабылады. "Арбамен сахнаға шыға алмайды" деп театр сахна­сынан шеттетіледі. Алайда жа­нашыр жолдастары Сұлтан Қожықов пен Нұрғиса Тілендиев актердің кино­студияға жұмысқа орналасуына көмек қолын созған екен.

"Күндердің күнінде жүре алмай қаламын" деген үрей жанын жегідей жесе де, ол ешқашан өзін мүгедек санап, мойымаған. "Егер біз бәріміз" фильмінде суға ағып бара жатқан шопан мен қызын құтқаруда режиссер қанша үгіттесе де, дублердің көмегіне сүйенбей, Сырдарияның қара күздегі мұздай суына өзі түскен екен. Аяғы сырқат актер намысын қамшылап, осындай ерлікке барған. Соның салдары болуы керек, бір жылдан соң балдақпен жүруден қалып, мүгедектер арба­сына таңылған екен. 

 Бауыржан Момышұлы мен Кененбай Қожабеков © zhasorken.kz

"Көзінің оты әлсіреген емес. Кененбай Қожабеков ағаны кино саласы арқылы таныдық. Ол кісінің киноларының бәрін кішкентайымыздан асқан құмарлықпен тамашаладық. "Шабандоз қыз" фильміндегі Айдарды ойнағаны менің жадымда жақсы сақталған. Айдарға еліктедік, Айдар болып атпен жүйіткіп, Айдар секілді ғашық болсақ дедік. Айдар сияқты мінезді, Айдар тәрізді тапқыр, ақылды болғымыз келді. Осының бәріне жетелеген - актердің қабілеті, таланты. "Қыз Жібек" фильмінде Сырлыбайды ойнады. Қандай кең, маңғаз, асықпай сөйлеп, байсалды шешетін, түйіліп отырып түйінін айтатын, қазақ сахарасының кемеңгер, данагөй ақсақалының бейнесін жасады", - деген екен театртанушы, сыншы, профессор Әшірбек Сығай. 

Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы актер жайлы естелігін бөліскен. Айтуынша, ол Кененбай Қожабековті соңғы рет актердің 60 жылдық салтанатты жиынында көрген екен. 

"Соңғы рет Кененбай ағаның 60 жасқа толуына арналған салтанатты жиында көрдім. Ұзынағашта өткен сол мерейтойында Кенекең жадырап отыра алмады, жабырқап, қабағындағы кірбің ашылмады. Жиі ауысып жататын ауданның жаңа келген басшысы да бұл мерейтойға жете мән бермеді", - дейді жазушы. 

Актер 1972 жылы Тбилисиде өткен бесінші Бүкілодақтық кинофестивальде "Қыз Жібек" фильміндегі Сырлыбай рөлі үшін әділқазы алқасының "Драма өнерін экранда дамытуға сіңірген еңбегіне" атты дипломын, сонымен қатар, Халықтар достығы орденімен, медальдармен марапатталған.

Кененбай Қожабеков 1988 жылы қайтыс болған.

Читайте также
Join Telegram
MEGA Alma-Ata: 18 лет успеха

Курс валют

 489.49   537.05   5.04 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети