Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
13 августа 2020 14:31

"Бұл - сенсациялық жаңалық". Түркістанда маңызды тарихи нысандар табылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі

Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан маңызды тарихи нысандар табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан маңызды тарихи нысандар табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мамандардың айтуынша, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты​ Ескі Түркістан қаласының көне шахристан және ортағасырлық магистралды көше бойынан табылған тарихи нысандар тек Қазақстан үшін емес әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық​ тудыратын сенсациялық жаңалық.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік бөлігінде орналасқан Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан табылған көптеген құнды дерек беретін керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары XVIII-XIX ғасырларға тән, өзіндік ерекше маңызы бар сирек кездесетін орындар.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметкері Мадина Айтпенбетова айтуынша, бұл биыл тамыз айында табылған нысандар. 

"Негізі зерттеу жұмыстары былтыр басталған. Бұл нысандарды ғалымдардың өзі археологиялық зерттеу жұмыстары барысында анықтады. Қазір археологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл анықталды, енді ары қарай жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ғалымдар ол жерде анықталған керамикалық пеш Қазақстандағы алғашқы пеш болуы мүмкін деп болжап отыр. Себебі басқа өңірлерден табылған пештер жалғыз, ал бұл жердегісі ауқымды кешенді пеш. Сосын бұл нысандар толық зерттеліп болғаннан кейін ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарланып отыр", - дейді ол.  

Тәкия қақпасының жанынан табылған үлкен Керуен сарайының қабырғаларындағы құжаттар мен бағалы заттар сақтайтын арнайы қуыстар ерекше назар аудартады. Керуен сарайының қабылдау бөлмесі, ауласы, қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, "мүричә" деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар.

"XIX ғасырдың 1843-1849 жылдары Қоқан иелігі кезінде сыртынан қоршалған Тәкия қақпасының түбінде қаланың Керуен сарайы орналасқан. Төрт қақпаның барлығының түбінде керуен сарайы болған. Сонымен қатар, моншасы, кішігірім мүричә деген моншасы болған. Қазбадан табылған олжаны "Тәкия Керуен сарайы" деп атадық. Бұл жерде негізгі есігі арқылы қабылдау бөлмесіне кіретін болған. Қабырғаларында арнайы қуыстары көп, яғни мұнда келушілердің қымбат заттары сақталған. Қарама-қарсы бұрышта осы Керуен сарай басшысының кеңсесі орналасқан.

Ал, ортадағы алаңға көше арқылы керуен келген. Ал, батыс бетіне түгел қойма салынған. Бұл қоймаға жүктерін түсіріп, сақтап отырған. Керуен сарайдың көпшілігі екі қабатты, оның екінші қабаты "Балахана", яғни жоғарыдағы бөлме деп аталып керуеншілер дамылдаса, бірінші қабаты міндетті түрде қоймаға арналған. Көлемі 35-40 метрдей болатын бұл құрылысты биылғы табылған үлкен жаңалықтың бірі деуге болады", - дейді, тарих ғылымдарының кандидаты, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.

Марат Тұяқбаевтың айтуынша, Тәкия қақпасына жақын жерден ашылған үлкен мектептің құрылысы да ерекше назар аударатын жаңалықтардың бірегейі. Бұл Түркістанда табылған алғашқы мектеп екендігімен ерекше және құнды жаңалық.

"Бұл нысанды алғашқыда медресе ме деп ойладық. Түбегейлі зерттей келе ауласы ортасынан екіге бөлінген, ұлдар мен қыздарға арналған мектеп екенін анықтадық. Бұл жерде жас балалардың сауатын ашу үшін, тілін сындыру үшін оқу жүйесі болған. Мектепті бітіріп шыққан балалар медресеге түсетіні белгілі. Көріп тұрғанымыздай ұзындығы 40 метрден асады, ені 25-30 метрдей, ортасынан екіге бөлінген. Мына бөлмелердің барлығы құжыра бөлмелер, мұнда балалар жатып та оқыған, қалалық балалар қатынап та оқыған. Қала тұрғындары да, дала тұрғындары да ұл-қызын мектепке беріп​ оқытқан. Жақсы, үздік бітірген балалар "Ғалия" немесе Бұқара қаласындағы медреселерде оқуын жалғастырған. Бұл Түркістандағы мектептің ең алғашқысы", - дейді археолог. 

Археологтар тапқан ерекше олжаларының бірі ата-бабаларымыздың ежелден бері өндіріс көздерін игергендігі мен өндіріс технологияларын жасап, кеңінен қолданғандығын айғақтайтын - керамикалық цех орны.

Ясауи кесенесі аумағында орналасқан қыш бұйымдарын дайындайтын кең ауқымды цех - Қазақстанда алғаш рет анықталған орынның бірі саналады. Мамандардың айтуынша бұл жерде ыдыс–аяқ пен құрылыс кірпіштерін күйдіретін үлкен көлемдегі кешенді цех орны анықталған.

"Археологиялық қазба жұмыстары барысында қыш бұйымдар дайындайтын цех табылды, мұнда ыдыс-аяқ пен құрылыс кірпіштері күйдірілген. Мұнда қазірдің өзінде әр түрлі үлгідегі 8 пеш орны қазылды. Үлкен көлемдегі керамикалық бұйымдар шығаратын орынның анықталуы сенсациялық оқиға деуге болады. Кешенде саз илейтін, ыдыс-аяқ жасайтын, кептіретін, күйдіретін, сақтайтын орындардың барлығы қарастырылған", - дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қызметкері, археолог Ерлан Қазизов.

Мамандардың зерттеуі нәтижесі бойынша, көне шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы да бірнеше бөлмелерден тұрады. Су резервуары сияқты - сардоба да сақталған. Құрылыстан бөлек қызметкерлері үшін арнайы бөлмелерінің болуымен де ерекшеленеді. Емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.

Сонымен қатар, Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізілді. 620 метрді құрайтын бас көшенің бойында қазылған 170 метр аумақтың, ені 25 метрден тұратын 70 метр жері және қалған бөлігіндегі ені 5 метр тұратын жерлері зерттеліп, хан мешіті жанынан хандардың жеке намаз оқитын "махсура" бөлмесі мен әскери мұнаралар, мешіт мұнаралары мен қонақ қабылдайтын "мәлзел" бөлмесі анықталды. Жеті ата қақпасына дейінгі магистралды көшеден табылған кешенді құрылыстар XV-XVI ғасырларға тиесілі.

Сондай-ақ, көше бойындағы XVIII-XIX ғасырға тән ғимараттардың есіктерінің жолға қарағандығы, бертін келе, бұл көшенің көпшілікке қызмет көрсететін қоғамдық орын, яғни дүкен, асхана болғандығын аңғартады.

"Магистралды көше бойынан табылған Есім хан негізін қалаған хан ордасы мен мешіті, археология саласының айтулы жаңалығының бірі болғаны белгілі. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған табыстар бұл орынның алтыншы құрылыс қабаты XVII ғасырдың соңы мен XVIIIғасырдың бірінші жартысы арасында қалыптасқандығын, яғни бұл кезеңде хан ордасын - Тәуке, Қайып, Болат, Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың мекен еткен кезеңіне сәйкес келетінін көрсетеді. Биылғы мешіт жанында жүргізілген зерттеу барысында анықталған махсура бөлмесі де хандарға қатысты өзіндік тарихынан хабар беріп отыр", - деді Марат Тұяқбаев.

Көне Түркістан аумағының тылсым сырларын анықтап, зерттеу және жұртшылыққа насихаттау жұмыстары Мәдениет және спорт министрлігінің негізгі мәселелерінің бірі.

"Түркістан аумағында көне дәуірде өмір сүрген көшпелілердің рөлі Еуразия үшін ғана емес, сондай-ақ әлемдік тарих үшін бағалы. 2004 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Оның басты мақсаттарының бірі - халықтың бай мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық сана сезімін дамыту мен бекіту, сондай-ақ әлемге еліміздің құнды ұлттық рухани қазынасын ашу болып табылды.

Қазіргі кезде "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің аумағында атқарылып жатқан ауқымды шаруалар жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламаның жалғасы іспетті. Солардың бірі - археологиялық қазба жұмыстары. Соңғы жылдары археологтардың жұмысы еселене түсті. Оған айғақ - үшінші жылға созылған қазба жұмыстарының соңғы күндері індет туралы ести-ести әбден шаршаған халқымызды селт еткізер сүйінші жаңалықтарымен қуантуы. Тарихымызға қажет әрі құнды деректер табылып жатыр. Кешегі күні қабылданған "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің бес жылдық даму тұжырымдамасында ескерткіштерді сақтау, туризмді дамыту, археологиялық зерттеу сияқты жұмыстар аталған құжаттың басты мақсаты болып белгіленген. Бұл құжат ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан мақұлданып, ендігі кезекте игілікті істердің атқарылуына мұрындық болып отыр. Әрине атқарылған шаруа аз емес, бірақ атқарылар шаруа одан да көп. Сондықтан, Ұлы қазақ даласында өмір сүрген халықтың мәдени игілігін зерттеу, сақтау тұрғысындағы жұмыстар жалғасатын болады",- деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Көне Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты және «Қазқайтажаңарту» мекемесі мен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалым, тарихшы, археолог мамандары жүргізіп жатыр.

Күлтөбе қалажұртындағы кешенді жобаның демеушісі - ERG компаниясы.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің территориясында "Күлтөбе" атауымен ашылатын археологиялық паркке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ERG компаниясының демеушілігімен 2019 жылы басталып, 3 жылға жоспарланған болатын. Археологиялық және қалпына келтіру жұмыстарын Қазақ ғылыми зерттеу институты жүргізіп келеді. Былтырғы жылы "Күлтөбе" қалашығының өзінде жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде 13-14 ғасырларға жататын көше, сол көшенің бойындағы тұрғын үйлер мен шеберхана құрылыстарының орындары ашылды. Биылғы жылы сол құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жұмысымызды лабораторияда жалғастырмақпыз. Мақсатымыз ашылған құрылыс орындары мен табылған жәдігерлерді ғылыми тұрғыда зерттеп, тарихи мұраларды "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тапсыруға дайындау болмақ" ,- дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының археологы Айсұлу Ержігітова.

Мамандардың пікірінше "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі айналасындағы тарихтың таңғажайып сырлары әлі алда. Алдағы уақытта да жүргізілетін зерттеу жұмыстары көптеген тарихи жұмбақтардың бетін аша түспек.

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 449.3   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети