Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
26 августа 2020 14:14

Жаңа оқу жылы: маңызды сұрақтарға жауап

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото:elements.envato.com Фото:elements.envato.com

Келесі аптада елімізде жаңа оқу жылы басталады. Биыл пандемияға байланысты оқушыларды түрлі өзгеріс күтіп тұр. Кімдер қашықтан, кімдер мектепте оқиды? Tengrinews.kz тілшісі жаңа оқу жылына қатысты маңызды сұрақтардың жауабын ұсынады.


Келесі аптада елімізде жаңа оқу жылы басталады. Биыл пандемияға байланысты оқушыларды түрлі өзгеріс күтіп тұр. Кімдер қашықтан, кімдер мектепте оқиды? Tengrinews.kz тілшісі жаңа оқу жылына қатысты маңызды сұрақтардың жауабын ұсынады.

Оқу жылы қалай басталады?

1 қыркүйекте жаңа оқу жылына арналған дәстүрлі жиналыс коронавирус пандемиясына байланысты өтпейді.

Жаңа жылға дейін Білім және ғылым министрлігі мектептерге ешқандай іс-шара өткізбеуге кеңес берген.

БҒМ алдын ала мәліметінше, 2,6 миллион бала оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастайды. Кезекші сыныптарда 530 мың бала, қалыпты режимде 157 мың оқушы білім алады.


Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Мектеп қабырғасында кімдер оқиды?

Мектеп қабырғасында бастауыш сыныптардың оқушылары оқиды, олар үшін кезекші сыныптар құрылды. Оқушыларды іріктеу ата-аналардың өтінімдері бойынша жасалды. Ата-аналар өтінімдерін электрондық форматта сынып жетекшісі арқылы жіберді.

Айта кетейік, кезекші сыныптарға созылмалы аурулары жоқ балалар іріктелді. Сыныптар 25 тамыздан бастап құрылып жатыр.

Эпидемиологиялық жағдайы жақсарған кей ауылда сабақтар дәстүрлі форматта өте береді.

Кезекші сыныптарда қандай шаралар сақталады?

Жаңа оқу күнінде ата-аналар балаларын мектептің кіреберісіне дейін жеткізіп, сабақтар біткен соң үйіне алып кетуі керек. Ата-аналарға мектепке кіруге тыйым салынады.

Мектепке кірер кезінде оқушылар мен мұғалімдердің температурасы тексеріледі. Әр мектепте дезинфекциялық құралдар, аяқ киімді тазалайтын кілемшелер мен санитайзерлер болады.  

Кезекші сыныптарда әр сабақ 40 минуттан өтеді. Сабақтар арасындағы үзілістер әр сыныпта әртүрлі болады. Әр екінші сабақ сайын сыныптарда, әр үзілістен кейін дәліз бен холлдарда тазалау жұмыстары жүргізіледі. Мектептердегі асханалар жұмыс істемейді.


Фото:elements.envato.com

Мектептің әр кабинетінде оқушы аз болуы керек. Егер бір сыныпта 40-қа жуық оқушы болса, олар 10-15 баладан топ-топқа бөлінеді.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мектептегі санитарлық нормалар туралы айтты.

"Адам көп жиналмауы үшін әр сыныпта мектепке келу және кету уақытын нақты ажырату қажет. Сондай-ақ, балаларды күтіп алу және оларды ертіп жүру үшін кезекші адамдарды тағайындау керек. Барлық мектепті дезинфекциялау құралдарымен үнемі мұқият тазалап отыру қажет. Әр сыныптың дайындық актісі болуға тиіс. Ғимаратқа кіре берісте жылу камераларын, дезинфекциялық туннельдер, кілемшелер, яғни санитарлық режимге қажет заттарды қою қажет. Барлық аймақ мұны біледі, нұсқаулар берілді", - деді Ералы Тоғжанов.

Мектеп формасы қажет пе?

Карантин кезінде мектеп формасы міндетті емес. Оның орнына ата-аналар балаларына классикалық стильдегі кез келген киім сатып әпере алады.

Мектеп формасынан толығымен бас тартылған жоқ, бұл уақытша шешім ғана. Баласын мектеп формасымен жібергісі келетін ата-аналарға да тыйым салынбады.

"Мектепке шамамен 3,5 миллион бала келеді, ал біз экономикалық жағдайды ескере отырып, қажетті жағдай жасауды шештік, атап айтқанда бұл мектеп формасына қатысты. Кімде мектеп формасы бар, солар оны сабаққа кие алады", - деді Асхат Аймағамбетов.


Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Оқушылар қашықтан қалай оқиды?

Білім министрлігінің мәліметінше, әр мектеп қашықтан оқыту үшін интернет-платформаны өзі таңдайды. Сондай-ақ, телевизиялық сабақтар да жүргізіледі.

"Өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай, дүйсенбі мен жұма арасында республикалық "Балапан" және "Ер Арна" телеарналарында телевизиялық сабақтар өтеді", - делінген БҒМ хабарламасында.

Мысалы, Алматыда 40 минуттың 15-інде онлайн-оқу болады, ал қалған уақыт - қосымша білім контенті. Яғни, онда тест тапсырмалары, жаттығулар болады. Қалада Алматы әкімдігінің тапсырысымен "Сфера" атты онлайн-платформа жасалған.


Фото:elements.envato.com

Оқушыларға баға қалай қойылады?

БҒМ сайтындағы ақпаратқа сәйкес, оқушыларды бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілді. Бұл тек карантин мен шектеу шаралары кезінде қолданылады.

"Жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында бір бөлім бойынша жиынтық жұмыс (БЖБ) пен тоқсан бойынша жиынтық жұмыс (ТЖБ) жүргізіледі. Тоқсанның бағасы күнделікті бағалау, БЖБ мен ТЖБ негізінде қойылады", - деді ведомстводағылар.

Техника мен интернет мәселесі шешілді ме?

Оқу жылы басталмаса да, ата-аналар мен оқушылар интернеттің жылдамдығына алаңдап отыр. 31 шілдеде Аймағамбетов интернет бойынша проблемалар бар екенін, қазір оның шешіліп жатқанын айтқан.


Фото:elements.envato.com

Цифрлық даму және инновациялар министрлігі үкімет отырысында Желінің нашар сигналына қатысты мәселені шешу үшін қосымша қаражат сұраған. Бұл мәселенің шешіліп-шешілмегенін, кей ауданда қашықтақ оқыту қалай өтетінін алдағы уақытта білеміз.

Техникаға келер болсақ, мұндағы жағдай айқын. Мектептегі компьютерлер уақытша оқушыларға беріледі. Сонымен қатар, білім бөлімдері мен басқармалары қосымша компьютерлер, ноутбуктер мен планшеттер сатып алып жатыр, бұлар да қабылдау актілері негізінде оқушыларға табысталады.

Қашықтан оқу қашанға дейін жалғасады?

Қашықтан оқыту форматы елдегі барлық мектепте 1-11 сынып аралығында бірінші тоқсанға енгізілді. Кейін шешім Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылданады.

"Тіпті коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал айтарлықтай жақсарса да, дәл осы оқу жылы кезінде ЖРВИ ауруының маусымы басталады. Министрліктің мектеп жұмысын дәстүрлі форматта қайта бастау туралы көзқарасы бар. Бірақ егер "қызыл түсті" қауіп деңгейі жарияланса, балалар қашықтан оқиды. Бірінші кезеңде 1-5 сыныптар қатаң санитарлық стандарттарға сәйкес оқуды бастайды, жағдай жақсарған кезде 6-11 сыныптар мектеп көшеді", - деді Асхат Аймағамбетов.


Фото:elements.envato.com

Пандемияға байланысты каникул мерзімі өзгере ме?

Оқушылардың каникул мерзімі өзгермейді. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің пікірінше, қашықтан оқу кезінде оқушылар қатты шаршамайды.

Сондықтан министр бұйрығы бойынша, оқушылар мына күндері каникулға шығады:

1-11 сыныптарда күзгі каникул 10 күнге ұзарады, дәлірек айтқанда, 2020 жылдың 5-14 қарашасы арасында.

Қысқы каникул - 2020 жылдың 31 желтоқсанынан 2021 жылдың 10 қаңтарына дейін, көктемгі каникул - 2021 жылдың 20-31 наурызы аралығында. Бірінші сыныптарда 2021 жылдың 8-14 ақпаны арасында қосымша каникулдар болады.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.44   490.7   4.77 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети