Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
24 июня 2019 23:46

Арыстағы төтенше жағдай: Оқиғаның хронологиясы

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жаңа апта қазақстандықтардың төбесіне жай түсіргендей жаңалықпен қарсы алды. Бүгін Түркістан облысы Арыс қаласының әскери қоймасында бірнеше жарылыс болған. Тengrinews.kz тілшісі бүгін Арыста болған төтенше жағдайдың қалай өрбігенін баяндайды.


Жаңа апта қазақстандықтардың төбесіне жай түсіргендей жаңалықпен қарсы алды. Бүгін Түркістан облысы Арыс қаласының әскери қоймасында бірнеше жарылыс болған. Тengrinews.kz тілшісі бүгін Арыста болған төтенше жағдайдың қалай өрбігенін баяндайды.

9.20. ІІМ ТЖК-нің мәліметі бойынша, сағат таңғы 9-дан өте өртсөндіру қызметінің пультіне Арыс қаласындағы әскери бөлім территориясындағы қоймада жарылыс болып, артынша өрт шыққаны жайлы хабар түскен.

Сол сәттен бастап Желіде куәгерлер түсірген видеолар тарай бастады. Куәгерлер қалада снарядтар даусының естіліп жатқанын айтқан. Сондай-ақ қалада үрей туындап, тұрғындар көлікпен не жаяу жаппай қаша бастаған.

11:27. Арыс қаласының әкімдігі алғашқы ресми мәлімдемесін жасады. Бұл мәлімдемеге сай, жарылыс болған жерге Түркістан облысы ТЖД жеке құрамының 52 адамы мен 12 өрт техникасы, сондай-ақ Шымкенттен 4 техника, жеке құрамның 23 адамы мен 1 кинологиялық топ жұмылған. Сонымен қатар, мәлімдеме қалада эвакуация жұмыстары жүргізілетіні айтылды. 

11:41. ҚР Қорғаныс министрлігі болған жайтқа қатысты пікір білдірді: "Қазіргі уақытта қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Қорғаныс министрлігінің басшылығы оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберді, Қарулы Күштер жеке құрамының күші апат салдарын жою және азайту бойынша іс-шаралар ұйымдастырып жатыр", - делінген хабарламада.

12:55. Артынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыстың себептерін анықтау қажет екенін айтып, арнайы тапсырма бергенін мәлімдеді.

13:09. Кейін Facebook желісінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевтің пікірі жарияланып, онда аймақ басшысы қала түгелімен эвакуацияланатынын мәлімдеді: "Қазір болып жатқан жайттар бойынша біз қаланы толығымен көшіруіміз керек екенін көріп отырмыз. Барлық бағыт бойынша колонналар қозғалады, адамдарды іріктейді, ұйымдастырылған лагерьлерге апарады. Барлық аудан әкімдері өз командаларымен лагерьлер құрып, келгендердің тізімін жасап, қонақүйге кімнің туысқандары бойынша кім екенін анықтап алуы тиіс. Әрбір лагерьді аудан әкімі басқарады".

13:26. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 34 адам дәрігерлер көмегіне жүгінгенін хабарлады. Кейін үш адам ауыр жағдайда ауруханада жатқаны анықталды.

13:41. Бойларын үрей билеген тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы түрлі ақпараттар тарата бастады. Солардың бірі - өртті сөндіру үшін Бөген су қоймасы ашылады деген қауесет. Ордабасы аудандық әкімдігі Бөген су қоймасы ашылды деген мәліметті жоққа шығарды: "Арыс қаласындағы әскери қоймада болған төтенше жағдай бойынша Бөген су қоймасында ешқандай да штаттан тыс әрекеттер іске асырылмайды".

15:35. Әлеуметтік желілерде жарылыс кезінде ата-анасынан адасып қалған балалар туралы мәлімет те тарай бастады. 

16:14. Жарылыстан соң адасып қалған балалардың суреттері мен аты-жөндері жарияланды. 

№ 87 мектепке жеткізілген балалар:

1. Әбдір Гүлзат - іс жүргізуші

2. Ермек Бақдаулет - алып кетті

3. Өмірхан Гүлім

4. Өмірхан Нұрым

5. Биімбай Маржан

6. Досболат Медет

7. Мейржанқызы Нурикамал

8. Өтеген Омар

9. Ахметова Халима

Сондай-ақ № 55 және № 54 мектептерге де ата-аналарын таба алмай қалған балалар орналастырылды. Олардың толық тізімін сайтымыздан қарай аласыздар. 

16:21. Жарылыс салдарынан Шымкент - Арыс - Тимур учаскелері бойынша пойыздардың кестеден тыс кешігетіні хабарланды. 

16:36. Арыс қаласындағы қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қосымша 120 полицей жіберілді. 

17:12. Желіде Арыста күл-талқаны шыққан жанармай бекетінің видеосы жарияланды. Бекеттің осындай жағдайға жетуіне тонаушылардың қатысы бар-жоғы белгісіз.  

17:19. Арыста болған апаттан 23 адам әртүрлі дене жарақаттармен Түркістан облысына қарасты ауруханаларға жеткізілді. Жалпы, жарылыстан кейін 46 адам медициналық көмекке жүгінгенін хабарланды, олардың бесеуі бала.

18:30. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ҚР ІІМ ТЖК төрағасы Владимир Беккердің қатысуымен жедел брифинг өтті. 

Брифинг барысында қорғаныс министрі Арыс қаласында радиация болмайтынын айтты. Ал Өмірзақ Шүкеев жарылыс салдарынан 1 адамның қаза болғанын айтты: "Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан зардап шеккендер саны - 31. Оның екеуі ауыр халде жатыр. Бір адам қаза тапты. Снаряд оның көлігіне түскен", - деді облыс әкімі.

Брифингке қатысушылар Арыс тұрғындарынан әзірше өз үйлеріне оралмауды сұрады. Себебі қалада әлі жарылмаған снарядтар болуы мүмкін. Қазір қалада саперлер жұмыс істеп жатыр.

19:13. Арыс қаласында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтауға, эвакуацияланған азаматтардың мүлкін күзетуге тартылды.

19:27. Қазақ ұлттық деректер орталығы Арыстағы жарылыс кезінде жерасты сілкінісі болғанын хабарлады. Ең қатты сілкініс астана уақытымен 09:37-де тіркелген. Жерасты сілкінісінің магнитудасы 3,5 болды. 

23.00-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арыстықтармен кездескені хабарланды. Арыстағы жарылыстан зардап шеккендермен кездесуге келген Мемлекет басшысының видеосын баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісінде жариялады.

"Барлығы жақсы болады, шыдай тұрыңыздар. Бұл төтенше жағдай, апат. Үкімет ақша бөледі. Көмектеседі, уайымдамаңыздар. Жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Мен арнайы келдім", - дейді Президент дастархан басында отырғандарған. Мемлекет басшысының сөзінен кейін отырғандар қошеметтеп, алғыс айтады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети