1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Қазақстанда Наурызда қандай шектеулер болады? 19 марта 2021, 14:53

Алда қазақстандықтарды бес күн демалыс күтіп тұр. Тұрғындар Наурыз мерекесін атап өтеді. Еліміздің кей өңірінде алдағы демалыс күндері карантин
  • ПОДЕЛИТЬСЯ
  • Vkontakte
  • Facebook
  • Twitter
  • Одноклассники
  • Telegram
Новостью поделились: человек

© Tengrinews.kz © Tengrinews.kz

Алда қазақстандықтарды бес күн демалыс күтіп тұр. Тұрғындар Наурыз мерекесін атап өтеді. Еліміздің кей өңірінде алдағы демалыс күндері карантин талаптары күшейеді. Биылғы Наурызда қандай шектеулер болады? Tengrinews.kz тілшісі карантин күшейген өңірлер туралы баяндайды.

Нұр-Сұлтан

Қала әкімдігінің мәліметінше, 21 наурызда елордада локдаун енгізіледі. Жексенбіде елордадағы бірқатар нысан жабылады. Дәлірек айтқанда, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда орталықтары, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, "Қазпошта" АҚ сияқты мекемелердің жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Одан бөлек, азық-түлік сатпайтын жабық базарлар, азық-түлік тауарларын сатпайтын объектілер, жабық спорт нысандар жұмысын уақытша тоқтатады.

Сонымен бірге, дезинфекция жұмыстары жүргізілуіне байланысты жексенбіде қоғамдық көлік жұмысы тоқтайды.


© Әлихан Сариев

Сенбі және жексенбі күндері фитнес-орталықтардың, фитнес-клубтардың, спорттық-сауықтыру объектілерінің, сауналардың, СПА-орталықтардың ("сары" аймақ критерийлері қолданылатын Ashyq пилот жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда) жұмысына тыйым салынады.

Астанада шектеулер кеше күшейе бастады. 18 наурыздан бастап мейрамханалар, барлар, асханалар 07.00-ден 22.00-ге дейін ашық болады. Сонымен қатар 18 наурыздан бастап кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынды.

Алматы қаласы

Алматы тұрғындары үшін де шектеулер көбейеді. 13 наурызда Алматы қаласы бас мемлекеттік санитария дәрігері Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы күшіне енді.

Жаңа қаулы бойынша, ойын-сауық шараларын, көрмелер, форумдар, сондай-ақ отбасылық, салтанатты, естелік іс-шараларын өткізуге тыйым салу сақталады. Үйге де көп адам жинауға болмайды. Күндізгі режимде де кеңестер (отырыстар) өткізуге болмайды;

Наурызды және басқа да мерекелік корпоративтер өткізуге тыйым салынады. Ал 20-24 наурыз аралығында қалааралық/облысаралық тұрақты автобустардың Алматы қаласына кіруі (қозғалысы) уақытша тоқтайды.


© Тұрар Қазанғапов

Бұл боулинг орталықтары, компьютерлік клубтар, бильярд, караоке, батуттар, түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер, лото және ойын клубтары, жабық үй-жайлардағы ойын алаңдары мен аттракциондарға тыйым салынады. Бірақ жаңа қаулы бойынша, Алматыда елордадағыдай демалыс күндері сауда үйлері жабылмайды.

Таяуда Жандарбек Бекшин онлайн-брифингте тұрғындарды карантин шараларын сақтауға шақырған болатын.

"Күніне 300 науқас жатқызылса да, қала локдаунға жабылады. Шараларды уақтылы қабылдамасақ, онда, әрине, барлығын толығымен жауып, тоқтатуға тура келеді. Біздің міндетіміз - бұған жол бермеу. Әлі кеш емес", - деді ол.

Алматы облысы

Алматы облысында да карантин шаралары күшейді. Таяуда шыққан қаулыға сәйкес, ойын-сауық нысандары, оның ішінде түнгі клубтар, кальян, көрмелер, букмекерлік кеңселер, караоке, боулинг-орталықтар, лото-клубтар, PS және компьютерлік клубтар, цирк, бильярд залдары жабылады.

25 адамнан көп емес кезекші топтарды қоспағанда, барлық меншік нысанындағы мектепке дейінгі ұйымдар, балалардың ойын-сауық орталықтары қызметін тоқтатады.


© 24.kz

Өңірде алдағы демалыста, 20-24 наурыз арасында мына нысандардың қызметі уақытша тоқтайды:

  • сауда үйлері, сауда және ойын-сауық орталықтары;
  • жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлар, ашық азық-түлік емес базарлар;
  • қоғамдық тамақтану нысандары (мейрамхана, кафе, дәмхана, банкет залдары, фудкорт, асхана, донер, барлар және басқалары)
  • кинотеатрлар мен театрлар.

Қарағанды облысы

Ертеңнен бастап Қарағанды облысында да карантин күшейеді. Дәлірек айтқанда, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Приозерск, Абай және Ақтоғай аудандарында шектеу шарасы қатаңдатылады.

Бұл өңірлерде 20 наурыздан бастар шағын орталықтар, театрлар, кинотеатрлар, мәдени нысандар жұмыс істемейді. Демалыс күндері қалааралық қоғамдық көліктер де тоқтатылады.

"Әлі де жұмысқа рұқсат берілмеген нысандарға баруға тыйым салынады. Бұл - Ashyg пилоттық жобасы жүзеге асырылған нысандарды қоспағанда, караоке, бильярд, компьютерлік клубтар, түнгі және ойын клубтары, боулинг орталықтары, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары", - деді облыстың бас санитар дәрігері Юрий Залыгин.


© Әлихан Сариев

Демалыс және мереке күндері азық-түлік супермаркеттерін, дәріханаларды, сұлулық салондарын қоспағанда, ауданы екі мың шаршы метрден асатын сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, көтерме сауда орталықтары, азық-түлік емес дүкендердің жұмысы тоқтатылады.

Сонымен қатар, сауналар, спа, массаж салондары, бассейндер мен жабық базарлар сенбі мен жексенбі күндері жабық болады. Жексенбіде ашық базарлар да жұмыс істемейді.

Батыс Қазақстан облысы

20 наурыздан бастап Батыс Қазақстан облысында да карантин күшейеді. Өңірдің бас санитар дәрігері Мұқамғали Арыспаев жаңа қаулыға қол қойды.

Өңірде сенбі мен жексенбіде жабық базарлар, сауда үйлері, сауналар мен спа-салондардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Барлық кинотеатр, театр, мәдени нысан, банкет залы, түнгі клуб, бар, караокенің қызметіне тыйым салынады.

Ашық базарлар 9:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеуіне болады. Жексенбіде олар да жабылады.


© Әлихан Сариев

Асханалар, кафелер, мейрамханалар сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істей алады, бірақ сыйымдылығы 50 пайыздан аспауы керек. Фуд-корттардан тамақ жеткізуге не алып кетуге болады.

Сұлулық салоны, шаштараз, косметикалық қызмет көрсететін орындар алдын ала жазылу бойынша жұмыс істеуі керек.

БҚО-дағы шектеу шаралары мен мерзімі коронавирус таралуына байланысты қайта қаралуы мүмкін, делінген жаңа қаулыда.

Басқа қалаларда қандай шектеулер бар?

Бұл бес өңірде карантин талаптары күшейді, бірақ қалған облыстарда шектеу шаралары жоқ деген сөз емес. Еліміздің барлық өңірінде отбасылық, мерекелік іс-шара өткізуге, адам көп шоғырлануына тыйым салынған. Наурыз мерекесі кезінде де сол тыйым сақталады.

Денсаулық сақтау министрлігі мейрамды тек отбасы ішінде ғана атап өтуге кеңес берген.

Кей өңірде сауда үйлері, кинотеатрлар, мейрамханалар ашық болады. Онда да өз шектеулері бар.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақытау комитеті Наурызды атап өту кезінде жаппай ауырудың алдын алу үшін бірқатар талап қойған:

- Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;
- Халықтың жаппай жиналуын болдырмау;
- Іс-шара өткізу кезінде - әлеуметтік қашықтықты, маска режимін сақтау, театрлар, концерт залдары әр аймақтың эпидемиологиялық қауіп аймағына сәйкес жұмыс істейді. "Қызыл аймақта" тыйым салынған, сыйымдылығы "сары аймақта" 20 пайыздан, "жасыл аймақта" 30 пайыздан артық емес;
- Киіз үй тігу кезінде - адам көп жиналуын болдырмау, тамақ өнімдерін дайындамау және жемеу;
- Адамдар өзара тікелей байланыста болатын іс-шара (күрес, аударыспақ және басқалары) өткізбеу;



Join Telegram