1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Қала бойынша жоқ". Нұр-Сұлтан мен Алматы дәріханаларында парацетамол табылмады

Фото: Есет Төлеш Фото: Есет Төлеш

Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова таңертеңгі брифингте Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және Қарағанды облысындағы дәріханаларда бүгіннен бастап парацетамол болатынын айтқан. Tengrinews.kz тілшілері екі қаланың дәріханаларын аралап, парацетамол іздеп көрді.

"Бүгіннен бастап ыстықты түсіретін парацетамол препаратының таблетка түрі нарықта бар. Алматы, елорда және Қарағанды облысындағы дәріханаларда бар және қалған аймақтардың барлығына дейі жіберілді, апта соңына дейін болады", - деді вице-министр Любмила Бюрабекова.

Алайда екі қаланың 6 дәріханасынан бұл препарат табылмады.

"Парацетамол жоқ. Бір аптадан бері келген жоқ. Базада тапсырыс беріп қойдық. Бірақ әлі сатылымға да шықпады. Бірден көретін едік... Вирусқа қарсы препараттар да жоқ", - деді елордалық фармацевт.

Нұр-Сұлтандағы "Ландыш" дәріханасының алдында 5-6 адамның соңына кезекке тұрдық. 

 "Тек парацетамол сұраймын да шығамын", - деген жігітті кезекте тұрғандар шулап өткізбеді. Себебі бәрі осы дәріні алу үшін тұрғанын айтты.

Бірақ жұмыс уақыты аяқталған соң ба, білмейміз, 5 минуттан кейін 10 шақты адам жинала қалды. Кезек алып, көлікте күтіп отырғандары да бар. 

Кезегіміз келіп, біз парацетамолды сұрадық. Жауап сол: "Бір аптадан бері жоқ, қашан болатынын білмейміз".

Алматыдағы дәріханаларда "Ибуфен" бар. "Биосфера" дәріхана супермаркетінің алдында адам жоқ. Парацетамол сұрадық.

"Қала бойынша жоқ", - деді алғашқы кірген дәріханадағы фармацевт.

 Ал "Аптека плюс" дәріханасының алдында адам қарасы көп. Кезекке тұрдық.

Айта кету керек, кезекте тұрғандар 2 метр қашықтық сақтау керегін ескермеген. 

Кезектің соңы ұзарып жатқан соң, шыққандардан сұрадық. Парацетамол жоқ екен.

Біз қаладағы барлық дәріхананы аралай алмағанымызды айтып өту керек. Дәріханада қажет дәрі болмаса мамандар оны алмастыратын дәрі-дәрмек алуға кеңес беріп отыр.

Еске салайық, бірқатар өңірдегі дәріханаларда вирусқа қарсы дәрілер, оның ішінде парацетамол жоқ болып, шу шыққан болатын.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін 59 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды - вице-министр

Соңғы мәліметтер бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 41 065-ке жетті. 13 558 адам аурудан айықты. 188 науқас қайтыс болды. 

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 5 шілдеден бастап 14 күнге карантин жариялау ұсынылғанын мәлімдеді.

 Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!