Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
12 января 2022 10:08

"Арасында мастар бар". Алматыда қарулы топты алаңға жеткізген жүргізуші оқиғасын баяндады

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Иллюстрациялық сурет: ©REUTERS Иллюстрациялық сурет: ©REUTERS

45 жастағы Ғалымжан есімді алматылық 6 қаңтарда қалада жаппай тәртіпсіздіктер белең алғанда түрлі заттармен қаруланған бір топ адамды №7 қалалық клиникалық аурухана маңынан Республика алаңына дейін көлігімен жеткізіп салған. Әрине өз қалауымен емес. Зияны тиіп кете ме деп қорыққан ол "жеткізбеске амалым болмады" дейді. Жолда жанармай құю бекетіне де тоқтатқызған. Ғалымжан (Тегін жасыруды сұрады. - Автор.) Tengrinews.kz тілшісіне сол күні Қалқаман шағынауданына не үшін барғанын, қарулы топқа қалай тап болғанын, олардың мақсаты мен неге оқиғаны бірден полицияға хабарлай алмағанын баяндап берді. 


45 жастағы Ғалымжан есімді алматылық 6 қаңтарда қалада жаппай тәртіпсіздіктер белең алғанда түрлі заттармен қаруланған бір топ адамды №7 қалалық клиникалық аурухана маңынан Республика алаңына дейін көлігімен жеткізіп салған. Әрине өз қалауымен емес. Зияны тиіп кете ме деп қорыққан ол "жеткізбеске амалым болмады" дейді. Жолда жанармай құю бекетіне де тоқтатқызған. Ғалымжан (Тегін жасыруды сұрады. - Автор.) Tengrinews.kz тілшісіне сол күні Қалқаман шағынауданына не үшін барғанын, қарулы топқа қалай тап болғанын, олардың мақсаты мен неге оқиғаны бірден полицияға хабарлай алмағанын баяндап берді. 

Мал шарушылығымен айналысатын Ғалымжан анда-санда қалаға мал әкеліп сатады. Ал оларды таситын жүк көлігін әдетте Қалқамандағы №7 аурухананың тұрағына, полиция үйшігінің жанына қойып кетеді екен. Себебі үйінің маңында қоятын жер жоқ, оған қоса "мал таситын көлік болған соң иісі бар, астына төсейтін қиы бар, көршілер шағымданады" дейді.  

Ол 6 қаңтарда теледидардан содырлар Қалқамандағы №7 қалалық клиникалық ауруханаға басып кірді деген ақпаратты естіп, несиесі әлі бітпеген көлігін алып кетейін деп барған. Шамамен сағат түскі 14.00. 

"Белгісіз біреулер көлігімді айдап кетпек болған. Алайда жүргізе алмаған сыңайлы, көшеге дейін итерген. Абырой болғанда өртеп жібермепті. Жанында бір жеңіл көлік аударылып жатты", - дейді қала тұрғыны. 

Содан жылдам үйіне бет алғанда алдынан 20 шақты жігіт шығып, көлігін тоқтатқан. 

"Алаңға апар деп талап етті. Біреуінде мылтық болды. Басқалары таяқ, пышақ ұстап алған. Жеткізбеске амалым болмады. Әйтпесе ұрып-соғып, көлігімді өртейін деп тұр. Маскамен де маскасыз да жүр. Кейбіреуі тіпті бетін тұмшалап жауып алған. Басына полицейлердің каскасын киіп алғандар бар. Бәрі 20-25-тегі жас қазақ жігіттері, арасында 30-35-тегі ересектері де болды. Арасынан мастарын да байқадым. Сөйтіп қасыма екі жігіт отырды, қалғаны артына тиеліп алды. Темірге Қазақстан туын іліп қойды", - дейді ол. 

© Tengrinews.kz

"Жанармай бекетін тонады" 

Жол-жөнекей тағы 3-4 рет тоқтатып адамдар мінген екен. Кейін тоналып жатқан жанармай құю бекеттерінің біріне тоқтаған. 

"Райымбек-Саин көшесіне дейін көлікте нөмір болды. Жанармай құю бекетіне келгенде олар алып таста, ештеңені видеоға түсірме деді. Өзара да видеоға түсірмеуге келісті. Жанармай құю станциясы өзі де тоналып жатыр екен, оларға мына бұзақылар қосылды. Бөтелкелерге жаққанға деп жанармай құйып алды. Бір-біріне көп қылып оттық пен дымқыл майлық таратты. Майлық газ иісінен қорғауға көмектеседі екен. Соған қарағанда алаңға бірнеше күн бойы шығып жүрген. Оған қоса өртсөндіргіш, су алып шықты", - дейді ол. 

Алматы тұрғыны сол кезде қашып кетейін десе көлігі ескі, тым баяу екенін, полицияға хабарлайын десе ешкім телефон көтермейтінін айтып отыр. 

Бұзақылар биліктен не сұрап отыр? 

Ғалымжан бұзақылар тобырға ілігіп кеткен қарапайым жастар сияқты көрінгенін айтып отыр. Оның сөзінше, жас балалар не үшін кетіп бара жатқанын өздері білмейді. 

"Үкіметтен не сұрап отырсыңдар?" деп сұрадым. "Ештеңе, билік кетсін" деді. Болды", - дейді ол.

© Tengrinews.kz

9 қаңтарда полицейлер Ғалымжанның үйін тексеріп кеткен

Алматылықтың сөзінше, сол күні қалада бір полицей болмаған.

"Ешкім тоқтатпады. Адамдарды Республика алаңына жақын жерден түсіріп үйіме қаштым. Жол-жөнекей Moskva сауда үйі тоналып жатқанын көрдім. Кешке қарай көршіме болған оқиғаны баяндап бердім, полицияға баратынымды айттым. Бірақ көршім онда атыс болып жатқанын, қауіпті екенін ескертті. Сөйтіп жүргенде 9 қаңтарда полицейлер өзі келіп, үйімнің бұрыш-бұрышын тінтіп, телефонымды тексеріп шықты. Мен болған оқиғаны түгел айтып бердім, кейін Әуезов аудандық полиция бөлімшесіне барып, түсініктеме жаздым", - дейді ол. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 443.2   490.7   4.82 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети