Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
11 сентября 2020 13:58

"Бұл жайтты айтпағанмын". Кешірім сұраған президенттер кім?

Рахила Тлеуова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фотоколлаж: Tengrinews.kz Фотоколлаж: Tengrinews.kz

Психологияда "адамның сөзі не ісі біреуге ауыр тисе немесе зардабын тигізсе, содан кейін қатесін түсіну және кешірім сұрау - ес тоқтатқан адам екенін білдіреді" деген бар. Өмірде түрлі жағдай болады. Тіпті президенттер кейде өзі істеген ісі, кейде отандастарының қатесі үшін жария түрде кешірім сұрайды. Tengrinews.kz тілшісі осындай президенттер туралы баяндайды.


Психологияда "адамның сөзі не ісі біреуге ауыр тисе немесе зардабын тигізсе, содан кейін қатесін түсіну және кешірім сұрау - ес тоқтатқан адам екенін білдіреді" деген бар. Өмірде түрлі жағдай болады. Тіпті президенттер кейде өзі істеген ісі, кейде отандастарының қатесі үшін жария түрде кешірім сұрайды. Tengrinews.kz тілшісі осындай президенттер туралы баяндайды.

РФ президенті Сербия басшысынан кешірім сұрады

Қазір әлемдік БАҚ Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Сербия президенті Александр Вучичтен СІМ өкілі Мария Захарованың жазбасы үшін кешірім сұрағанын жазып жатыр. Захарова әлеуметтік желідегі жазбасында серб делегациясының Вашингтонға баруын "Основной инстинкт" фильміндегі кадрмен сипаттаған.

10 қыркүйекте Путин мен Вучич телефон арқылы сөйлескен, оған дейін серб президенті Лавровпен сөйлескен.

"Президент Путинмен тамаша әңгімелестік. Ресей президентімен жиі консультация болып тұратынын ұмытпаңыздар. Мария Захарованың ағат жазбасынан кейінгі әсерден Ресейдің маған деген және Сербияға деген қарым-қатынасын көрген шығарсыздар", - деп мәлімдеді Вучич бейсенбіде ұлттық телеарна эфирінде.

"Президент Путин менен ешқашан ешнәрсе үшін кешірім сұрамаған, Сергей Лавров та. Ал осыдан кейін (Захарованың жазбасынан кейін) екеуі де кешірім сұрады. Оның үстіне мен бұл жайтты айтпағанмын, тәртіпті адам ретінде ешқашан бұл туралы айтпас едім. Біздің қарым-қатынасымыз жақсы деп есептеймін, бұл мен үшін өтпелі, маңызы жоқ оқиға деп санаймын", - деді Сербия президенті.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков те Путиннің Вучичтен кешірім сұрағанын растады.

"Иә, солай", - деді Песков РИА Новостиге.

4 қыркүйекте Сербия президенті Ақ үйде Дональд Трамппен кездескен. Осы кездесудегі бір суретке қатысты Facebook желісінде Мария Захарова пікір білдірген. Ол Ақ үйдегі Трамп пен Вучичтің келіссөзін жауап алумен салыстырып, "Основной инстинкт" фильмінің кадрын жариялаған.

"Сізді Ақ үйге шақырып, орындықты дәл осылай, жауап алудағыдай қойса, Сіз #2 фотодағыдай отырыңыз. Кім болсаңыз да. Маған сеніңіз", - деп жазды ресейлік СІМ өкілі. 

Бұл жарияланымды Сербия ресми тұлғалары сынап тастады. Захарова болса кешірім сұрап, жазбасы дұрыс түсінілмегенін мәлімдеді. "Мен айтқым келген бір ғана мәні - "ерекше" тараптың тәкаппарлығы", - деп түсіндірген ол.

Австрия президенті карантин талабын бұзғаны үшін кешірім сұрады

Иә, қазір карантин ережесін бұзғандар айыппұл төлеп жатыр. Барлық елде солай. Бірақ кейде президенттер де талапты бұзып қойғанын байқамай қалады.

Венаның тәртіп сақшылары түнде мейрамханада отырған президент Александр Ван дер Белленнің үстінен түсті. Оның жанында әйелі мен достары болған. Елдегі заң бойынша карантин кезінде дәмханаларға кешкі 11-ден кейін жұмыс істеуге, келушілерді қабылдауға қатаң тыйым салынған. Ыңғайсыз жағдайға қалған мемлекет басшысы Twitter желісіндегі парақшасында көпшіліктен кешірім сұрады.

"Өте өкінішті, бұл қате болды. Достарыммен және жұбайыммен отырғанда уақыттың қалай тез өткенін байқамай қалдым", - деп жазды ол.

Сондай-ақ, ол бұл жағдайға байланысты барлық айыппұлды төлеуге әзір екенін жеткізген.

Беларусь президенті Асқар Маминнен кешірім сұрады

Қазақстан да мұндай жағдайдан сырт қалмады. Тек "бізден" кешірім сұрады. Оқиға қазір дүрбелең болып жатқан Беларусь елінде болды.

2020 жылғы 17 шілдеде Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. 

Фото: primeminister.kz

Беларусь президенті Қазақстан премьер-министрімен кездесердің алдында Ресейдің үкімет басшысы Михаил Мишустинмен кездесіп, ол ұзаққа созылған. Соған байланысты мемлекет басшысы қазақстандық қонақтан кешірім сұрады.

"Ресей премьер-министрімен алғаш рет кездестік. Проблема толып жатыр. Айтпақшы, ортақ проблемаларымыз туралы айттық. Келгеніңіз үшін алғыс айтамын", - деді Беларусь басшысы.

Иран президенті Хасан Роухани украиналықтардан кешірім сұрады

Кейде биліктің қатесі адам өліміне әкеп соғады. Тіпті өз азаматтары емес, шетелдіктердің қазасына себеп болып жатады. Осындай жағдайдың бірі Иран үкіметінде болды.

2020 жылғы 12 қаңтарда Иран президенті Хасан Роухани украиналық Boeing 737-800 ұшағын атып түсірген оқиға үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленскийдің сайтында жазылды.

Аталған мәліметте сөйлесуге ирандық тарап бастама жасағаны да айтылды.

"Хасан Роухани Украина халқына және қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтып, 176 адамның өмірін жалмаған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Иран басшысы трагедияның өз әскерилерінің қатесінен болғанын толықтай мойындаған", - делінген хабарламада.


Көрнекі сурет

Украина президентінің айтуынша, атып құлатылған украиналық ұшақ экипажы халықаралық ұшу ережелері мен нұсқаларын қатаң сақтаған.

8 қаңтарда Украина халықаралық авиациясының Тегераннан Киевке бет алған ұшағы көкке көтерілісімен екі минут өткенде апатқа ұшыраған болатын. Өкінішке қарай, апат салдарынан бортта болған 176 адамның ешқайсы аман қалмады.

Түркия президенті Ресейден кешірім сұрады

Дәл осындай жағдай 2016 жылғы 27 маусымда Ресей мен Түркия арасында болды. РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путин Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғаннан хат алғанын, онда ресейлік Су-24 пилотының қазасына байланысты кешірім сұрағаны айтылғанын мәлімдеді.

"Ердоған болған оқиғаға байланысты терең күйзеліспен көңіл айтып, Түркия мен Ресейдің дәстүрлі достастық қарым-қатынасының қайта орнығуына, сонымен қатар өңірдегі дағдарыс оқиғаларына бірігіп жауап қатуға, терроризммен күресуге бар мүмкіндікті жасайтынын жеткізді", - деп атап өтті Песков. 


© news-front.info

Сирияда антитеррористік операцияға қатысып жатқан Су-24 ұшағын 2015 жылдың 24 қарашасында түрік әскерилері атып түсірген болатын. Ресейлік ұшақтың экипаж командирі Олег Пешков парашютпен жерге қону кезінде қаза тапты - оған жерден оқ атылған. Осы оқиғадан кейін арадағы жағдай бұзыла бастады. БАҚ мәліметінше, ұшақ түріктің F-16 жойғышының "әуе-әуе" түріндегі зымыраны арқылы атып түсірілген және Сирияда, Түркияның шекарасына 4 шақырым жерге құлаған.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл! 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети