1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Етін жесем жұға ма?" Қазақстандағы құс тұмауы туралы басты сұрақтарға жауап21 сентября 2020, 16:49

Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда құстар неден қырылып жатыр? Құс тұмауы ет немесе жұмыртқа арқылы жұға ма? Фабрикалар карантинге жабылғандықтан жұмыртқа тапшылығы бола ма? Осы және өзге де өзекті сұрақтардың жауабын Орталық коммуникациялар қызметінің алаңына келген мамандар айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Құстар неден қырылып жатыр?

"Эпизоотиялық тексеру кезінде құстардың қырылуы солтүстіктен оңтүстікке ұшып жатқан жабайы құстардың қырылуынан басталғаны анықталды. Олар бір су қоймадан су ішкен соң жұқтырған. Оларға лабораториялық талдау жасалып, нақты диагнозы - жоғары патогенді құс тұмауы қойылған соң қажетті шаралар жүргізілді... Петропавлдағы орталық парк территориясында қарға, көгершіннің қырылып жатқаны анықталды. Петропавлға жақын жердегі су қоймалардан екі аққу өлі табылды", - деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.

Қай өңірлерде құстар қырылып жатыр?

"Бүгінде Қазақстанда 5 облыстың 26 ауданындағы 47 елді мекенінде құс қырылып қалды. Жалпы жеке аулада 12 926 бас құс қырылды, сондай-ақ СҚО-дағы құс фабрикаларында 41 мың бас құс қырылғаны тіркелді. Аймақтарға бөліп қарасақ, Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 27 елді мекенінде құс қырылды, соның ішінде 8 аудандағы 23 елді мекенде құс тұмауы тіркелді. Тиісінше 2020 жылғы 17 қыркүйекте СҚО-ның 7 ауданы (Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайыншы, Шал ақын, Мүсіріпов және Жұмабаев) мен Айыртау ауданының бір елдімекенінде құс өнімдеріне қатысты уақытша шектеулер енгізілді. Сондай-ақ 19-21 қыркүйек аралығында Бескөл құс фабрикасында 41 бас қырылды. Ақмола облысында 5 ауданның 9 ауылында 286 бас құс қырылған. Тиісінше 19 қыркүйектен бастап Жарқайың ауданында шектеулер енгізілді. 

Қостанай облысының 6 ауданындағы 6 елді мекенде 505 құс қырылды. 19 қыркүйектен бастап құс және құс өнімдерін екі елді мекеннен: Железинск және Тереңкөлден тасымалдауға тыйым салынды. Сонымен қатар, 1463 бас құс қырылған Павлодар облысы Сарыкөл ауылдық округінде де осындай шектеулер енгізілді. Ал Қарағанды облысының Нұра ауданындағы елді мекеніндегі үй шаруашылығында 43 құс қырылып қалған. Қазір солардың анализі тексеріліп жатыр", - деді вице-министр.

Құстарға вакцина салынды ма?

"Республикалық запастан 1,4 миллион доза вакцина бөлінді. Бұл 4,7 миллион бас құсқа жетеді. Сондай-ақ ертең қосымша 1 миллион вакцина әкелінеді. Ол 3,5 миллион құсқа вакцина салуға жетеді. Жыл басынан бері Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аймақтарға 3,4 миллион доза вакцина бөлген болатын. Бұл жеке ауладағы 11,8 бас құсқа вакцина егуге мүмкіндік берді. Статистиканы ескеріп, 46, 7 миллион бас құстың жекеменшік ауладағы 14,7 миллионына вакцина 100 пайыз жетеді деуге болады", - деді Гүлмира Исаева.

Қырылған құс қалай жойылып жатыр?

"Уақытша шектеулер егізілгеннен кейін Республикалық эпизоотияға қарсы отряд қырылып қалған ошақтардың  жою жұмыстарын бастап кетті. Оның штатында 220 адам бар. Осындай қауіп бар кезде штаты 500 адамға дейін ұлғайды. СҚО-да 79 маман 72 техникамен, Қостанай облысында 61 маман 6 техникамен, Павлодар облысында 58 адам 6 техникамен, Ақмола облысында 54 маман 6 техникамен жұмыс істеп жатыр. Яғни қырылған құстарды жою, қораларда дехинфекция жасау тез арада жүргізіледі және аурудың басқа аймақтарға таралуына жол бермейді", - деді вице-министр.

Құсы қырылған шаруаға өтемақы қалай төленеді?

"Республикалық эпизоотияға қарсы отряд - қырылған құстың өтемақысын төлеуді жүргізетін ресми ұйым. Жыл бойы барлық әкімдікте ай сайын орташа қанша мал немесе құс қырылғанын анықтайтын арнайы құрылған комиссия жұмыс істейді. Әкімдік шешімінің негізінде Республикалық эпизоотияға қарсы отряд аймақтағы ветеринар қызметінен қажетті материалдарды алады және қырылғын құстың әр басы үшін иесінің жеке шотына ақша аударады. Егер құжаттар дұрыс берілсе, онда төлем үш күн ішінде жасалады. Бүгінде Республикалық эпизоотияға қарсы отряд жеке ауладағы құстардың иелеріне төлеу 390 миллион теңге анықталды", - деді вице-министр.

Жұмыртқа тапшылығы бола ма?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов қазір Қазақстанда 35 құс кешені жұмыртқа өнімін шығаратынын атап өтті.

"Олар ішкі нарық сұранысын толық қамти алады және экспортқа шығарады. Қазақстандық құс фабрикалары жыл сайын бес миллиардқа жуық жұмыртқа өндіреді. Ішкі нарықтың сұранысы 106 пайыз қамтылған. Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға келетін болсақ, бес фабрика жұмыртқа шығарады. Карантин шаралары енгізілуіне байланысты екеуінің қарқыны төмендеді. Шектеулер болады, бірақ басқа құс фабрикалары қажеттіліктің орнын толтыра алады. Облыс қазір өзінен бөлек басқа аймақтарға да жұмыртқа тасымалдайды", - деп қосты ол.

Құс тұмауы адамға жұға ма?

Бұл сұраққа ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев жауап берді.

"Вирус (құс тұмауы - авт.) адамнан адамға жұқпайды. Құс тұмауын жұқтырған құстың тірі кезінде контакт жасаған адамға немесе етін жеген адамға жұғатын деректер өте сирек кездеседі. Құс өнімінен, яғни еті немесе жұмыртқасынан жұқтырған жағдайлар мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан адамдар арасында құс тұмауын жұқтырған жағдай жоқ... Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары құс фабрикасында жұмыс істеген 400-ге жуық адам анықтады. Дәрігерлер жағдайын бақылап отыр. Бәрінің жағдайы қанағаттанарлық. 

Сондай-ақ қазір Қазақстанда құс еті, өнімдерін бақылау күшейтілді... "Тұтынушылардың құқығын қорғау" және "Ақпаратқа қолжетімділік" заңының аясында кез келген тұтынушы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы туралы тиісті құжатты талап етуге құқылы", - деді ол ОКҚ өткен баспасөз мәслихатында.

Құс тұмауының коронавируспен байланысы бар ма?

"Бұл жағдайдың коронавирусқа еш қатысы жоқ. Себебі коронавирус адамнан адамға жұғады, ал құс тұмауы құстан құсқа жұғады", - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!