1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"16 желтоқсанда локдаун енгізіледі". Желіде карантин туралы жалған ақпарат тарады 04 декабря 2020, 13:57

Таяуда желіде 16 желтоқсаннан бастап елде екі апталық локдаун енгізіледі деген ақпарат тараған. Хабарламада барлық дүкен жабылатыны, сондықтан

Таяуда желіде 16 желтоқсаннан бастап елде екі апталық локдаун енгізіледі деген ақпарат тараған. Хабарламада барлық дүкен жабылатыны, сондықтан тезірек азық-түлік сатып алу керегі айтылады. Кейін бұл ақпарат жоққа шығарылды. Tengrinews.kz тілшісі желіде қазақстандықтар таратқан жалған ақпараттар туралы баяндайды.

"Қазақстандағы екі апталық локдаун туралы ақпарат" - фейк

WhatsApp мессенджерінде 16 желтоқсаннан бастап екі апталық локдаун енгізілетіні туралы ескерту таратылды. Хабарлама авторларының айтуынша, азық-түлік дүкендері де жабылады, тек дәріханаларға ғана бұрынғы режимде жұмыс істеуге рұқсат етіледі.

"16.12.2020 күні Қазақстанда екі апталық карантин енгізіледі. Бәрі жабылады, тіпті, дүкендер де. Тек дәріханалар жұмыс істейді. Алдын ала бәрін сатып алыңдар. Туыстарыңа айтыңдар", - делінген хабарламада.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Бұл жалған ақпарат. Бүгінгі таңда мұндай қатаңдату шараларын қабылдау жоспарланып отырған жоқ. Бірде-бір облыста мұндай мәселе көтерілген жоқ", - деді комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Комитет өкілі маска тағу және әлеуметтік қашықтықты сақтаудың маңызын еске салды. Ол адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға шақырды.

"Коронавирусқа қарсы вакцинада қауіпті заттар бар" - фейк

Қазақстандықтар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде COVID-19 қарсы вакцинаның құрамы өмірге қауіпті екені туралы фейк ақпарат таратқан.

Атап айтқанда, пайдаланушылар Pfizer компаниясы әзірлеген препараттың құрамына тоқталады. Хабарламаға сенсек, вакцинада калий хлориді, бір негізді калий фасфаты, натрий хлориді, натрий фосфаты, сахарозаның екі негізгі түрі бар екен.

Stopfake.kz мәліметінше, бүгінгі таңда компания вакцинаның толық құрамын көпшілікке жариялаған жоқ. Препараттың модификацияланған матрицалық РНҚ негізінде жасалғаны белгілі. Мұндай құрамдағы вакциналар бұрын-соңды қолданылмаған.

Хабарламада препараттың құрамына кірген деп болжанып отырған ингредиенттердің толық тізімі көрсетілген. Олардың біріншісі - калий хлориді немесе калий хлориді. Бұл қауіпсіз зат фармацевтикада кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, бұл жүрек ырғағын қалыпқа келтіруге және ағзадағы калий деңгейін көтеруге арналған препараттар құрамына кіреді.

Тізімде көрсетілген басқа да химиялық заттардың зияны жоқ екені дәлелденген.

"Министрді әшкерелейтін дәлелдер бар" - фейк

Мессенджерлерде полиция полковнигі Тұрлыбек Ахметовтің атынан жазылған хабарлама тарады. Мәтін авторы ішкі істер вице-министрі болып тағайындалмаса, министр Ерлан Тұрғымбаевты әшкерелейтін дәлелдер жариялаймын деп жазған.

"Менің дәлелім - "бомба". Тұрғымбаев қолдануы үшін сатып алынған қымбат тұрмыстық техника туралы немесе карьерада жоғарылау үшін үлкен көлемдегі ақша бергенін айтпай-ақ қояйын", - делінген хабарламада.

Министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарды. Хабарламада ІІМ-нің қазіргі қызметкерлері Тұрлыбек Ахметов пен Сергей Варгоның аты-жөні көрсетілген, бірақ олардың бұған еш қатысы жоқ екен.

"30 қарашада ІІМ қызметкерлері Т.Ахметов пен С. Варго әлеуметтік желілерде олардың есімдерін пайаланып, шындыққа жанаспайтын, жала таққан мәліметтерді жариялаған адамдарды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініш жазды. Аталған факт бойынша ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады және БАҚ-та көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысы бар адамдарды анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр", - делінген ІІМ ресми хабарламасында.

"Алматыдағы балалар алаңында бір бала қайтыс болды" - фейк

Қазақстандықтар Алматыдағы балалар алаңында қайтыс болған баланың видеосын таратып жатыр.

Stopfake.kz редакциясына жүгінген оқырман осы видеоны тексеруді сұраған. Кадрларда бірнеше жедел жәрдем бригадасы балалар алаңынан баланы зембілге салып, әкетіп бара жатқанын көруге болады. Оқырманның мәліметінше, оқиға Алматыда болған - ағасы інісін таяқпен ұрып өлтірген.

Шын мәнінде, бұл кадрлардың Қазақстанға да, Алматыға да еш қатысы жоқ. Қайғылы оқиға биыл 30 қарашада Мәскеуде болған. Екі бала ойын алаңында жүрген, кенеттен олардың бірі құлап, сол жерде қайтыс болады.

Бір болжам бойынша, бір бала екіншісіне лақтырған таяқ оның маңдайына тиген. Бірақ ойын алаңында орнатылған бейнебақылау камерасындағы жазбалар бұл болжамды дәлелдеген жоқ. Кадрларда баланың шайқалып, басын ұстап, құлағаны көрінеді. Оған ешкім ештеңе лақтырмаған.

Кейіннен дәрігерлер баланың бас миының қан тамырлары ауруынан қайтыс болғанын хабарлаған.

"Қазақстандағы газдалған суындардан бір бала қайтыс болды" - фейк

Соңғы уақытта Қазнет қолданушылары педиатр Ринат Мұратовтың атынан хабарлама таратып жатыр. Хабарламаға сәйкес, қазақстандық ауруханалардың бірінде "Тархун" сусынын ішкен бір бала көз жұмған, тағы біреуі реанимацияда жатыр.

"Кеше инфекциялық аурухананың жансақтау бөлімінде бір бала қайтыс болған. Демалыста "Тархун" ішіпті. Билирубин жоғарылап, интоксикация болып, 2 күн комада жатты, дәрігерлер құтқара алмады. Балалармен сөйлесіп, түсіндіріңіздер: қазір онда жұмадан бері бір қыз жатыр. Жансақтау бөліміне жатқызылмады. Дәрігердің айтуынша, бөлімнің жартысы энергетик ішкендер екен", - делінген хабарламада.

Жазбада Қазақстанда сатылатын "қауіпті" өнімдердің тізімі ұсынылған.

Бұл ақпаратты ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, бүгінгі таңда Қазақстанда тізімде жарияланған өнімдерден балалардың улану және қайтыс болу жағдайлары тіркелмеген. Сонымен қатар, бұл ақпарат бұған дейін 2019 жылы тараған болатын. Сонымен қатар, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 7-баптары бойынша, сәйкес келмейтін (оның ішінде қауіпті) өнімдер туралы ақпарат ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында "Сәйкес келмейтін өнімдер тізілімінде" жарияланған", - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Мәліметтер Stopfake.kz сайтынан алынды

"Маскасыз жүргендерді суретке түсіріп жатыр". Желіде тараған жалған ақпараттар