Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
20 ноября 2018 11:38

Қазақстандағы халық саны ең көп ауылдың тұрмыс-тіршілігі

Сандуғаш Сұлтан Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл - Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы. 2018 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, бұл ауылдың халық саны - 52 019 адам. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі еліміздегі тұрғындарының саны ең көп ауылдың тіршілігі туралы білді.


ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл - Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы. 2018 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, бұл ауылдың халық саны - 52 019 адам. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі еліміздегі тұрғындарының саны ең көп ауылдың тіршілігі туралы білді.

Тарихқа көз жүгіртсек, Бейнеу ауылының іргетасы 1916 жылы қаланып, 1948-1963 жылдар аралығында Бейнеу өңірін игерудің бірінші кезеңі аяқталған. Екінші кезең 1963 жылы Мақат-Маңғыстау, Бейнеу-Қоңырат теміржолдарының салынып, пайдалануға берілуінен бастау алады.

Бұрынғы "Жібек жолы" торабы қайтадан ел мен елді жалғастыратын, араластыратын күретамырға айналып, Бейнеу станциясының бағы жанып, тоғыз жолдың торабы, Орта Азияға шығатын Қазақстанның қақпасы атанған.

Орталық Азия газ құбыры желісі тартылып, компрессор станциясының орналасуы, Бейнеу ауылының өсуіне зор әсерін тигізген. Газшылар Бейнеу мен Боранқұл ауылдарын сәнді ғимараттармен әрлей түсті. Айналасы он жылдың ішінде Бейнеу теміржолшылардың, газ бен мұнай тасымалдаушылардың, құрылысшылардың көшелері көк желекке толы қала типті мекеніне айналған. 1969 жылы Сам өңірін өріске толтырған мал фермаларының негізінде Маңғыстау кеңшары құрылды.

Бейнеу ауылында 1999 жылдары 14 299 адам тұрған, ал 2009 жылы - 32 452 адам. 2012 жылы бұл ауылдың тұрғындарының саны 40 344 адамға жетіп, 2016 жылы 49 826 адамнан асқан.

Ал осы Бейнеу ауылының бүгіні қандай? Ол жөнінде Бейнеу ауылы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Боранбаев айтып берді.

Нұрлыбек Боранбаевтың айтуынша, бүгінде ауыл тұрғындарының саны 53 мыңға таяп қалған.

"Бейнеу ауылы 1973 жылдан бері аудан орталығы болып келеді. Қазіргі таңда ауылымыздың тұрғындарының саны - 52 725 адам. Халықтың басым бөлігі бюджеттік салада, темір жол саласында жұмыс істеп, шағын кәсіпкерлікпен,  өндірістік мекемелерде, мысалы, мұнай және газ, ұлутас карьерлерінде, сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысады", - деді Боранбаев.

Оның айтуынша, ауылда оннан аса мектеп бар.

"Ауылымызда жалпы орта білім беретін 11 мектеп, он бөбекжай, бір кешкі мектеп, бір өнер мектебі, бір спорт мектебі, жекпе-жек спорт залы, бокс залы, кәсіптік білім беретін екі колледж, жеке қосымша білім беретін бес орталық, бір аурухана бар. Бұл ауруханада төрт бөлімше мен бір перзентхана бар", - деді ол.

"Ауылда орталық мешіт, орталық кітапхана, мұражай, қазпочта, байланыс үйі, банк бөлімшелері бар. Сонымен қатар, астық терминалы, ауыл шаруашылық кооперативтері, қонақ үйлер, орталық базар, жекеменшік дүкендер, дәмханалар, дәріханалар, ұлутас өндіретін карьерлер, автокөліктерге жанар-жағар май және газ құю бекеттері жұмыс істейді", - деді Боранбаев.

Бейнеу ауылдық әкімдігінің мәліметінше, ауылдағы туу деңгейі 2,38 пайызға артқан, биыл өмірге келген сәбилердің саны - 1256 бала.

"Ауылымыздың халық саны уақыт өткен сайын артып келеді, жыл басынан бері 11 айдың ішінде ауылымызда 1256 нәресте дүниеге келді. Менің ойымша, Бейнеу ауылы тұрғындарының Қазақстан бойынша ең жоғары болуының сыры халықтың өмір сүру деңгейіне байланысты. Мысалы, біздің ауылда теміржол және автомобиль жол қатынастары, сондай-ақ, байланыс жүйесі, коммуналдық қызметтер - газ, су, тоқ жұмысы жақсы деңгейде", - деді Нұрлыбек Боранбаев.


© Суреттерді Бейнеу ауылдық әкімдігінің өкілдері жолдады

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.22   490.7   4.76 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети