Қайтыс болған адамның несиесін кім өтейді - Заңгер түсіндіреді

17 Қаңтар, 16:54
9
Қайтыс болған адамның несиесін кім өтейді - Заңгер түсіндіреді - © pixabay.com
© pixabay.com

Адам қайтыс болған соң оның артынан мұрадан басқа, бірнеше қарызы мен несие қалатын жағдайлар көптеп кездеседі. Заң бойынша, мүлікпен қоса барлық қарыз мұра қалдырылған адам төлеуге міндеттеледі деп жатады. Дегенмен түрлі пікірлер бар. Азаматтық кодекстің 1039-бабына сәйкес, мұрагерлiк өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады.

Осы ретте Tengrinews.kz тілшісі мұрагерлік істер жөніндегі адвокат Нариман Сүлейменовтен адам қайтыс болған жағдайда оның несиесін төлеу кімге міндеттелетіні, мұрагерлер болмаса қарызды кімнің өтейтіні жайлы, сондай-ақ, банктегілердің несиені отбасы мүшелеріне міндеттеуіне қатысты толығырақ сұрап білді.

Несиені марқұмның балалары өтеуге міндетті

Адвокаттың айтуынша, несиесі бар адам қайтыс болған жағдайда оның қарызы мұрагерлеріне міндеттеледі, сондықтан ол адам мұрагері ретінде қарызды қайтаруға міндетті. Бұл жағдайда мұрагер оның мүлкінен бөлек, қарыздарына да ие болады дегенді білдіреді. Дегенмен мұнда екі жағдайды қарастыру керек.

"Бірінші жағдайда, мұраны алу-алмауды адамның өзі шешеді, ол өз құқығы (онда мұра қалдырушының қарыздары да кіретінін ескеру керек). Адам мұрагерліктен бас тартқан болса, онда оның қарызынан да бас тартқан болып саналады. Яғни банк қайтыс болған адамның артында қалған қарызды тек мұрагерінен сұрайды.

Екінші жағдайда, адам мұрадан бас тартпай, оны алатын болса, ол қайтыс болған адамның қарызын қалдырып кеткен мұрасының құнынан аспаған сомасын ғана төлейді. Басқаша айтқанда, мұрагерлік мүлік 5 миллионға бағаланса, ал қайтыс болған адамның қарызы 8 миллион болса, мұрагер қайтыс болған адамның тек 5 миллион қарызын өтеуге міндетті", - дейді Сүлейменов.

Сақтандыру компаниялары қандай жағдайда төлейді?

Сондай-ақ, маман кей жағдайларда қайтыс болған адамның қарызын сақтандыру компаниясы өкілдерінің төлейтінін айтады. Айтуынша, мұнда барлығы қарыз алушының несие алған кезде жасаған сақтандыру келісімшартында көрсетілген нақты талаптарға байланысты.

"Ережеге сәйкес, сақтандыру шарттарында сақтандыру компаниясы несие алушының банк алдындағы немесе микроқаржы ұйымы алдындағы қарызы қалып қойған жағдайларды өз мойнына алады. Алайда мұнда ескеретін жайт бар - cақтандыру компаниясы сақтандыру келісімшартында қарастырылған сақтандыру сомасымен ғана шектеледі. Қарыз мөлшері сақтандыру сомасынан асып кеткен жағдайда, ол ақшаны мұрагерлер төлеуге міндеттеледі", - дейді Сүлейменов.

Туысы жоқ адамның кредитін кім өтейді?

Мұрагерлер қалмаған жағдайлар да болады. Онда қарызды кім төлейді деген сұрақ пайда болатыны рас. Адвокат бұл жағдайда кредиторға үлкен шығын келетінін айтады.

"Мұрагерлер болмаған жағдайда қарыз беруші (банк немесе микроқаржы ұйымы) қарызын өндіріп шығара алмайды. Бұл дегеніміз кредиторға үлкен шығын келтіреді. Кейбір кезде несие алушылар кепілге мүлкін қойып жатады (ол қарыз алушыға тиесілі болмауы да мүмкін). Осы жағдайда қарыз алған адамның мұрагерлері қалмаса, кредитордың кепілге қойған мүлікті өндіріп алуға құқығы бар", - деп түсіндірді адвокат.


Суреттер pixabay.com сайтынан

Кәмелетке толмаған балалар өтеуге міндетті ме?

Сондай-ақ, маман заң бойынша банк немесе микроқаржы ұйымдарының адамды келісімінсіз борышкер ете алмайтынын айтады.

"Тағы бір ескеретін жайт, кәмелетке толмаған мұрагер мұрагерліктен тек қамқоршылық органның ресми рұқсатымен ғана бас тарта алады. Қайтыс болған адамның артында кәмелетке толмаған балалары үшін шешімді баланың қамқоршысы немесе қорғанышы сияқты басқа да заңды өкілі қабылдайды. Ол адамды жергілікті әкімдіктегілер анықтайды. Сондай-ақ, мұнда қорғаншы және қамқоршы орган қызметкерлері барынша атсалысуы керек", - деді Нариман Сүлейменов.

Мұрагерлердің барлығы да жақын адамы қайтыс болған соң бірден банкке келіп, қайтыс болғаны жайлы куәлікті көрсетпейді. Бұл жағдайда, адвокаттың айтуынша, барлығы банктің саясатына байланысты. Банктегілер төлемақы өсімін алып тастамауы да мүмкін. Ол кезде мұрагер наразылығын сот арқылы білдіре алады.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (9)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц