1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

"Қатаң шара қолданамыз". Маска тақпаған алматылықтар жазалануы мүмкін

Фото: Әлихан Сариев Фото: Әлихан Сариев

Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов қала тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, тұрғындар сыртта жүргенде маска тағып, арақашықтық сақтауы қажет.

"Тұрғындарға маска тағу керегі айтылған. Халық жиі жиналатын орындарда полиция және аудандық әкімдік қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шамамен 400 ескерту жасалды. Әзірше, тек ескертіп жатырмыз. Алдағы уақытта эпидемиологиялық жағдайға байланысты әкімшілік жаза, айыппұл және тағы басқа шаралар қолданылуы мүмкін. Бұл қалада коронавирус инфекциясы таралмауы үшін қажет", - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ерлан Қожағапанов қазіргі таңда полиция мен аудандық әкімдік қызметкерлері тұрғындарға тек ескерту жасап жатқанын атап өтті.

"Масканы тағу өте маңызды. Бұл талапты сақтамасақ, коронавирус инфекциясы өршіп кетуі мүмкін. Сондықтан әр азамат жауапкерлікті түсініп, маска тағып жүруі керек. Әсіресе, автобусқа отырғанда, халық көп жиналатын орындарда. Қазіргі таңда біз қала тұрғырдарына ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Полиция және аудандық әкімдік қызметкерлері тиісті тапсырма берілді. Алдағы уақытта біз қатаң шараларды қолданамыз", - деп түйіндеді сөзін әкімнің бірінші орынбасары.

Еске салайық, Алматыда 2201 адам коронавирус жұқтырған. Ал елімізде жұқтырғандар саны 8531-ге жетті. Айыққандар - 4400, қайтыс болғандар - 35.