19 апреля 2018 12:41

"Анаммен үйде қазақша сөйлесеміз" - Студент Патрик Эссамамбо

Студент Патрик Эссамамбо. © Манас Жантекеев

Алда келе жатқан 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне елімізде тұрып жатқан ұлттар достастығына мысал болатын кейіпкерлерді іздестіріп, 20 жастағы Патрик есімді қазаққа тап болдым...

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алда келе жатқан 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне елімізде тұрып жатқан ұлттар достастығына мысал болатын кейіпкерлерді іздестіріп, 20 жастағы Патрик есімді қазаққа тап болдым...

Реклама
Реклама

Иә, жаңылыс оқып отырған жоқсыздар, бұл жігіт Патрик Эссамамбо - қазақ. Ол шетелден келіп оқып жатқан жоқ, Алматыда туып-өскен. 

"№38 мектепте оқыдым, кейін №6 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде оқыдым. Конькиден спорт шеберіне үміткермін. Қазір үшінші курста оқимын. Университетке түскеннен соң спортқа уақыт қалмады. Әрине демалыс сайын тауда жүгіріп тұрамын, мүлде босаңсып қалмау үшін", - дейді Патрик. 

Патриктен қазақша қайдан білетіні туралы сұрағанымызда, ол "өйткені мен қазақпын" деп жауап берді.

"Анам қазақ, ал әкем туралы ештеңе айта алмаймын. Менің өмірімде ол болған жоқ. Мен үшін анам да, әкем де болған жалғыз адам, менің сүйікті анашым. Үйде анаммен қазақша сөйлесеміз, университет қабырғасында орыс тілі басымырақ жүреді. Сабақ емес, студенттер арасындағы қарым-қатынас кезінде. Ал достарыммен әр тілде сөйлесемін, шетелдік достарым да бар өйткені", - деп қызық жайтты баян етті ол. 

Алғаш көргенде шетел студенті ретінде көрінгенімен, біраз уақыт тілдескеннен кейін оның қарапайым алматылық жігіт екені байқалады. Ол алдағы өмірін тек Қазақстанмен байланыстырғысы келеді, "өзіміздің ел өркендеп жатқанда шетке шығудың не қажеті бар" дейді. 

"Қазақ десе бәрінің бірінші айтатыны қонақжайлық. Ал мен қазақ достарыма қарап, болашағынан үміті зор, алдын бағдарлай алады дер едім. Қазақтарда ұнайтын бір қасиет - ашық, достыққа адал. Еліміз дамып, қазақ тілінің мәртебесі өседі, сол үшін қазақшамды жетілдіргім келеді. Қазақша сөйлей алғаныммен жазбам аздап ақсайды, бір өкініштісі, қазақ тілін үйренетін жер аз, таппай жүрмін", - дейді ол. 

Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студент болашақ кәсібін мейрамхана бизнесімен және PR-менеджерлікпен байланыстырғысы келеді. Спорттан бөлек Патрик шығармашылыққа да жақын. Тіпті 2015 жылы Абай оқуларына қатысқан екен. Жайдарманнан университет құрамасында да ойнаған. Бұдан бөлек "48h Film Race" (48 сағатта түсіру) конкурсына да қатысып, ақтық сынына да жеткен екен.

"Досым Мирван екеуміз қатыстық, ол техникаға икемді жігіт. Бізге берілген тақырып - терезе, сары түс және болашақ осылай боларын білмедім деген кілт сөздермен байланысты болуы керек еді. Бұл бірінші курстағы оқиға. Осыдан кейін телехикая түсіргіміз келді. Мен өзім комикс жазамын, соның желісін негізге алып "Біз өзгеміз" атты хикаяның 1-бөлімін бастау үшін университетте кастинг жарияладық. Бірақ сабақ қиындап кетті дегендей, тоқтап қалды. Дегенмен ойда бар дүние, түсіргіміз келеді", - дейді Патрик. 

Сұхбатымыздың соңында Патрикке өзіңде басқа жігіттерге қарағанда бөлек екеніңді сезінбейсің бе деген сұрақ қойдым. 

"Жоқ, ешкім ренжіткен емес. Адаммен араласа білу керек. Мен қаншалықты ашық болсам, адамдар маған тартыла түсіп, лайықты жауап беретінін түсіндім", - деп түсіндірді ол. 

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram