1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Елдегі цифрлық сауат деңгейі 82,1 пайыз - Жұмағалиев

Фото: lenta.ru Фото: lenta.ru

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев елдегі цифрлық сауат деңгейі 82,1 пайыз екенін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

Алдымен Асқар Жұмағалиев Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша тапсырмасы орындалып жатқанын жеткізді.

"Қасым-Жомарт Кемелұлының онлайн қызметтерді 90 пайызға жеткізу туралы тапсырмасына сәйкес, министрлік мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыс жүргізді. Нәтижесінде бүгінде қызметтердің 83,7 пайызы онлайн көрсетіліп жатыр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1 пайыз. Пандемия кезінде бұл 22 миллионнан астам электронды қызмет көрсетуге мүмкіндік берді", - деді министр үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жақында Біріккен Ұлттар ұйымының электронды үкіметтің дамуы бойынша рейтингісі шығыпты.

"Әлемде бұл рейтинг бойынша Қазақстан 29-орынға көтерілді. Бұл үкіметтің IT және байланыс саласы мамандарының үлкен жұмысының арқасы. Осы тапсырманы орындау шеңберінде білім және ғылым, индустриалдық даму, денсаулық сақтау министрліктері жыл соңына дейін 6 қызмет бойынша экология, геология, табиғи ресурстар министрлігі 4 қызмет бойынша тағы басқа мемлекеттік органдар өз қызметтерін электронды форматқа көшіру бойынша жұмысты аяқтауы қажет. Бұл ретте мемлекеттік органдардан аталған жұмысты жеделдетуді сұраймыз", - деді Асқар Жұмағалиев.

Айта кетейік, осыған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мектептерде қашықтан оқытуға кеңес берген еді.

Еске салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде карантин тағы екі аптаға созылатынын, мұқтаж жандарға 42 500 теңге берілетінін айтқан еді.

Бүгінде Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 61 755-ке жетті. 35 911 науқас жазылды, 396 адам қайтыс болды.


На Bek Air подали третий иск
Токаев принял Атамкулова