"Ауламыз осы, ойнайтын жер жоқ" деп таяуда ғана Өскемен әкіміне видео арқылы шағымын айтқан баланың оқиғасы көпшіліктің есінде шығар. Оқушы баланың видеосы Желіде әбден талқыланғаннан кейін шаһар әкімі арнайы барып, су жаңа ойын алаңын салып берді. Бұл оқиғадан не түйдік? Мәселе шешілуі үшін видео түсіріп, Желіге салу керек пе?
"Ауламыз осы, ойнайтын жер жоқ" деп таяуда ғана Өскемен әкіміне видео арқылы шағымын айтқан баланың оқиғасы көпшіліктің есінде шығар. Оқушы баланың видеосы Желіде әбден талқыланғаннан кейін шаһар әкімі арнайы барып, су жаңа ойын алаңын салып берді. Бұл оқиғадан не түйдік? Мәселе шешілуі үшін видео түсіріп, Желіге салу керек пе?
Тengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында қоғам белсендісі, блогер Тәңірберген Бердоңғаров мұның себебі деп еліміздегі азаматтық бақылаудың төмен деңгейін атап отыр. "Біздің елде сайлауға баратындардың дені кеңес дәуірінің адамдары. Ал жастарға қатысты айтар болсақ, олар дауыс беріп көрмегендіктен, оның қажеті жоқ деп есептейді", - дейді ол.
Сондай-ақ, блогер Астанада бес баланың өрттен қаза тапқан оқиғасын еске түсірді.
"Көп балалы аналарды қолдау мәселесіне тоқталсақ, бұл көкейде жүрген дерт тек бес сәбиді өрт жалмағанда барып жария болды. Сосын бұл мәселе туындап, арты көп балалы аналардың алаңға шығуына дейін апарды, тек сол кезде ғана көп балалы аналарға әлеуметтік тұрғыдан көмек берілетіні жайлы мәлімдемелер жасалды. Бірақ, менің ойымша, азаматтық қоғам саяси процестерге белсенді араласқанда бұл мәселе осынша ушықпайтын еді. Сол көп балалы аналар белгілі бір ұстаныммен бір партияның немесе қоғамдық құрамында болып, осындай өзекті мәселелерді көтеріп, жоғары заң шығарушы орган депутаттарымен қаржылық көмекті ұлғайтуды талап етуі керек еді. Мұндай жұмыстар екі жақтан да, не көп балалы аналар тарапынан да, не депуттар тарапынан да, не қоғам тарапынан да жасалмады", - дейді экс-депутат.
Казахстанское горе. Пять девочек-сестер проводили в последний путь
Бердоңғаров мұның алдын алудың жалғыз амалы деп белсенді болуды атап отыр.
"Әр азаматтың қандай мәселеде де өзгеріс енгенін қаласа, ол сайлаудан сайлауға дейін күтпеу керек, тіпті сайлауға бармаған күннің өзінде, осы мәселелердің жүйелі көтерілуіне атсалысуы керек, әр азамат осыны түсінген кезде, мұндай мәселелер туындап, ушықпайды", - дейді ол.
Астанадағы өрттен қаза тапқан бес қыз тұрған үйдің терезесі. © Тұрар Қазанғапов
Ал белсенді болуы үшін, экс-депутаттың айтуынша, ең бастысы әр адам өте белсенді әрі өз ісіне адал болуы керек.
"Бұдан басқа кәсіби білімнің қажеті жоқ деп ойлаймын. Бойында азаматтық белсенділігі бар адам Ата заңда көрсетілгендей азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретін жағдайларға бей-жай қарамайды. Бұл белсенділік саған қайда болсаң да тыныштық бермеуі тиіс", - деген ол халықтың заңға қатысты мәселелерден хабардар болуы шарт және заң аясында әрекет етуі тиіс екенін ескертеді.
Өз кезегінде "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ басқарма төрайымы Батима Мукина әлем елдері практикасында азаматтық бақылаудың қалай жүзеге асырылатынын айтып берді.
"Әрбір мемлекет басқарудың әртүрлі деңгейлерінде және әр түрлі мақсаттар үшін қоғамдық бақылау институттарын енгізеді. Мысалы, Қытай және көптеген Араб монархиялары қоғамдық бақылау элементтерін ауылдар мен шағын қалалар деңгейінде енгізеді. Малайзия мен Сингапурда қоғамдық бақылау институттары қоғамдық пікірдің есебін жүргізеді, азаматтардың көңіл-күйін қадағалайды және олардың тілектерін назарға алады. Бірқатар Еуропа елдерінде (АҚШ, Еуропа елдері) қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету шеңберінде ақпаратқа қол жеткізудің, мемлекеттік органдар жанындағы коммерциялық емес ұйымдар, кеңестер, комитеттер тарапынан бақылаудың нормативтік - құқықтық актілерін қабылдайды", - дейді Мукина.
Ал біздің елде "Азаматтық бақылау" қоғамдық мониторингі 2019 жылғы наурыздан бастап қолға алыныпты. Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру аясындағы бұл бақылау қарашаға дейін жалғасады және ол еліміздің барлық өңірін қамтиды екен.
"Жобаның мақсаты - халықты толғандыратын проблемалық мәселелерді анықтау және шешу бойынша өңірлерде мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жүргізу және азаматтардың өңірлерді дамытуға қатысуы арқылы азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру. Біз өз бағытымызда азаматтық бақылауға ерекше мән береміз", - дейді басқарма төрайымы.
Оның айтуынша, азаматтар Үкіметте, өңірді, елді басқаруда не болып жатқанын көбірек түсінгісі келеді.
"Ақпарат пен қызметтерді алу шығындары аз, ал олардың сапасы жоғары болғанын қалайды. Бұл, өз кезегінде, билік органдары жұмысының түсінігін, шешімдерді әзірлеу және қабылдау рәсімдерінің ашықтығын, бюджет процесінің ашықтығын, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігіне әкеледі. Билік органдары қызметінің есептілігі, ақпараттық ашықтығы және түсініктілігі жалпы мемлекеттік басқару жүйесіне азаматтардың сенімін қалыптастырады", - дейді маман.
Оның арқасында азаматтар өзіне қажетті қызметті онлайн ала отырып, бақылай да алады екен.
© Pixabay.com
Жамбыл облысының белсендісі Исламбек Дастанның айтуынша, қазіргі уақытта азаматтық бақылау мемлекеттік органдардың жұмысындағы ашықтық пен анықтықты қамтамасыз етудегі тиімді және пәрменді құралдардың бірі.
"Бұл әсіресе бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен мемқызметтердің сапасын арттыруда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Мен Бес әлеуметтік бастамалар бағдарламасы аясындағы "Азаматтық бақылау" жобасын қолдаймын. Себебі бұл жоба аса өткір әлеуметтік - маңызды мәселелерді жедел шешуге, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау тетігін құруға бағытталған", - дейді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Жамбыл облысында "Азаматтық бақылау" қоғамдық мониторингін жүргізу" атты жобасы басталған.
"Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық қаржыландыруымен "Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі сегіз ай бойы еліміздің оңтүстік аймағында "Азаматтық бақылау" қоғамдық мониторингін жүргізеді", - дейді Исламбек Дастан.
Айта кетейік, 2018 жылы 28 қарашада Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның VIII Азаматтық форумында азаматтық бақылау жүргізудің тиімді тетігін құру қажет екенін айтып, бұл ретте Қазақстанның Азаматтық альянсы басты рөл атқаратынын атап өткен еді.
"Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қызметтерді беру жөніндегі жұмыстарды жалғастырған жөн. Осы бағыттың аясында экология, әлеуметтік жұмыс, балалардың құқығын қорғау және басқа да салалар бойынша жобалар жүзеге асырылуы мүмкін. Үкімет пен Қоғамдық даму министрлігіне барлық айтылған ұсыныстарды мұқият зерттеп, оның іс жүзінде жүзеге асырылуын қарастыруды ұсынамын", - деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.