ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
13 января 2022 | 15:10

Бүліктен билік қандай сабақ алды? Бердібек Сапарбаевпен үлкен сұхбат

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі. © әкімнің баспасөз қызметінен Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі. © әкімнің баспасөз қызметінен

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Tengrinews.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Өңір басшысы аймақтағы қазіргі ахуал, қаза болған генерал, құрықталған лаңкестер туралы сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, әкім Президентпен не туралы сөйлескенін баяндады.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Tengrinews.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Өңір басшысы аймақтағы қазіргі ахуал, қаза болған генерал, құрықталған лаңкестер туралы сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, әкім Президентпен не туралы сөйлескенін баяндады.

TN: Бердібек Мәшбекұлы, Жамбыл облысында болған дүрбелең неден басталды? Біздің білуімізше, мәселе сұйытылған газда емес.

  • Жағдайдың осыншалықты ушығып кететінін ешкім де білген жоқ, әңгімені осыдан бастайық. 4 қаңтарда Жамбыл облысындағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылар қала әкімшілігіне келіп, өз талаптарын қоя бастады. Олар көтеріп отырған мәселелер маған бұрыннан-ақ белгілі еді. Біз өз кезегімізде бұл отбасылармен бұған дейін де бірнеше кездесу өткізгенбіз. Облыс әкімі, қала әкімі және біздің орынбасарларымыз, сондай-ақ, тиісті департамент басшылары да көптеген жекелей тақырыптық отырыстар ұйымдастырды. Бұл кісілердің көтеріп отырған проблемаларын бір күнде, бір мезгілде шешілмейтіні ескертілген еді. Неге десеңіз, аз қамтылған отбасылардың басым бөлігі мемлекеттің қолданыстағы заңдарына сай келмейтін талап қояды.

TN: Ол қандай талаптар еді?

  • Олардың көп қозғайтын мәселесі - пәтер. Барлығымызға кезексіз пәтер беріңдер дейді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда пәтер заңға сәйкес беріледі, яғни оның өзінің кезегі бар. Қай кезеңнен бастап кезекте тұр, сол тізімге байланысты үйге қол жеткізе алады. Айта кету керек, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың өзінің жеңілдетілген кезегін қарастырғанбыз. Бұл мәселенің басы ғана. Екіншіден, барлық балаға 42 500 теңгеден атаулы әлеуметтік көмек берілсін деген талап айтылып жүр. Ол да заң нормасында емес. Келесі айтатындары - азық-түлік бағасы. Біз азық-түлік бағасымен күнделікті айналысып отырмыз. Арнайы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларын арзандатылған 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін өңірде 37 әлеуметтік дүкен аштық, оның ішінде тең жартысы қалада. Халық осындай сұрақтармен келіп, айғай шығара бастады. Оларды естіп, қалғандары да қосыла кетті. Әрине, арандатушылар мен бүлікшілер үшін бұл таптырмас мүмкіндік болды.

TN: Лаңкестер мен бүлікшілердің қатысы бары сол күні-ақ анықталды ма?

  • Иә, Қауіпсіздік департаментінен хабар келе бастады. Баяндамада шеруге шыққан халықтың арасына бүлікшілер мен арандатушылар қосылып үлгергені айтылды. Кейіннен біз шұғыл штабтың отырысын өткіздік. Тиісті құқық қорғау органдарына, прокуратураға қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жедел тапсырмалар берілді. Өкінішке қарай, күш құрылымдары тез әрекет етсе де, кешкі 5-те қала әкімшілігінің алдына жиналған халықтың арасына арандатушылар мен бүлікшілер қосылып үлгерді. Әкімшілік бұл кезеңде қоғам өкілдерін, зиялы қауымды, ардагерлерді, депутаттар мен спортшыларды жинап, ереуілге шыққан халықпен диалог құруға шақырды. Олардың сөзіне ермей, нанбағаннан кейін алаңға өзім шықтым. Мыңдаған адамның алдында барлық жағдайды түсіндіріп, халыққа басу айттым. Шынын айтқанда, жиналғандар өздеріне не керек екенін де білмейді. Әр нәрсені бір айтып, үлкен дау бастағылары келіп тұрды. Қанша тырыссақ та, құлақ аспады, сөзімізді тыңдағысы да келмеді. Ең өкініштісі, алаңға шыққан адамдардың көбі жастар еді. Обал болды. Екінші байқағаным, бұл тек менің байқауым емес, көпшілік те бірден аңғарған жайт. Жиынға шыққандардың басым бөлігі мас болып шықы. Ешқандай тәртіпке бағынбайды. Мұндай бассыздықты олардың өздері ұйымдастырмаған, бөтен адамдардың қолы анық байқалады. Қазір шеруге қатысқан 1500-ге жуық адамды полиция бөлімшелеріне жеткізіп, олармен жекелей жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі таңда 400-ге жуық күдікті тіркелді. Енді тергеу жұмыстары мен сот ісі басталып жатыр, біршама қылмыстық іс қозғалып жатыр. Ары қарайғы нәтижесі тергеу жұмыстары аяқталған соң ғана белгілі болады. Алдына ала дерек бойынша, ұйымдасқан топ өкілдері де белгілі болды. 

TN: Оны қайдан білдіңіздер?

  • Неге ұйымдасқан топ десеңіз, біріншіден, бұлардың әрекет ету алгоритмі миға қонымсыз. Өйткені, олар қарапайым халықты айдап салып, өздері көлеңкеде қалып қояды. Шеруде міндетті түрде алдыңғы шепте бір-екі машина жолды ашып береді, сосын артта тағы да бірнеше машина халықты ертіп, ұрандатады. Мұның барлығы қаладағы камераларға түсіп қалған. 15-23 жас аралығындағы жастар мен әйелдер жүр. Ал ұйымдастырушылардың өзі олардың артында жүр. Тағы бір мысал, 6 қаңтарда Отар блокбекетінде бір көлік ұсталды. Іші толған қару, ең маңыздысы, қайдан келгені белгісіз ақша көп. Өзіміздің теңге, қырғыздың сомы, рубль және доллар толған сөмкелер тәркіленді. Олардың арасында ұсталғандарын сөйлеттік. Бұзақылардың айтуынша, оларға ақша берілген. Қолдарына 20 мың теңге ұстатқан, егер алаңда көбірек қалатын болса, үстіне тағы қосамыз деп жалған уәде берген. Бұл сөзге сеніп, алаңға шыққан жастар көп, сол себепті де тәртіпсіздікте қолға түскендердің басым бөлігі жастар болып отыр. Оқуға енді түскен балалар не түсінеді дейсің. Жүрегім қан жылайды. Өз болашағын өздері құртты.

TN: Лаңкестер қатарында шетел азаматтары да болды ма?

  • Облыстық құқық қорғау органдары Қырғызстан мен Түрікменстанның азаматтарын қолға түсірді. Бізде бар дерек бойынша, олар - Тараз қаласының студенттері. Ал сырттан келген басқа шетел азаматтарын қосымша анықтап жатырмыз. Бізде 5 тергеу тобы құрылған, олар әрқайсын бөлек тергеп жатыр. Біздің мақсатымыз - 2 мыңға жуық адамның барлығын анықтау. Олар кімдер, қайдан келді, мақсаты не, қай елдің азаматы, тәртіпсіздікке неге барды және не пайда тапты деген сұрақтарға жауап табылады. Келесі аптада біз толығымен зерттеуді бітіреміз, сосын тиісті жаза қолданылады. Қазір 20 адам соттың шешімімен айыпталып, қамауға алынды. Олардың кім екені бізге белгісіз, танымаймыз. Араларында басқа мемлекеттерден келгендер де болды. Мысалы, Қырғызстанның, Ресейдің нөмірімен жүрген көліктер, сондай-ақ, нөмірсіз жүргендері тағы бар. Ең маңыздысы, бейбіт шеруге шыққандардың қатарында салафиттер мен сақалдылар көп. Олар қаланың шет-шетінен адамдар тартып, сепаратизмге шақырған. Біздің болжам бойынша, 2000-дай адам болды. Соның өзінде мен әскерге де, полицияға да тек заңға сәйкес әрекет жасаңыздар дедім. Өз халқымызға зияны тиіп кеткенін қаламадым. Ары қарай оқиғаның қалай өрбігені баспасөзде айтылды. Алып-қосарым жоқ.

TN: Облыс басшысы ретінде қандай шара қолдандыңыз? Бүліктің алдын алу мүмкін емес пе еді? Қандай кедергілер болды?

  • Біз қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Полиция департаментінің, Ұлттық ұлан қолбасшылығының әскерлерін әкімдіктің алдына жинадық, бірақ олардың қолында ешқандай қару болған жоқ. Мәселен, Ұлттық ұлан әскерінің қолында өзін қорғайтын қалқаны ғана болды. Ал әскерилерде қалқан да жоқ, ұстағандары тек күрек болды. Сөйтіп, біз жиналған қауыммен тағы да бір сөйлесіп, ортақ мәмілеге келмек болдық, бірақ, өкінішке қарай, бұл жолы да сөзімізге құлақ асқан жан табылмады. Дегенмен, түнге таман халық әкімшілік алаңынан тарқай бастады. Сол кезеңде мониторинг жасап үлгердік. Басқа өңірлердегі ахуалды бақылауымызға алдық, әсіресе, Жаңаөзен, Ақтау, Атырау, Ақтөбедегі жағдайларды жекелей қарадық. Ертесіне облыстық арнайы штабтың жедел отырысын өткіздім. Онда да тиісті тапсырмалар берілді. Ең негізгісі, әрине, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тыныштық орнату болды. Менің ойымша, біз лаңкестерге жылдам тойтарыс бере алдық.

TN: Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскері Жамбылда болған жоқ...

  • ҰҚШҰ әскері және басқа өңірден көмекке әскер керек емес деп шештім. Біз өз күшімізбен облысымызды қорғай алдық. Әрине, бастапқы кезде әскер күші жеткіліксіз болды. Өйткені біз тек Таразды емес, аудан орталықтарына да жауап береміз. Оның үстіне, Жамбыл облысы шекаралық аймақ. Қырғызстаннан және олар арқылы Ауғанстаннан, Сириядан басқыншылар келу қаупі болды. Қазір біз шекараны бекіттік, барлық жерге блокбекет қойылып, қосымша күш жұмылды.

TN: Ел алдына шығып, бастан-аяқ халықтың жанында болған аз әкімнің бірісіз. Қорқыныш болмады ма?

  • Жоқ, ешқандай қорқыныш болмады, мен өз халқымның алдына шықтым. Ал енді менің алаңға шығып, басу айтуым, ол біріншіден, менің азаматтық борышым. Екіншіден, осы өңірдің басшысы болғаннан кейін, ол менің басты міндетім. Қазір кейбір БАҚ-тан Сапарбаев алаңға шықпады дегенді оқып жатырмын. Мен өз өзімді алдап қайтемін. Халық соқыр емес, құлағы керең емес. Дүрбелең басталғалы күн-түн демей, осында жүрдім. Менің ең негізгі міндетім халықтың ішіне іріткі салдырмау, халықтың тұтастығын сақтау болды. Байқасаңыздар, ешқандай қару-жарақ қолданылған жоқ, ешкімді ешкім атқан жоқ. Алайда жағдай бақылаудан шығып, тәртіп пен заң бұзылғаннан кейін, әрине, қару пайдаланылды. Оның үстіне, төтенше жағдай мен комендаттық режим енгізілді.

TN: Облыстағы қазіргі ахуал қалай?

  • Мемлекет басшысы айтқандай, халықтың тыныштығын қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда облыс бойынша жағдай тұрақталды деп айтуға болады. Күнде қаланы бақылап, рейд жасап жүрмін. Халықтың наразылығы байқалмайды, барлығы өз орнына келді. Халық Қасым-Жомарт Кемелұлының үндеуінен кейін ақ пен қараны ажырата бастады, барлығын түсінді. Соның нәтижесінде коммуналдық мекемелер, мемлекеттік органдар, қоғамдық көліктер, сауда үйлері және басқа да объектілер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Облыстағы барлық мәселе шешілді. Байқаған шығарсыздар, көшелерде ұлттық ұланның адамдары қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін ғана жүр. Бұл да уақытша. Жақында Мемлекет басшысы тапсырма берді. Біз енді барлық арандатушыны құрықтауымыз қажет. Одан кейін халық көтеріп отырған мәселелер ретімен шешіледі.

TN: Қолда бар есеп бойынша облыс шығыны қанша және қалыпқа келтіру жұмыстары қашан аяқталады?

  • Бүгінде облыста зақым келген 7 мемлекеттік нысан бар, оның төртеуі полиция бөлімшелері, одан кейін Nur Otan мен әкімшілік ғимараты, сондай-ақ, 4 бизнес объектісі есепке алынды. 7,6 миллиард теңге деп біз үкіметке болжамды шығынды көрсеттік. Қазір Қаржы министрлігімен бірлескен жұмыс басталды. Енді біз екі апта ішінде толық құжаттарды дайындап, жобалық есеп-қисап құжатын өткізуіміз қажет. Одан кейін сараптама жасап, тиісті министрліктерге облысқа қажетті қаражатты дәлелдеуіміз керек. Полиция ғимараттары көп қаржыны қажет етіп отыр. Ол жерде сервер жанып кеткен. Қазір біз бұл шығындарды жылдам қалыпқа келтірудің жолын қарастырып жатырмыз. Айта кетейін, Nur Otan ғимараты 1956 жылы бой көтерген. Ортасы ағаштан соғылғаннан кейін опырылды. Алдағы уақытта бұл нысан бойынша реконструкция жасалады. Төтенше жағдай министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссиямыз бар. Олар құрылыс жұмыстарының жобасын жасап та қойды.

TN: Жақында Жамбыл облысы Полиция департаментінің басшысы қаза болды. Ол кісінің өлімі туралы түрлі қауесет тарап жатыр.

  • Жанат Сүлейменов өте тәжірибелі маман еді. Талай өңірдің Күш құрылымын басқарды, ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болды. Офицердің өз ісіне деген құрметі мен абыройы болады. Бұл жерде бір затты кесіп айту қиын. Әрине, оған оңай болған жоқ. Полиция департаментіне шабуыл жасалды, ол жерден мыңдаған оқ пен қару ұрланды. Бейбіт халық бір-бірімен соғысты. Ол басқарған Департаментте қызметкерлер саны аз болды. Дер кезінде тойтарыс бере алмағанына өзін кінәлады ма, ешкім білмейді. Болып жатқан жағдайлар Полиция департаментінің басшысына, одан қалды генералдың намысына тиді. Соның барлығын саралаған болар, мен анығын білмеймін. Біз кеше ол кісінің үйінде болып, көңіл айттық. Ішкі істер министрінің орынбасары да келді. Қазір сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр, ресми ақпарат сол кезде белгілі болады. Бір анығы, біз мықты маманнан айырылып қалдық. Генералдың жақындарына қайғырып көңіл айтамын.

TN: Әскери міндетін орындаудан бас тартқандарға шара қолданыла ма?

  • Олардың барлығын тексереміз. Егер кімде-кім өз қызметін орындамаса не қашып кетсе оларға тиісті шара қолданылады. Өйткені олар әскери қызметкерлер, олар ант қабылдайды. Әрине, заң алдында жауап береді. 

TN: Дүрбелеңде қаза тапқандардан бөлек, із-түссіз жоғалғандар бар, сондай-ақ, мүлкіне зақым келген бизнес өкілдері де аз емес. Облыс тарапынан қандай көмек қарастырылған? 

  • Біріншіден, біздегі бар мәлімет бойынша, Жамбыл облысында іс-түссіз жоғалғандар жоқ. Ешкім бұл мәселе бойынша өтініш түсірген жоқ. Егер біреу табылмай қалса, біз өз көмегімізді аямаймыз. Екіншіден, күш құрылымдарында адам шығыны бар. Оларға міндетті түрде барлық көмек көрсетіледі. Біз Үкіметпен келісілген шешім қабылдадық. Олардың отбасына жергілікті бюджеттен 5 миллион теңге төлейміз. Оған қосымша ретінде заңға сәйкес әлеуметтік жәрдемақы болады. Оның үстіне, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Егер олардың баспанасы болмаса, үй береміз, несиелері болса, толығымен өтейміз. Сонымен қатар, артында қалған балаларының оқуына көмектесеміз. Ақылы оқыса, одан да босатамыз. Ал бизнес нысандарына келетін болсақ, бұл топқа да қол ұшын созамыз. Қазір олардың тізімін алдық, шығын бойынша ақпарат анықталды.

TN: Президентпен сөйлестіңіз бе? Тоқаев мырза облыстағы жағдай бойынша не ойлайды?

  • Әрине, Президентпен ұдайы байланыстамын. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы жағдайға түсінікпен қарады. Күні кеше атқарылып жатқан жұмыс бойынша есеп беріп, өңірдегі жалпы ахуалды баяндадым. Ол кісінің айтқаны, ең негізгісі, халықты сабырлыққа шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізу болды. Тек біздің өңір емес, республикада болып жатқан барлық жағдай Мемлекет басшысының бақылауында екенін айтқым келеді. Президент өзінің барлық мүмкіндігін пайдаланып, тез арада тыныштық орнатып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Тоқаевтың берген тапсырмалары қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Президент бізді және бейбіт халықты қолдап отыр. Енді біздің міндет - тұрақтылық орнатып, халықты қалыпты өмірге қайтару. Осыдан екі-үш күн бұрын толыққанды тынышқтық орнады. Халық Президент жолдауын қолдап отыр. Менің тәжірибем көп, соңғы жылдары халыққа мұндай үндеу, одан кейін жергілікті билікке, үкіметке осыншалықты ауқымды тапсырмалар берілген жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, дамыған, жаңа Қазақстанның уақыты келді. Біз осы ұлы мақсат жолында аянып қалмауымыз керек.

TN: Мемлекет қаңтарда болған оқиғадан кейін қандай сабақ алды?

  • Алдағы уақытта мұндай бассыздықты болдырмау жөнінде Мемлекет басшысы жақсы айтты. Ең біріншіден, ел қауіпсіздігіне жауап беретін мемлекеттік органдарымыз дұрыс әрі адал жұмыс істеуі керек. Екіншіден, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан және басқа да құрылымдардың техникалық базасын жақсарту керек. Сонымен қатар, олардың жалақысын көтеріп, моральдық көмек көрсеткен дұрыс. Дербес мемлекет болғаннан кейін өзімізді өзіміз ғана қорғай аламыз.

TN: Желіні бақылап отырасыз ба? Өңір халқы енді не деп жатыр?

  • Әлеуметтік желіні үнемі бақылап отырамын. Қазір халық, ең алдымен, елге бүлік салған арандатушылар мен лаңкестер анықталып, тиісті жазасын алғанын қалап отыр. Ее себеп болды деп сұрап отыр. Бұл өте маңызды мәселе және ол өз шешімін табады. Халық ақымақ емес, барлығын түсініп отыр.
  • Біз ай сайын әлеуметтік сауалнама жүргіземіз. Халықты не толығандырады, билікке қандай талабы мен наразылығы бар екені біз үшін аса маңызды екенін біліңіздер. Біздің жұмысымыз осының негізінде ғана жүреді. Өзімнің азамат есебінде көзқарасым, әсіресе, блогерлерге айтарым, ақты ақ, қараны қара деп жазу керек. Бұл журналистерге де байланысты. Кез келген ақпарат таратушының өз жауапкершілігі мен мәдениеті болуы керек. Көптеген ақпарат дұрыс таратылмай жатады. Проблема деген осыдан басталады. Мен барлық жерде не жазылып, не айтылып жатқанын қарап отырамын, сондықтан халықты тек ресми деректерге сенуге шақырамын. Билік пен қоғам біріксе ғана оң нәтиже болады.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов
Суреттер Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer