Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
29 октября 2020 15:45

Амнистия, жалақы және баспана. Тоқаев полицейлерге қатысты қандай тапсырма берді?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты. Мұнда ішкі істер органдарының биыл атқарған жұмыстары қорытындыланып, Президент тапсырмалары айтылды. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың тәртіп сақшыларына қатысты қандай тапсырмалар бергенін баяндайды. 


Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты. Мұнда ішкі істер органдарының биыл атқарған жұмыстары қорытындыланып, Президент тапсырмалары айтылды. Tengrinews.kz тілшісі Тоқаевтың тәртіп сақшыларына қатысты қандай тапсырмалар бергенін баяндайды. 

Тоқаев пандемияда жұмыс істеген қызметкерлерге алғыс айтты

Президент коронавирус пандемиясы кезінде уақытпен санаспай өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді.


Фото: Әлихан Сариев 

Мемлекет басшысы ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыстың қауіп пен қатерге толы екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Тәуелсіздік жылдарында өзінің қызметтік міндеттерді орындау кезінде 797 полицей қаза тауып, 2604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған.

"Мемлекеттің тұрақтылығын және қоғамның береке-бірлігін сақтау - басты міндет. Осындай сәтте полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне, отаншылдық рухына, қажыр-қайратына көп нәрсе байланысты. Мұны ішкі істер органдарының барлық қызметкерлері жете түсінеді деп ойлаймын", - деді Президент. 

"Сәтбаев пен Қордайдағы оқиғалардан сабақ алу қажет"

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қордай ауданы мен Сәтбаев қаласында болған қайғылы оқиғаларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл оқиғалардан сабақ алу қажет.  

"Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық - біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс", - деді Мемлекет басшысы.


Қордайдағы қақтығыс кезінде. © tengrinews.kz

Президент ішкі істер органдары мен азаматтардың өзара қарым-қатынасында қызмет көрсету моделін енгізу маңызды екенін, оған "полиция қадамдық қолжетімділікте" қағидатын негізге алу керектігін атап өтті.

"Учаскелік инспектор - белгілі бір аумақтағы қылмысты болдырмауда, жергілікті халықтың мәселелерін шешуде, қылмыстың тікелей немесе жанамама түрде алдын алуда, азаматтардың өмір сапасын арттыруда басты тұлға саналады. Халықпен ашық диалог жүргізу керек. Олардың жергілікті полициядан не күтетінін біліп, көмек керек кезінде қастарынан табылуы қажет. Отандастарымыздың сеніміне басқаша ие болу мүмкін емес", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Полицияда дөрекілікке жол берілмеуі керек"

Мемлекет басшысы құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Оның ойынша, полиция қосалқы функциялардан өкінбестен бас тартуы керек.

"Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыстары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді", - деді Президент.


©Әлихан Сариев

Мемлекет басшысы кадр саясатына баса мән берді. Ол полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін атап өтті.

"Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2021 жылы амнистия жасалады

Президент полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, түзету жүйесінің жағдайын жақсарту керек екенін мәлімдеді.

"Елдегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қылмыстың өршуіне және түрме "тәртібінің" таралуына мүлде жол беруге болмайды. Ондағы жағдайдың аса мәз емес екені мәлім. Бас бостандығынан айырмай жазалауға қатысты түйткілдер бар. Министрлік қылмыстық-атқару жүйесіндегі мәселелерді шешу бойынша нәтижелі жұмыстар көрсетуі керек", - деді Мемлекет басшысы.

Президент өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, заңға сәйкес, азаматтарға және жалпы мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыс жасаған адамдарға амнистия жасалатынын жеткізді.

Полицейлерге пәтер жалдауға өтемақы беріледі

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елордалық полиция департаментіне жаңа ғимарат салу мәселесін тапсырды.

Мемлекет басшысы полиция қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қолдау негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Президент тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсаттарға қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді. Бұл шара аясында кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қамтылып, жалпы 8 мың адамға қолдау көрсетіледі.


© Tengrinews.kz

Полицейлердің жалақысы 30 пайызға өседі

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.

Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.

"Қазіргі жағдайда дәрігерлермен қатар майданның алғы шебінде полиция қызметкерлері де жүр. Өйткені азаматтардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен берекелі өмірі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгідей күрделі жағдайда мемлекет індетке қарсы тұрғандардың барлығын қолдайды. Менің тапсырмам бойынша пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге беріледі", - деді Мемлекет басшысы.

Президент сөз соңында жоғарыда аталған міндеттерді толық орындау қажет екенін айтып, ІІМ бұл жұмысты абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 451.02   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети