Қазіргі таңда еліміздің сын сағатта тұрғаны анық. Партияның ең басты ұстанымы – сөз бен істің алшақтамауы деп ойлаймын. Себебі, мінберлерде жақсы жобалар туралы айтылғанымен, халық қарапайым өмірде соның шарапатын сезінбей отыр. Осы мәселе бүкіл қоғамға кері әсер етеді.
Қазақстандағы өзгеріс «Nur Otan» партиясының өзінің ішінен басталу керек және ол өзгерісті бастау үшін қарапайым елдің ішінде болып жатқан мәселелерді естуіміз тиіс.
Праймериз арқылы креативті, заманауи ойлайтын белсенді жастарды тарта білсек, партиямызға ел тарапынан мол сенім артылады, ертеңгі күні алпауыт күш болуға жол ашылады. Бұған ешқандай күмәнім жоқ.
Жастарға өтірік баяндама жасауды, жалпы өтірік айтуды үйретіп кеткен кезеңдер болды. Ондай кезең менің де басымнан өткеннен кейін айтып отырмын. Жастардың еркін ойлап, ойын ашық жеткізуіне де кедергі келтіруге болмайды. Кейде бір жиындарда мықты жастарды көріп қаламыз да, кейін жоғалтып аламыз. Сұрастырсаң «үлкендер тыйып тастады» деп жатады. Мұндайға жол бермеуіміз керек
Праймериз жастардың саясатқа белсене қатысуына үлкен мүмкіндік береді. Мәслихатта қоғам белсенділерімен бірлесіп, мәселе шешуге мүмкіндік туады. Бұрынғы жүйеде ағаларымыз қалыптасқан жағдайда жұмыс істеуге үйреніп қалған еді. Ендігі кезекте мәслихатта жастар көп болса, қоғамдық мәселелерді оң шешуге ықпал етеміз.