27 ноября 2023 | 11:33

Қазақстандық кабель стартапы шетелдік нарыққа шықты. Жоба авторымен сұхбат

Фото: жеке архив

Таяуда қазақстандық мамандар Өзбекстанға фотоэлектрлік жүйелерге арналған кабельдің бірінші партиясын жеткізгені туралы жаңалық жария болған еді. Tengrinews.kz тілшісі стартап авторы Азат Нұрқасимовпен сөйлесіп, фотоэлектрлік жүйелерге арналған кабель жайлы сұрады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Таяуда қазақстандық мамандар Өзбекстанға фотоэлектрлік жүйелерге арналған кабельдің бірінші партиясын жеткізгені туралы жаңалық жария болған еді. Tengrinews.kz тілшісі стартап авторы Азат Нұрқасимовпен сөйлесіп, фотоэлектрлік жүйелерге арналған кабель жайлы сұрады.

Азат Нұрқасимов - Семей қаласының тумасы. Бакалавр дәрежесін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде (Астана) алған. Магистратура бағдарламасын MEPhI Ұлттық ядролық зерттеу университетінде (Мәскеу) де өткен. Мамандығы – ядролық физика және технологиялар.

Реклама
Реклама

Азат Нұрқасимов ядролық және радиациялық технологиялар саласында 8 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.

"Бүгінде "Ядролық технологиялар паркі" АҚ-да жұмыс істеймін. Лауазымым – жоба тобының жетекшісі. Менің басты міндетім – идеяны толық өндіріске жеткізу. Бұған жобаның табыстылығын бағалау, зерттеулер жүргізу, инвестицияларды іздеу, зияткерлік меншікті құру және технологиялық желіні іске қосу кіреді. Менің қазіргі жобаларымның бірі – "ELV-4 электронды үдеткішіндегі қорғаныс ортасында полимерлі кабельдік оқшаулауды жетілдіру". Жоба 2022 жылдың ақпанында "Ядролық технологиялар паркі" АҚ басқарма отырысында мақұлданды. 2022 жылдың мамыр айында жеке серіктес "Казэлектромаш" ЖШС-мен бірлесіп зерттеу жұмыстары басталды.

Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі тіркелді және орындалған жұмыстардың негізінде "Ғылым қоры" АҚ-на "Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің ең перспективалы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижесі коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға өтінім берілді. 2022 жылдың қараша айында Ұлттық ғылыми кеңестің шешімімен жоба қаржыландыруға мақұлданды. Жобаны жүзеге асыру мақсатында "BETA IZOL" ЖШС стартап компаниясы құрылды. Мен жоба менеджері және стартап-компанияның директоры болып тағайындалдым", - дейді Азат.

Таяуда Өзбекстанға фотоэлектрлік жүйелерге арналған кабельдің бірінші партиясын жеткізгендеріңіз туралы жаңалық шыққан болатын.

"Осы жылдың қыркүйек айында фотоэлектрлік жүйелерге арналған кабель өнімдерін сәулелендіруге арналған кері орау желісі (перемоточная линия) іске қосылды. Кәдімгі кабельдерден айырмашылығы - күн батареяларына арналған кабельде оның мыс өткізгіштерін қоршаған орта әсерінің барлық түрлерінен (жаңбыр, қар, ультракүлгін сәулелену, температураның өзгеруі) қорғайтын арнайы екі қабатты оқшаулау бар. Бұл кабельдер фотоэлектрлік станциялар мен жүйелерді пайдалану кезінде қиындықтарды болдырмауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді маман.

Азат неліктен Өзбекстанға жеткізу болғаны жайлы айтып берді.

"Өзбекстанда күн электр станциясын салу жоспарланып отыр. Осы мақсатта фотоэлектрлік жүйелерге арналған кабельдерді жеткізуге келісім шарт жасалды", - дейді ол.

Маман стартаптың артықшылығы және ерекшелігі жайлы да айта кетті.

"BETA IZOL" ЖШС стартап компаниясы радиациялық тігілген (радиационно-сшитый) оқшаулауы бар отандық кабельдер шығарады. Біздің елде кабельдік өндірісте мұндай радиациялық әдісті қолданатын компания жоқ және болмаған. Болашақта мұнайлы суасты кабельдерін (нефтепогружной кабель) шығаруды жоспарлап отырмыз.

Бүгінгі таңда бронь орнату және кабельді өру үшін жабдықтарды орнату жұмыстары басталып кетті. Кабельдік өнімдердің ассортиментін кеңейту жоспарда бар. Мысалы, өздігінен реттелетін жылыту кабельдерін, жылжымалы құрамға арналған кабельдерді (локомотив пен вагон) және атом электр станцияларына арналған кабельдерді жасау жоспарланып отыр. Жаңа өндірісті құру кезінде міндетті түрде қиындықтар туындайды. Менің ойымша, қазіргі уақытта біз күнтізбелік жоспарда белгіленген барлық мерзімдерді орындап жатырмыз", - дейді ол.

Біздің елде қолданылып үлгерді ме?

"Бүгінде жергілікті мүдделі компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әрбір кәсіпорын өнімге белгілі талаптар қояды. Келісімшарт жасамас бұрын біздің өнімдер ГОСТ бойынша техникалық талаптардан өтуі керек. Бұл ГОСТтарды кейбір компаниялар жеке таңдайды. Сондықтан кейде бір кабель әртүрлі сынақтардан өтеді", - дейді Азат Нұрқасимов.

Шетелде сұраныс көп пе?

"Қазіргі уақытта біз ТМД нарығына қарағанда ішкі нарыққа көбірек көңіл бөлеміз. Осы мақсатта біз мұнайлы суасты кабельдерін шығаруды жақын арада бастағымыз келеді", - дейді маман.

Суреттер: жеке архив

Показать комментарии
Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жасалған материал