Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
30 апреля 2020 09:23

"Алаңға шықпаса жазаланады". Футбол әлемі қашан оралады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Reuters © Reuters

Миллиондаған жанкүйері бар футболдың коронавирус пандемиясына байланысты тоқтап тұрғанына біршама уақыт болды. Тек бірен-саран біріншілік ойнап жатыр. Жанкүйерлер сүйікті спортын жазда ғана көруі ықтимал. Tengrinews.kz тілшісі футбол әлеміндегі жағдайға шолу жасады.


Миллиондаған жанкүйері бар футболдың коронавирус пандемиясына байланысты тоқтап тұрғанына біршама уақыт болды. Тек бірен-саран біріншілік ойнап жатыр. Жанкүйерлер сүйікті спортын жазда ғана көруі ықтимал. Tengrinews.kz тілшісі футбол әлеміндегі жағдайға шолу жасады.

Еуропаның ТОП-5 лигасы қашан оралады?

Футбол әлемінде бес елдің чемпионаты ең үздік саналады - Англия, Испания, Италия, Германия мен Франция. Соңғысы туралы алдағы уақытта толығырақ айтамыз. Ал алғашқы төрт елдің чемпионаты жанкүйерлерін сағындырып отыр. Олардың қашан оралатынын саралап көрсек.

Ағылшын Премьер-лигасы наурыздың ортасында тоқтатылып, мамырдың басында жалғасады деп жоспарланған. Бірақ елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты чемпионаттың басталуы маусымға қалды.

Әзірше ағылшын футболының басшылары чемпионаттың қашан басталатыны туралы ресми мәлімдеме жасамады. Белгілісі, АПЛ клубтары 1 мамырда онлайн жиналыс өткізіп, маусымды жалғастыру мәселесін шешеді. Goal.com порталының мәліметі бойынша, АПЛ 8 маусымда басталып, шілденің аяғына дейін аяқталуы мүмкін.


© Reuters 

Испания футболы да жаздың басында оралады. Испания премьер-министрі Педро Санчес таяуда брифинг кезінде кәсіпқой спортшылардың жағдайы туралы айтқан.

"Кәсіпқой спортшылар 4 мамырдан бастап жекелей жаттыға алады. Спорт саласында жаттығу орталықтарын гигиена және қорғаныс шараларын сақтап ашу қарастырылған", - деді Санчес.

Футболшылар 18 мамырда топ-топ болып жаттықса, 1 маусымнан бастап толыққанды жаттығуға кіресе алатыны хабарланды. Сондықтан, Ла Лига басшылығы 5 маусымда чемпионатты көрерменсіз жалғастырмақ. Ла Лига президенті Хавьер Тебас футболшылар алаңға шығудан бас тартса, жазалайтындарын мәлімдеді.

Ал италиялық А сериясының қашан жалғасатыны туралы мәлімет жоқ. Бірақ лига кеңесі чемпионаттың міндетті түрде жалғасатынын хабарлады.

"Егер Италия үкіметі рұқсатын берсе, Серия А лигасы кеңесінің отырысында бәрі 2020/21 жылғы маусымды соңына дейін ойнауға келісті", - делінген лиганың ресми сайтында.


© Reuters 

Ал германиялық dfl.de сайты таяуда Бундеслиганың мамырда оралатынын жазған. Daily Mail мәліметі бойынша, Германияда футбол чемпионатын 9 мамырда бастау жоспарланып отыр.

Жоспар бойынша стадионға 300 жанкүйер ғана кіре алады. Футболшылар ойын алдында командалық суретке түспейді, қол алыспайды. Әр футболшының жеке бөтелкесі болады. Ойыннан кейін командалар стадионнан әр түрлі уақытта кетеді.

"Егер футбол жақын арада басталмаса, Бундеслига банкротқа ұшырайды. Бұрынғыдай чемпионат болмайды. Қазіргі мәселе - неміс футболын құтқару", - дейді дортмундық "Борссия" бас директоры Ханс-Йоахим Ватцке.

Қай чемпионаттар жалғаспайтын болды?

Енді жоғарыда уәде бергеніміздей Франция чемпионатына тоқталсақ. Франция билігі қыркүйекке дейін спорт жарыстарын өткізбеуге шешім қабылдаған. Осылайша, футболдан Франция чемпионаты орта жолда тоқтатылды. Кеше Франция премьер-министрі Эдуар Филипп Ұлттық жиналыста 2019/20 жылғы спорт маусымы аяқталғанын хабарлады.

"2019/20 жылғы кәсіпқой спорт маусымы аяқталды. Оның ішінде футбол маусымы жалғаспайды", - деді премьер-министр.

Франция футбол федерациясының президенті Ноэль Ле Гре елде футбол маусымы аяқталғанын растады. Франция чемпионатының бітуіне әлі 10 тур бар болатын. Енді келесі маусымда Чемпиондар лигасында ел намысын "ПСЖ", "Марсель" мен "Ренн" қорғайды. "Лилль" мен "Реймс" Еуропа лигасына аттанады.


© Reuters 

Франция Еуропада футбол маусымын аяқтап тастаған алғашқы чемпионат емес. 24 сәуірде Нидерланд чемпионаты маусымды аяқтайтынын хабарлаған.

Нидерландтың жоғары дивизионы Эредивизи сайтында биыл чемпионат анықталмайтыны жазылған. Осылайша, Екінші дүниежүзілік соғысынан кейін алғаш рет Голландияда чемпион болмайды.

Енді чемпионаттың 25 турынан соң көш бастап тұрған "Аякс" пен "АЗ Алкмаар" келесі маусымда Чемпиондар лигасында ойнайды. "Фейенорд", ПСВ мен "Виллем ІІ" Еуропа лигасында бақ сынайды.

Голландия премьер-министрі Марк Рюттенің айтуынша, елде кәсіпқой футбол 1 қыркүйекке дейін өткізілмейді.

Нидерландтың ізімен Мексика чемпионаты да мерзімінен бұрын аяқталды. Бұл елде де чемпион анықталмайды. Бүгінге дейін Мексика чемпионатында 10 тур ойналған. "Крус Асуль" 22 ұпаймен көш бастап тұрған. "Леон" одан бір ұпайға қалып тұрды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.35   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети