КРУШЕНИЕ САМОЛЕТА БЛИЗ АКТАУ: ХРОНИКА АВИАКАТАСТРОФЫ
14 октября 2019 | 16:48

"10 жыл орнына 2 ай". Жазасын толық өтемеген атышулы экс-шенеуніктер

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button

Қазақстанда түрлі қылмыс жасап, сотталса да, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығатын шенеуніктердің ісі халықтың жадында. Әсіресе талай жылға сотталып, артынша екі ай өтпей босап шыққандары жетерлік. Елді дүрліктірген атышулы сот істері Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстанда түрлі қылмыс жасап, сотталса да, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығатын шенеуніктердің ісі халықтың жадында. Әсіресе талай жылға сотталып, артынша екі ай өтпей босап шыққандары жетерлік. Елді дүрліктірген атышулы сот істері Tengrinews.kz тілшісінің материалында.

Ескерту! Өтелген жаза мерзімдері сот үкімі шыққан күннен бастап есептелді, сот шешіміне дейін шенеуніктер уақытша ұстау изоляторында немесе үй қамауында отырған болуы мүмкін.

Қуандық Бишімбаев
10 жыл орнына - 1 жыл 7 ай

Күні кеше ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың бостандыққа шыққаны хабарланды. Айта кетсек, Бишімбаев былтыр, 2018 жылдың наурызында 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған болатын. 

Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері.

Оны мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарған Шымкент қалалық Абай аудандық соты артынша бұл қаулыны былай деп түсіндірген: 

"Шымкент қалалық ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті мекемесінде сот үкімімен жазасын өтеп жатқан Бишімбаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазды. Қылмыстық кодекстің 72-бабының бірінші бөлігі бойынша ол босатылды".

Қылмыстық кодекстің бұл бабына үңілсек, онда былай деп жазылған:

"Бас бостандығын шектеуді немесе бас бостандығынан айыруды өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген мерзімдерді іс жүзінде өтегеннен кейін, қылмысымен келтірілген залалды толық өтеген және ол жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзбаған жағдайда, шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылуға жатады".

Сондай-ақ, Қуандық Бишімбаевтың осы уақыт бойы ешқандай ереже бұзбағаны, төрт рет мадақталғаны айтылады. Осылайша экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.

Серік Ахметов
10 жылдың орнына - 1 жыл 9 ай

2017 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов бостандыққа шыққан. Ол Қарағанды облысы кентіндегі колониядан шыққан еді. 

Ахметов 2014 жылдың 14 қарашасында үй қамауына алынған болатын. Осы сәттен бастап Қазақстан Үкіметінің экс-басшысы 20 адаммен бірге атышулы қылмыстық істің фигурантына айналды. Олардың қатарында әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер мен Қарағанды облысының бизнесмендері бар.

"Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау", "Кәсіпкерлік қызметке Заңсыз қатысу", "Қызметтік бабын Асыра пайдалану" және "Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау" бойынша айыпты деп танылған Ахметов 2015 жылдың 10 желтоқсанында 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Осылайша ол Қарабас кентінде жазасын өтеп жатқан. Алайда тура бір жылдан кейін, 2016 жылдың наурыз айында Қарағанды облысының сотында апелляциялық шағым қаралғаннан кейін сот Серік Ахметовке жазасын өтеу мерзімін 8 жылға дейін қысқартты.

Осы кезде мемлекетке келтірілген залал ретіндегі 2,5 миллиард теңгені Серік Ахметов толығымен өтейді.

Ал екі жыл өткенде, яғни 2017 жылдың 11 қаңтарында түрмедегі Ахметовтің атынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылыққа байланысты өтелмеген жаза мерзімін қысқарту туралы өтініш сотқа түседі. Бұл өтініші де қанағаттандырылып, шенеунік қыркүйек айында, яғни 10 жылдың орнына 1 жыл 9 айдан кейін бостандыққа шығады.

Бауыржан Әбдішев
5 жылдың орнына 1 жыл 7 ай

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев да мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Бұл экс-басшы 2015 жылдың 11 желтоқсанында сотталған. Оған қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша айып тағылған еді - нақтырақ айтсақ, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу.

Алайда облыстық соттың апелляциялық алқасы келесі жылы-ақ, 14 наурызда жазаны жеңілдеткен, оның мерзімі үш жылға қысқарған еді. Артынша Әбдішев түзету мекемесінде 1 жыл 7 ай 25 күн болды.

Ахметбек Ахметжанов
13 жылдың орнына 3 жыл

Ал биыл сәуірде Қостанайдың экс-әкімі Ахметбек Ахметжанов мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Басынан бастасақ, 2015 жылдың тамызында Қостанайда парақор шенеуніктердің атышулы ісі басталған еді. Бастапқыда қала әкімінің екі бірдей орынбасары ұсталып, артынша Ахметбек Ахметжановтың өзі қамауға алынған. Шенеуніктер мен бірқатар бизнесмен бірнеше рет ірі көлемде пара алды деп айыпталған. 2016 жылдың қаңтарында басталған бұл қылмыстық істі бүкіл Қазақстан бақылап отырды десек артық айқанымыз емес шығар. 

Сөйтсек, экс-әкім әр сатылған тендердің 10 пайызын алып отырған, ал мемлекеттік сатып алулардағы ірі лоттарда Ахметжановтың қолдауы болған компаниялар жеңіп отырған. Жалпы шығын - 87 миллион теңге. 

2016 жылдың 11 сәуірінде Ахметбек Ахметжановты сот 13 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ, мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметке келуге тыйым салынған еді. 

Бір жыл өткенде сотталған экс-әкімнің жазасы 13 жылдан 6 жылға өзгереді. Ал былтыр Ахметжанов қатаң тәртіптегі колониядан Қостанай маңындағы қоныс колониясына ауыстырылады. Биыл ақпанда Ахметжанов өтелмеген жазасын айыппұлға ауыстыруды сұрап, сотқа өтініш жазған. Оның өтінішін сот қанағаттандырмаған. Алайда, бірінші инстанциядағы соттың қаулысының күші жойылып, екі ай өтпестен, сәуірде жемқор шенеунік бостандыққа шыққан.

"Қорғас ісі"
17 жылдың орнына 5 жыл

"Қорғас ісінің" белгілі фигуранттары - ҰҚК бұрынғы полковнигі Талғат Жақаев пен Алматы облысы бойынша кеден комитеті департаментінің экс-бастығы Құрманбек Артықбаев биыл қазан айының басында бостандыққа шыққан. 

"Артықбаев пен Жақаев Семейдегі ОВ 156/14 мекемесінде жазасын өтеген. Tengrinews.kz тілшісінің сауалхатына берген жауабында ШҚО сотының судья-координаторы Назгүл Рахметуллина бұл мәліметті растап берді. Оның айтуынша, Президенттің 30 қыркүйектегі жарлығы бойынша, сотталғандардың өтелмеген жазасы айыппұлға ауыстырылған. 

Естеріңізде болса, қос басшы 2014 жылдың сәуірінде Алматы облысында сотталған. Сотта олардың ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны және кеден аумағында экономикалық контрабандамен айналысқаны дәлелденген.

Атышулы істе жалпы 45 адам сотқа тартылған, оларды 35 адвокат қорғаған. Сот тыңдауы бір жылға созылып, судьялар үкім шығару алдында 1500 том іспен танысып, 600 видеожазбаны қарап шыққан. Ал куәгер ретінде 600 адам сотқа қатысқан.

Жақаев 17 жылға, ал Артықбаев 14 жылға бас бостандығынан айырылған. Осылайша, Жақаев 17 жылдың орнына 5 жыл, ал Артықбаев 14 жылдың орнына 5 жыл ғана жазасын өтеген.

Қанат Сұлтанбеков
10 жылдың орнына 2 ай мен 2 миллиард теңге


Қанат Сұлтанбеков сот залында. © КТК арнасының кадры

Былтыр, 2018 жылдың ақпанында "Қазақстан инжиниринг" басқарма төрағасының экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков жазасы айыппұлға ауыстырылып, үкім шыққаннан кейін бар болғаны 2 айдан кейін бостандыққа шыққан болатын. 

Сот 2017 жылдың желтоқсанында оны 1 миллиард теңгеден аса қаражат көлемінде пара алу ісінде айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ, Сұлтанбековке өмір бойына мемлекеттік қызметке тұруға тыйым салынған. Судья Баязид Дәрібаев Сұлтанбековті "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс жасаған. 

Алайда, 2 ай өткенде, яғни 2018 жылдың ақпанында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушының апелляциялық шағымын қарап, оның 10 жыл жазасын 2 миллиард теңгеден аса айыппұлға ауыстыруға шешім қабылдаған. 

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 516.05  course up  536.88  course up  5.2  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer