Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы 11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мәселелені шешу үшін "Қазақстан халқына" атты қоғамдық әлеуметтік қор құруды тапсырды. Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау секілді салаларда мұқтаж жандарға көмектеседі. Соның ішінде сирек кездесетін аурулары бар ересектерге де қолдау көрсетіледі. Бүгінде қор жұмысын бастағанына 1 жылға жуықтады.
Түркістан облысының тұрғыны Нұрмаханбет Жұмабеков 19 жасында көзіне қатысты мәселе барын байқай бастайды. Ал диагноз анықталған соң ұзақ уақыт емді күткен. Осылайша, күтпеген жерден ем алуға мүмкіндік туған. Бұл орайда оның арманының орындалуына сеп болған - "Қазақстан халқына" қоры. Massaget.kz тілшісі Нұрмаханбет Жұмабековпен сұхбаттасып, қалай, қандай көмек алғанын сұрады.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.
"Ешкім не екенін айта алмады"
Бүгінде Нұрмаханбеттің жасы 25-те. 2017 жылы оның көзі дұрыс көрмей бастаған.
"2017 жылы тақтаға қарайын десем, біртүрлі көре бастадым. Шымкент қаласындагы барлық клиникаға бардым десем артық болмас. Тіпті балалар клинкасындағы офтальмолог мамандарға да бардым. Ешкім не екенін айта алмады. Кейін Таразға барайық деп 1 айдан соң Таразға бардық. Ол жердегілер "кератаконус" болуы мүмкін деген күдік барын айтты", - дейді ол.
Жеке архив
Түлкібас ауданының тумасы университетті тәмамдағанын, алайда кейін жұмыс істеуде қиындық туғанын да жасырмады.
"ХХІ ғасыр болған соң қазір жұмыстың 90 пайызы компьютерде. Менің көзім қаріптерді көруге қиналатын. Бірақ қазір бұрынғыға қарағанда жақсы. Дипломым да бар. 2019 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы М.Әуезов атындағы университетті аяқтадым. Ол кезде көзілдірікпен жүру қиын болатын. Өз-өзіңнен ұялып, қысылып жүресің", - деп әңгімеледі ол сол кездер туралы.
"Кератаконус" деген диагноз қойды"
Нұрмаханбет Тараздан болжам бойынша кератаконус екенін естіген соң Алматыға келіпті.
"Анығырақ білу ушын Алматы қаласындағы көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына бар" деді. Екі аптадан соң сол жаққа шығып кеттік. Алматы қаласындағылар "бұл кератаконус, сол көзіңіз 3, оң көзіңіз 2, емі - кросслинкинг" деді. Бірақ ол кезде оқуды бітіріп алу деген ой болды. Себебі ота жасатсам, көп уақыт сабақтан қаламын деген ой туды", - дейді ол.
Жеке архив
Алайда кейін ол емделуге бел буыпты.
"Көз инситутындағылар "тек оң көзге кросслинкинг, ал сол көзге қасаң қабақты ауыстыру керек" деді. Бірақ клиника бұл жұмыспен қазір айналыспайтынын да жеткізді. 2019 жылы оқу, бәрін бітірген соң Түркістан облысындағы Түлкібас ауданы әкімшілігінде жұмыс істедім. Бірақ көзім қиналып, болмайтынын сезіп, денсаулығыма көңіл бөлейін деп 2020 жылғы қыркүйекте Алматы қаласындағы көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына барып, оң көзіме кросслинкинг жасатып алдым", - деп әңгімеледі Нұрмаханбет.
Материалдың толық нұсқасын МЫНА СІЛТЕМЕ арқылы Massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.