Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
30 августа 2021 13:38

Жарылыс болған Байзақ ауданында үйілген снарядтар табылды: министрлік түсінік берді

Камила Долаева Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

© Аibat видеосынан алынған кадрлар © Аibat видеосынан алынған кадрлар

Таяуда жарылыс болған Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер аулындағы мейрамхананың ауласында түсірілген шашылып жатқан снарядқа ұқсас заттардың видеосына Қорғаныс министрлігі түсінік берді. Кадрлардағы қара металл қауіпсіз екені айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Таяуда жарылыс болған Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер аулындағы мейрамхананың ауласында түсірілген шашылып жатқан снарядқа ұқсас заттардың видеосына Қорғаныс министрлігі түсінік берді. Кадрлардағы қара металл қауіпсіз екені айтылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Видеода көрсетілген снарядтардың сырты мен оқсауыты - оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электрондық gosreestr.kz алаңындағы сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Олар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді", - деді министрлік өкілдері.

Өндірістік база "Бақтияр-Group" ЖШС-ға тиесілі екені тексеру барысында анықталған. Оның аумағында қара металл сынықтары (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған.

Аталған металды "Бақтияр-Group" ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы, Арыс қаласында "Қазтехнология" АҚ-ның металл сынықтары қоймасымен жасалған шарт негізінде сатып алғаны хабарланды.

"Бақтияр-Group" ЖШС хабарламаға сәйкес заңды мекенжайы: ҚР, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер аулында тіркелген. Бұл ұйымның түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиясы бар екені белгілі болды.

Ақпарат бойынша, 26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасында мұндай оқ-дәрілер сақталмаған.

Ауласына қару қалдықтарын үйіп қойған жамбылдық кәсіпкермен Аibat жаңалықтар қызметінің тілшісі сөйлесті. Азамат Болатбеков Арыс қаласының әскери қоймасынан шыққан снарядтарды аукционнан темір ретінде сатып алғанын растап отыр. Алайда қазір оларды сата алмай, шығынға батқанын айтып налыды. 

"Осы затты 83 миллонға сатып алғанбыз. Қазір өтпей тұр. Мың жарым тонна алынды, оның 200-300 тоннасын ғана саттық. Қалғаны жатыр. Өзіме де оңай болып жатқан жоқ", - дейді кәсіпкер.

Ол ауылдастарын қорықпай, керісінше тез құтылу үшін металды сатуға көмекке шақырды. 

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі пайдалануға жарамсыз оқ-дәрілерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы "Қазтехнология" акционерлік қоғамына береді. "Қазтехнология" АҚ ұйымы олардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алып, оны жоя отырып, өндірісте кәдеге жарату процесін жүргізеді. Оқ-дәрілердің сынықтары осындай үрдістен кейін ғана gosreestr.kz электрондық сауда алаңы арқылы сатуға қойылады.

Еске салайық, Таяуда жарылыс болған Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер аулындағы мейрамхананың ауласында снарядқа ұқсас заттар шашылып жатқаны түсірілген видео тараған еді. Ауыл тұрғындары бұл снарядтың бәрі маңдағы мейрамхана қожайынына тиесілі екенін айтқан болатын.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @aibat__kz

Еске салайық, 2019 жылы маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болған еді. Ал биыл 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. 

Кейін әскери қоймаларда не сақталғаны белгілі болды. 

Жарылыстан жалпы саны 14 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алған. Жоғалғандарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 447.35   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети