ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
19 августа 2019 | 12:35

Жаңа оқу жылында білім саласында қандай өзгерістер болады?

viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
© Тұрар Қазанғапов © Тұрар Қазанғапов

16 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет Мемлекет басшысының қатысуымен дәстүрлі Тамыз конференциясы өткен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен білім саласында біршама өзгеріс болады. Сондай-ақ, бұл конференцияда Білім және ғылым министрлігі де біршама өзгеріс туралы хабарлады. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі биылғы жаңа оқу білім саласында қандай өзгерістер болатынын тізеді. 

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

16 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет Мемлекет басшысының қатысуымен дәстүрлі Тамыз конференциясы өткен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен білім саласында біршама өзгеріс болады. Сондай-ақ, бұл конференцияда Білім және ғылым министрлігі де біршама өзгеріс туралы хабарлады. Осыған орай Tengrinews.kz тілшісі биылғы жаңа оқу білім саласында қандай өзгерістер болатынын тізеді. 

Мұғалімдердің жалақысы екі есе өседі

Президент ұстаздар қауымы бас қосатын дәстүрге айналған Тамыз конференциясында сөз сөйлеп,  мұғалімдердің жалақысын алдағы төртжылдықта екі есеге арттыруды тапсырды. 

"Мұғалімдердің жалақысы төмен және экономика бойынша орташа жалақының 65 пайызын құрайды. Үкіметке мұғалімдердің жалақысын төрт жыл ішінде екі есеге арттыруды тапсырамын", - деп тапсырды Президент.

Айта кетейік, ұстаздардың биылғы алқалы жиынына алғаш рет Мемлекет басшысы қатысты. 

Үштілді жүйеге көшу қалай жүзеге асады?

Жиында Президент ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс екенін атап өтті. 

"Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын", - деп мәлімдеді Президент.

Сонымен қатар, жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу қажеттігін атап өткен. 

Ахмет Байтұрсынұлының әліппе үлгісі оралады

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясында Қазақстан мектептеріне "Әліппе" қайтарылатынын мәлімдеді. 

"Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізілетін болады", - деді министр.

Министр осы бағыт бойынша нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме - Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. 

"Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеме негізінде жұмыс жүргіземіз", - деді министр Асхат Аймағамбетов. 

ҰБТ электронды форматқа көшеді

Алдағы жылдары мектеп түлектері Ұлттық біріңғай тестілеуді электронды форматта тапсыруы мүмкін. Білім министрлігі ҰБТ өткізу форматын өзгертуді жоспарлап отыр. 


© Тұрар Қазанғапов

"Оқушылардың түрлі әдіспен жүйені "алдап соққысы" келетіні жасырын емес. Телефон алып кіреді, балды өз білімімен емес, көмекші құралдардың көмегімен жинау туралы көбірек ойлайды. Сондықтан біз ҰБТ тапсыру жүйесін біртіндеп электронды форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Осындай жоспарымыз бар", - деді министр тамыз конференциясында.

Айта кетейік, 2019-2020 оқу жылдарына 66 556 грант бөлінген. Оның ішінде бакалавриатқа - 51 085, магистратураға - 13 159 және PhD докторантураға 2312 мемлекеттік грант бөлінген. 

Студенттер басқа ЖОО-ға ауысқанда грантын сақтап қала алады

Сондай-ақ Нұр-Сұлтандағы тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов студенттер басқа қалаға көшкен кезде гранттарын сақтап қалуды ұсынды. 

"Студенттерге бір жоғары оқу орнынан екіншісіне ауысу мүмкіндігін бергіміз келеді. Бүгінде жағдай қалай, студент, мысалы, Павлодар университетіне грант жеңіп алады. Кейін сол грантымен Еуразия ұлттық университетіне не басқа университетке ауыса алмайды", - деді министр. 

Студенттер басқа аймаққа көшкенде де грантын алып кете алады. Сонымен қатар, министр бұл мәселе тұрғысында министрлік сарапшылармен ақылдасатынын атап өтті. 

"Егер студент бір оқу орнында грант жеңіп алып, кейін басқа елді мекенге көшкен жағдайда сол грантын алып кете алатындай жасаймыз. Өзі қосымша төлей алады. Сондай мүмкіндік беруіміз керек. Бұл жұмысты жалғастырамыз", - деді Асхат Аймағамбетов. 

Оқулықтың орнына планшет

Асхат Аймағамбетов электронды оқулықтарға қатысты пікірін білдірді. Министрдің сөзінше, қағаз оқулықтар қолданыста бола береді. Барлық балада оқулықтардың қағаз нұсқасы болуы тиіс.

"Егер ата-ана баласының оқулықтың электронды нұсқасын қолданғанын қаласа, мұндай мүкіндікті береміз. Оны QR-код арқылы жүктеп алуға болады", - деді Білім министрі.

Министр "оқушыларға мұғалімдер электронды оқулықтар қолдануға рұқсат бере ме?" деген сауалға да жауап берді. 

"Оқу жылының басында нұсқаулық-әдістемелік хатта оқушының таңдауында екенін жеке жаздық. Егер ата-ана баласының электронды нұсқамен, шартты түрде айтқанда, планшет немесе ноутбукпен келуін қаласа, онда ешкім оған тыйым салмайды. Бұл оқушы мен оның заңды өкілдерінің таңдауы", - деді министр.

Министр ата-ана ретінде өз балаларына оқулықтардың қағаз нұсқасын қолдануға рұқсат беретінін айтты.

"Ата-ана ретінде, балама оқулықтардың қағаз нұсқасын беремін. Мүмкін өте дәстүрлі қарайтын болармын, бірақ шынымды айтсам, қағаз нұсқада оқимын. Телефоннан, планшеттен оқу үйреншікті емес, әдеттен өзгеше. Дегенмен біреу электронды нұсқаны оқығысы келсе, оларға БҒМ мұндай мүмкіндік береді", - деді Аймағамбетов.

Енді балабақшаға екі жастан қабылдайды

Сонымен қатар, министр Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтанда өткен Тамыз конференциясы барысында балаларды балабақшаға екі жастан бастап қабылдауды ұсынды. Министрдің айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша балалардың жас ерекшелігіне байланысты өзгерістер болады. 

"Жаңа бағдарламаларға көшіп жатырмыз. Жас ерекшелігіне байланысты өзгерістер болады. Балаларды балабақшаға екі жастан бастап қабылдау маңызды", - деді министр.


© Тұрар Қазанғапов

Сондай-ақ, Аймағамбетов балабақшалардың жұмысын тамызға дейін ұзартуға қатысты пікір білдірді.

"Бүгінде балабақшалар үш жастан алты жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Бірақ балалардың көбі 6 жасқа тола салысымен мектепке барып жатыр. Сондықтан балаларды екі жастан бастап балабақшаға қабылдау мәселесін көтеріп отырмыз. Сонымен қатар, балабақшаның жұмысын тамызға дейін ұзарту керек. Осыған байланысты арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз", - деді министр. 

"Смайлик" түріндегі бағадан бас тарту

Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясы барысында мектептегі "смайлик" түрінде баға беру жүйесінен бас тартуға ұсыныс жасады. Министрдің сөзінше, "смайлик" түрінде баға беру оқушылар мен ата-аналарды шатастырып жіберуі мүмкін.

"Көптеген мектептегі бағалау жүйесі бойынша оқушылар тек "смайлик" не "жарайсың" деген баға алады. Оқушы белгілі уақыт арасында осы бағаны алып жүріп, кенеттен ата-анасы немесе өзі күтпеген баға алуы мүмкін", - деді министр.


© pixabay.com

Министрдің айтуынша, мұндай бағалау жүйесінің түпкі мақсаты мүлде бөлек болған. Яғни оқушының үлгерім процесін, әлсіз тұстарын, қай тұста жұмыс жасау керек деген сияқты көрсеткіштерді алу. 

"Өкінішке қарай осы тұс әлсіз болып тұр. Сондықтан министрлік осы бағыт бойынша жұмысты жалғастырады", - деді министр. 

Айта кетейік, елімізде алғаш "смайлик" түрінде баға беру жүйесі 2017 жылы енгізілген. 

Енді мұғалімдер аптасына бес күн жұмыс істейді

Тамыз конференциясы барысында Асхат Аймағамбетов қазақстандық мұғалімдер үшін бес күндік жұмыс аптасы енгізілетінін мәлімдеді. Министр елімізде мектептердің біраз бөлігі бес күндік оқу аптасына ауысқанын айтты. Министрдің сөзінше, бұл тұста әлі де шешілмеген мәселелер бар. 

"Балалар аптасына бес күн оқыса да, мұғалімдер алтыншы күні де мектепке келуі тиіс. Әрине, кейбір өңірлерде олай емес. Десе де бізде бірыңғай тәртіп болуы керек", - деді ол дәстүрлі тамыз конференциясында.


© Тұрар Қазанғапов

Сондай-ақ, министрлік осыған қатысты заңнаманы қарап шыққан. Министрлік басшысы мұғалімдерге бес күн жұмыс істеуге ешқандай кедергінің жоқ екенін мәлімдеді. 

"Алтыншы күнді педагогтар өз қалауына қарай өткізуі тиіс. Балалармен уақыт өткізе ме, сабаққа дайындала ма, оны өздері шешеді. Кейде бұл күні педагогикалық кеңес өткізуге де болады және тағысын тағы. Бірақ, ең бастысы, алтыншы күн - мұғалімдердің жеке уақыты болуы тиіс", - деді ол.

Айта кетейік, оқушылардың жаңа оқу жылындағы демалыс күндері аталды.

Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша:

- 2019-2020 оқу жылы 2019 жылдың 1 қыркүйегінде басталады;
- 1-сынып оқушылары - 33 апта оқиды, 2-11 (12)-сынып оқушылары 34 апта оқиды;
- күзгі каникулдар - 28 қазаннан 3 қарашаға дейін (жеті күн);
- қысқы каникулдар - 30 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін (он күн);
- көктемгі каникулдар - 21 наурыздан 2 сәуірге дейін (13 күн);

Сондай-ақ, министрліктегілердің мәліметінше, 1-сынып оқушыларына тағы қосымша каникул беріледі - 3-9 ақпан аралығында (жеті күн).

Осылайша, оқу жылы 2019 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 2020 жылдың 25 мамырында аяқталады.

Еске салайық, Президенттің қатысуымен өткен биылғы Тамыз конференциясы Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында болды. Дәстүрлі түрде өткен конференцияда білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыланып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылды. Сондай-ақ бірқатар педагог Президенттің қолынан марапат алды. Конференцияға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2000-нан аса мұғалім келді.

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer