1. Главная
  2. Узнай
  3. Спорт
  4. Футбол

Чемпиондар лигасы: "Қайраттың" алғашқы қарсыласы туралы не белгілі? 16 июня 2021, 12:53

16 жылдан соң Чемпиондар лигасына оралған "Қайрат" футбол клубының турнирдегі алғашқы қарсыласы белгілі болды. Алматылық клуб турнирді бірінші
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

Фото: "Қайрат" ФК Фото: "Қайрат" ФК

16 жылдан соң Чемпиондар лигасына оралған "Қайрат" футбол клубының турнирдегі алғашқы қарсыласы белгілі болды. Алматылық клуб турнирді бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Алғашқы қарсыласы Израиль чемпионы хайфалық "Маккаби" болады. Tengrinews.kz тілшісі алматылық команданың қарсыласы туралы мәлімет жинады.

108 жыл бұрын құрылған

Израиль Суперлигасының өзінде төрт бірдей "Маккаби" бар. Алматылық клуб Хайфаның "Маккабиімен" күш сынасады. Бұл клубтың тарихы 100 жылдан асады - 1913 жылы құрылған. Бірақ 1960-жылдарға дейін ешқандай жетістігі жоқ. Жоғары дивизионға бір көтеріліп, бір түсіп жүрген.

Алғашқы жетістігі - 1962 жылғы Израиль кубогында топ жаруы. Бірақ ол кезде команда әлі де Израильдің топ-клубы болған жоқ. Жанкүйерлер мұндай атақты 1980-жылдарға дейін күтті. Команда алғаш рет 1983 жылы ел чемпионы атанған.


Фото: Wikipedia

Содан бері тағы 12 рет чемпионаттың алтын медалін еншіледі. Ал өткен айда "Маккаби" 13-рет Израиль чемпионы атанды. Мұны жанкүйерлер тура он жыл бойы күткен.

Сонымен қатар, хайфалық клуб алты мәрте Израиль кубогын иеленген.

Еурокубокта тәжірибесі мол

Былтыр Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде дәл осы клуб "Қайратты" жарыс жолынан шығып жіберген еді. Бұл жолы да екі клубтың жолы түйісіп отыр.

Негізі "Қайратпен" салыстырғанда "Маккабидің" еурокубоктардағы тәжірибесі мол. 2002/2003 жылғы маусымда "Маккаби" Израиль футболының тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өткен. Азулы "Манчестер Юнайтед" пен "Байерді" алға жіберіп, топта үшінші орын алған.


2002 жылғы "Манчестер Юнайтед" - "Маккаби" матчі. Фото: geocities.ws

Кейін 2006/07 жылғы маусымда сол кездегі УЕФА кубогының 1/8 финалына дейін жетіп, испаниялық "Эспаньолдан" жеңіліп қалған.

2009/10 жылы да "Маккаби" Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды. Іріктеу кезеңінде "Ақтөбені" жеңген болатын. Бірақ сол жылы "Бавария" мен "Ювентуспен" бір топқа түскен команда барлық матчта жеңіліп, соңғы орын алған.


"Маккаби" - "Ақтөбе" матчі

2011/12 және 2013/14 жылы да Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алған. Кейінгісінде топтық кезеңде қарағандылық "Шахтерді" жеңген болатын. 

Ал былтырғы маусымда "Маккаби" Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде "Железничар", "Қайрат" пен "Ростовты" жеңіп, лондондық "Тоттенхэмнен" ғана жеңіліп қалған. Қарасаңыз, Еуропада талай қарсыласты сан соқтырған осал қарсылас емес.


2020 жылғы "Маккаби" - "Қайрат" матчі

Сапында "Реал" түлегі ойнайды

Танымал Тransfermarkt порталының мәліметтеріне сүйенсек, футболшылардың трансферлік құны бойынша "Қайрат" "Маккабиден" әлдеқайда қымбат. Хайфалық клуб сапында Нета Лави ең қымбат ойыншы - 1,60 миллион еуро. Долев Хазиза мен Омер Атцили 1,2 миллион еуроға бағаланған. Салыстырмалы түрде алсақ, "Қайраттың" екі футболшысының құны 2 миллионнан, алты футболшысы бір миллион еуродан асады.

"Маккабидің" шабуыл шебінде Хазиза, Атцили және Аустралия құрамасының форварды Никита Рукавица ойнайды. Былтырғы матчте осы Рукавица "Қайрат" қақпасына жеңіс голын соққан болатын.


Фото: mhaifafc.com

Команданың жартылай қорғанысы да мығым. Алаң ортасында ойынды Нета Лави жүргізеді. Оған мадридтік "Реалдың" түлегі Хосе Родригес пен голландиялық Тьяронн Черри көмектеседі.

Ал қорғаныста бас бапкер көбіне Офри Арад, Эрнест Мабука, Сун Менахем, Богдан Планичке иек артады. Қақпаны әдетте америкалық Джош Коэн күзетеді.


Фото: mhaifafc.com

Бұл футболшылардың бәрін Барак Бахар жаттықтырады. Ол - Израиль чемпионатын жеңген ең жас бапкерлердің бірі. Алғаш рет 2016 жылы "Хапоэль Беэр-Шева" клубымен сенсация жасап, 36 жасында Израиль чемпионы атанған. Кейін бұл клубпен екі рет Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан.

Оның жаттықтыруымен "Маккаби" заманауи, ашық футбол көрсетеді. Әр матчінде қорғаныстан көрі, шабуылда ойнағанды жөн көреді.

"Қайраттың" мүмкіндігі қандай?

"Маккабиге" қарсы матч "Қайрат" үшін алдымен психологиялық тұрғыда қиын болатын шығар. Себебі алматылық клубтың израильдіктерге қарсы жолы болмайды. Бұған дейін Израиль командалары "Қайратты" үш рет Еуропа лигасынан шығарып жіберген.

Оның үстіне, "Қайрат" биылғы маусымды сәтсіз өткізіп жатыр. Команда Қазақстан чемпионатының 15 турынан кейін үшінші орында келеді. Көш басындағы "Астанадан" 8 ұпайға қалып тұр. Оның үстіне, таяуда бас бапкері Алексей Шпилевский командадан кетіп қалған болатын. Әзірше бас бапкер тағайындалған жоқ. Ал "Маккабиге" қарсы ойынға үш апта ғана уақыт қалды.

Хайфалық клуб болса, қазір бабында. Биыл команда 27 матч өткізіп, оның төртеуінде ғана жеңілген. Ал "Қайрат" чемпионаттың 15 матчында 7 рет жеңіп, 6 рет тең түсіп, екі мәрте жеңілген. Команда әлі өз бабына келе алмай жүр.


Фото: "Қайрат" ФК 

Бірақ алматылық клуб бабына оралса, "Маккабиден" өте алмады. Былтыр хайфалық клуб фаворит болғанымен, "Қайрат" ойын өрнегі жағынан қарсыласына дес бермеген. Кей тұста тек сәттілік жетіспегендей болды.

Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы матчі 6/7 шілдеде Хайфада, қарымта ойын 13/14 шілдеде Алматыда өтеді.