1. Главная
  2. Узнай
  3. Происшествия
  4. Преступность

Пара алған қызметкері үшін қызметінен кеткен шенеуніктер22 сентября 2020, 16:08

Былтыр 10 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев қоластындағы қызметкері пара алған басшы қызметінен кетуі керек деген болатын. Содан бері бірнеше пара алды деп айыпталған кей мемлекеттік қызметкердің басшылары орнын босатуға арыз жазған. Tengrinews.kz тілшісі орынбасарының қылмысы үшін қызметінен кеткен шенеуніктер туралы баяндайды.

Орынбасары суға секіріп қашқан

Кеше Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев отставкаға кетті. Себебі тамызда Текелі әкімі аппаратының басшысы пара алып, сол үшін тамызда оған көлемді айыппұл салынған болатын. 

"Ол "Мүгедектер қоғамы" қоғамдық бірлестігінің директорынан "Аймақтардың 2020 жылға дейін дамуы" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Текелі қаласының аумағын абаттандыру бойынша жасалған келісімдер шеңберінде қоғамның қызметіне жалпы қолдау көрсеткені көрсеткені үшін 1,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді", - деген еді құқық қорғаушылар тергеу кезінде.

Аймақ әкімі аппаратының басшысы полициядан қашу үшін өзенге секіріп, батып кете жаздаған. Бірақ құқық қорғаушылар оны ұстаған болатын.

Тамызда әкім аппаратының басшысына 15 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.


Бахтияр Өнербаев

Осыған байланысты, кеше Бахтияр Өнербаев Текелі әкімі қызметінен кетті.

"Мен, еліміздің заңға бағынатын азаматы ретінде, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет" туралы заңына сәйкес, өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Бүгін өтінішімді облыс әкімі мақұлдады", - деп жазды ол Facebook желісіндегі парақшасында.

Ол бұл қызметте 2016 жылдың қарашасынан бері жұмыс істеген еді.

Бір қылмыс үшін екі шенеунік қызметтен кетті

Биыл 3 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Антон Федяев пен Ақжар ауданының әкімі Ербатыр Мадияров та қызметінен кеткен.

Себебі аймақтың мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бұрынғы басшысы Батырбек Қалабаевқа бірнеше рет, жалпы сомасы - 650 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Тергеу мәліметі бойынша, басқарма басшысы үш рет заңсыз сыйақы алған. Бұл іске Ақжар ауданы әкімінің орынбасары Құрал Досымбеков те араласқан.


Антон Федяев. Фото: СҚО Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі

Биыл 14 шілдеде Қалабаевтың үкімі шығып, 26,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салынған.

Осы жағдайдан соң Антон Федяев пен Ербатыр Мадияров өз еркімен отставкаға кетуге арыз жазған. Облыс әкімі 3 қыркүйекте арызды қабылдады.

Бөлім басшысы 1,6 миллион теңге пара алған

Биыл наурызда Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының әкімі Ержан Тұрмағамбетов те осыған ұқсас жағдайдан соң қызметінен кеткен. Бұған аудандағы білім бөлімі басшысының жемқорлық қылмысына баруы себеп болған.


Ержан Тұрмағамбетов (оң жақта). Фото: БҚО Орталық коммуникациялар қызметі

Батыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алды деп күдіктелген Шыңғырлау ауданының білім бөлімінің басшысы А.Б. Сапаровқа қатысты тергеу жүргізген.

"Ол орындалған жұмыстың актісіне қол қою үшін Шыңғырлау ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына 1 миллион 690 мың теңге көлемінде пара беруге жеке кәсіпкерді итермеледі және алаяқтық жасады деген күдік келген", - делінген хабарламада.

Сондықтан, биыл 21 қаңтарда Сапаров 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Ал наурызда қоластындағы шенеунігі парамен ұсталған Ержан Тұрмағамбетов өз еркімен отставкаға кетуге өтініш жазып, қызметін босатқан.

Әкім қылмысы үшін аппарат басшысы орнын босатты

Ал шілдеде керісінше, әкімнің жемқорлығы салдарынан аппарат басшысы қызметінен кетті. Дәлірек айтқанда, Қостанай облысы Рудный қаласы әкімі аппаратының басшысы Азамат Ысқақов Қашар ауылы әкіміне қатысты тергеу басталған кезде қызметін босатқан.

Қостанай облысы Сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті Қашар әкіміне қатысты тергеу басталғанын хабарлаған. Бірақ бұл істің мән-жайы айтылмады.

Кейін белгілі болғандай, ауыл әкімі мекеме балансында тұрған қызметтік көлікті жөндеуге бөлінген 1 миллион 464 мың теңге бюджеттік қаражатты жеке кәсіпкердің есепшотына аудару арқылы қаражатты жымқырған деп күдіктелген.


Азамат Ысқақов. Фото iagorod.kz сайтынан

Осы жағдайдан кейін қала әкімі аппаратының басшысы Азамат Ысқақов өз еркімен қызметінен кеткен.

"Ысқақовтың арызына сәйкес, мұндай әрекет отставка институтының талаптарына ғана емес, сонымен бірге моральдық заңға да байланысты", - делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің Facebook парақшасында жарияланған хабарламада.

Арыз жазса да, отставкаға жібермеген

Биыл Қарағанды облысы Сәтбаев ауданында да осындай жемқорлық дауы болған. Бірақ басқалардан басты айырмашылығы, бұл жолы әкім отставкаға кеткен жоқ.

Оқиға былай болған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Кәмшат Күнеділова пара алуға ұлын жұмсаған: "Хлебстрой" ЖШС Қарағанды ​​филиалы директорынан 1 миллион 200 мың теңге көлемінде ақша алуға жіберген. Оның орнына ол орындалған жұмыс үшін қабылдау-тапсыру актісіне қол қоюға және мемлекеттік сатып алу шарты бойынша қалған ақшаны аударуға уәде берген.

Сот шешімі бойынша, Күнеділоваға 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, оған мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынған.


Асқар Ыдырысов. Фото: satpaev.gov.kz

Осы оқиғадан соң Сәтбаев әкімі Асқар Ыдырысов облыс әкіміне арыз жазып, өз еркімен отставкаға кетпек болған. Бірақ облыс әкімі Ыдырысовтың арызын қабылдамаған. Тек қызметкерлерін дұрыс бақыламағаны үшін облыс әкімінен сөгіс естіген.