Алматыда коронавирус жұқтыру 7 есе төмендеді - Надыров 14 августа 2020, 12:30

Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Алайда күзде коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін. Өңір қазір соған дайындалып жатыр. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Күзде COVID-19 вирусының жаңа толқыны болуы мүмкін. Соған дайындық бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Эпидемияға қарсы тұру үшін барлық деңгейде жүйелі түрде жұмыстар күшейтілді", - деді Камалжан Надыров онлайн-брифингте.
Ол соңғы екі аптада ауру деңгейі 7 есе төмендегенін атап өтті.
"Пандемия басталғалы бері Алматы қаласында 13 742 COVID-19 жағдайы тіркелді. Соңғы 15 күнде ауру деңгейі 7 есе төмендеді. Егер шілде айының соңында тәулігіне 271 жағдай тіркелген болса, бүгінде 40 жағдай анықталды. Коронавирустан қайтыс болған адамдар саны – 195. Барлығы 9 306 адам сауығып шықты, бұл дегеніміз жұқтырған жағдайдың 68 пайызы.
Жалпы төсек-орын сыйымдылығы - 5781 орын және қазір стационарлардың жүктемесі 19 пайыздан аспайды. Бүгінде тәулігіне 60-тан аса науқас ауруханаға жатқызылады, салыстырмалы түрде бір ай бұрын ғана стационарларға тәулігіне 417 науқас түсетін", - деді басқарма басшысы.
Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 101 848-ге жетті. 78 633 науқас аурудан айықты.
Еске салайық, елімізде 17 тамыздан бастап карантин режимі жеңілдейді. Бұл туралы кеше ведомствоаралық комиссияның отырысынан кейін белгілі болды.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!