1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Бекшин Алматыда ауру жұқтырғандардың көбеюіне не әсер еткенін айтты

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин шаһарда COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны неге өскенін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Оның айтуынша, 27 мамырда Алматыда коронавирус жұқтырудың 117 дерегі тіркелген.

"Оның себебі бәрімізге мәлім. Карантин режимі кезінде қалаға кіреберістер ашылды. Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен коронавирусқа тестілеуге тапсырыс бере алады. Тестілеу ауқымды болды. 3 мыңға жуық қызметкер өз еркімен тестілеуден өтті. Ауру дерегінің өсуі осыған байланысты", - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жандарбек Бекшин індет жұқтырған 117 науқастың 42-сі ауруды қалай жұқтырғанына тоқталды.

"42 адам індет жұқтырған науқастармен байланыста болған. Бұл - арнайы жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Коронавирус жұқтырудың 18 дерегі медицина қызметкерлеріне қатысты. Олардың басым бөлігі стационарда жұмыс істейді, науқастармен байланыста болады", - деді бас санитар дәрігері.

Айта кетейік, Алматыда СOVID-19 вирусын жұқтырудың 2 647 дерегі тіркелді. 1 552 науқас дертінен айықты, 10 адам қайтыс болды.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 11 308-ге жетті. 5 458 науқас емделді, 41 адам аурудан көз жұмды.