Қазақ кімге ат мінгізіп, шапан жапқан

21 Мамыр, 15:25
8
Қанат Исламға 2015 жылы алматылық отбасы арнайы қонақ етіп, ат мінгізген болатын. 
Қанат Исламға 2015 жылы алматылық отбасы арнайы қонақ етіп, ат мінгізген болатын. 

Қазақтың салт-дәстүрі мен ғұрпында ат мінгізіп, шапан жабу адамға көрсетілетін құрметтің ең үлкені. Бұл дәстүрдің кешегісі мен бүгіні жайлы Tengrinews.kz тілшісіне этнограф Ғалия Қайдауылқызы айтып берді.

Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, этнограф,

ҚР Білім беру ісінің үздігі:

 

Тарихшы алдымен кімдерге ат мінгізіп, шапан жабылғанын түсіндірді. 

"Бұл мәртебенің ең үлкені. Жолыңнан да қалма, жөніңді де біл деген сөз. Мұндай құрметтің алдымен көлденең көк аттыға жаппайтынын ұғу керек. Ат мінгізіп, шапан жабу қазіргі әншілер, айтқыштардың алып жүрген гонорары мен сыйақыларының деңгейіндегі дүние. Мәселен, кезіндегі сал-серілерге, қара қылды қақ жаратұғын билерге әлует болып, ел болып ат мінгізіп, шапан жаяды. Әсіресе бұл дәстүр өнеріне разы болған адамдарға жасалған. Оның бір қызметі немесе тұрмыстағы міндеті үшін емес, арғы салт-дәстүрді өз деңгейіне көтерген адамға жасаған", - дейді ол.


"Алтын домбыра" сайысында екі мәрте топ жарған қызылордалық айтыскер ақын Мұхтар Ниязовқа ауылдастары 2017 жылы ақ боз ат мінгізіп, шапан жапқан еді. Ол кезде айтыскер ақын өзі туған ауылы Жалағаш ауданы, Ақжарма ауылына барып, жерлестерімен кездескен. Сол кезде ауыл тұрғындары ақынның астына ат байлаған.

Алайда маман батырларға, ел қорғап жүргендерге ат мінгізіп, шапан жапқан жағдайды естімегенін айтады. Айтуынша, ел қорғау ісі оның парызы, оны көзге түскен өнерпаздармен салыстыруға келмейді. 

"Оның дәрежесі ел қорғауымен, жауды жеңуімен есептеледі. Оған ел шеберлері қылыш, найза, қатты ағаштан шоқпар, айбалта, садақ, ат әбзелдерін жасап беруі мүмкін. Себебі оны батыр өзі жасамайды. Оған жасалатын сый-сыяпаттың жөні бөлек. Батырға батыр болғаны үшін ат мінгізіп, шапан жабу қате түсінік. Бұл дәстүр ұлттық өнерде, ұлттық ойындарда ерекше көзге түсіп, жеңімпаз атанған, ерекше даусымен елді тамсандырған адамдарға жасалуы тиіс", - дейді этнограф.


Ал 2015 жылы қазақ елі Аралас жекпе-жектен 3 дүркін әлем чемпионы Ардақ Назаровқа, ММА файтері Қуат Хамитовке және айтыскер ақын Рүстем Қайыртайға ат мінгізіп, шапан жапқан еді. "Ақындар мен батырларға ұлымыз еліктесін деп ат мінгізіп, шапан жапқан қазағыма басымды иемін", - деп пікір білдірген еді сол кезде ақын.

Ғалия Қайдауылқызы бұл дәстүрдің екі себеппен жасалатынына тоқталды. Оның біріншісі - құрмет көрсетіп, сый ретінде тарту болса, екіншісі кінәлі болып қалған жағдайда айыбын өтеп, кінәсін жуу екен.

"Бұл деген шын мәнінде өз кінәсін мойындап, алдына жығылғанда жасалатын дәстүр. Оның біз айтып отырған дәстүрмен ұқсастығы болғанымен, мүлдем басқа жағдай екені айтпай-ақ түсінікті. Қазақтың ат-шапан айып деген сөз тіркесі осыдан шыққан. Ат мінгізіп, шапан жабу дәрежелеу болса, ат-шапан айып өзіңнің кінәңді мойындау, сөзге тоқтамға келу, кішірейе отырып кісілігіңді көрсету", - дейді ол.


Қазақ халқының сүйікті әншісі Мейрамбек Бесбаев та желіде күтпеген жерден тұлпар мінгенін айтып, сүйінші сұраған еді. Әншіге жолдастары ат мінгізген. Әнші құрмет көрсеткен жолдастарына алғысын жеткізген еді. "Бүгін ойламаған жерден достарым "жорға" мінгізді. Ат мінгізіп, шапан жапқан қазағым аман болсын!" - деп жазған болатын ол Instagram-дағы парақшасында.

Ал бүгінде, маманның айтуынша, бұл дәстүр дастарқан басы мен той-томалақта ғана жасалып жүр. Мұны ел ісімен айналысып, мемлекетаралық қарым-қатынаспен айналысатын дипломаттардың қазақ ұлты екенімізді, тарихымыз бен мәдениетіміздің бөлек екенін ерекшелеу үшін қолданыс аясын кеңейтсе құба-құп дейді ол.

"Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, шаруа мен шаруа құда болса арасында дорба жүреді, кедей мен кедей құда болса шықпаған жаны зорға жүреді" деген сөз бар. Жағдайы жеткенінше әркім өзара сый-құрмет жасасады. Алайда тарихта бұл әркімнің өз халінше жасауына рұқсат еді, жағдайы жетпесе де қазіргідей қарызданып, аста-төк той жасаса, билер оған айыппұл төлететін. Мемлекеттік деңдейде осы ғұрпымызды әдетке айналдырып, қалыптастыру ендігі ұрпақтың еншісінде.


WBC Asia чемпиондық белбеуінің иегері - "Қазақ сарбазы" лақапатымен танымал Садриддин Ахмедов биылғы наурыз айының соңында туған жері Жетісай ауданына келіп, жастармен кездескен еді. Чемпионды әуелі аудан әкімі Жамантай Қанайұлы қабылдап, сый-құрмет көрсеткен. Осы кезде халқы оған иығына шапан жауып, ат мінгізген болатын.

Ғалия Қайдауылқызы осы дәстүр бойынша атайтын аттың және кігізетін шапанының сынына тоқталды. 

"Сыйды қалай болса солай бере бермеген қазақ. Түріне, түсіне, пейіліне қарап малдың өзін ретке келтірген. Сойыс малын бәйгеге қоспайтындай, шабыс атына жүк артпайтындай сый-құрметімен берілетін сый аты да бөлек реттеліп отырған, оның бабы да, бағбаны да, қорасы да бөлек болуы керек. Тулап тұрған ту жылқылар, тұлпар шығар текті құлындар, бір көрер жылқы деп сыйлайды. Қазақ сый-сыяпатқа сиыр бермейді, ешкі жетелетпейді, ең бірінші ердің жаны ат деп, ат мінгізеді. Өйткені қазақтың өзін қазақ мінезді дейміз. Бұған өз себебі де бар, жылқы бірін-бірі тістеп кісінесіп сүйсе, қазақ әзілдескенде шымшып сөйлеп, астарында зілі жоқ әңгімемен құрмет білдірген. Сондықтан қазақты жылқы мінезді деген. Ал шапанның да жөні бөлек, әркім бір киетінін емес, жағалысын, мерейін асыратынын кигізеді. Қазақтың шапаны көп, арнайы адамдар мені көр деп менменсінуі үшін емес, елге үлгі деп сол шапандардың түр-түрін тігіп, тоқып, киіз етіп басып дайындаған, оның құны анау-мынау зер шапаннан арзан болмаған. Ал бүгінгі киіт дейміз, кәдесый дейміз, бағасы да, қасиеті де кеткен сый халқымыздың талғамы мен санасына әсер ететіні өтірік емес", - деп түсіндірді этнограф.


Танымал әнші Төреғали Төреәліге Наурыз тойында жаңақорғандық ағасы ат мінгізген еді. "Жаңа жыл Жаңақорғанда жалғасып, ағайын - жұртпен араласып, шын қуанып шат күліп, Ғани көкемнен ат мініп, атой салып айқайлап, қонақжай елім пай-пайлап, Той тойлап жүрміз той тойлап!", - деп сүйіншілеген еді сол кезде әнші. Айта кетсек, Төреғалиге қыста да Орынбай қажы атасы ат мінгізіп, сыйлаған еді. 

Получить короткую ссылку

Тегтер:

  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікірлерді көру (8)
Читают
Обсуждают
Сегодня
Неделя
Месяц