1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Қазақстанның қай өңірлерінде індет өршіп тұр?

Қазақтанда коронавирус жұқтырғандардың саны 8 696-ға жетті. 4 өңірде коронавирус жұқтыру өсімі 7 пайыздан жоғары. Тengrinews.kz тілшісі қай облыстарда індет өршіп тұрғанына, өңірлер коронавируспен қалай күресіп жатқанына шолу жасады

Елімізде өткен тәулікте тағы 438 адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ауруды жұқтыру өсімі - 5,1 пайыз.

Қай өңірлерде індет өршіп тұр?

Өңірлерді өсім қарқыны бойынша бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топқа өсім қарқыны 7 пайыздан жоғары өңірлер жатады. 

Өткен тәулікте Шымкентте - 69 адам (11,3 пайыз), Қарағанды облысы - 67 адам (11,3 пайыз), Жамбыл облысы - 51 адам (17,5 пайыз), Батыс Қазақстан облысы - 38 адам (9,2 пайыз) коронавирус жұқтырған.

Екінші топтағы өңірде өсім қарқыны 7 пайыздан төмен, бірақ 5 пайыздан жоғары. Ол - Түркістан облысы. Мұнда өткен тәулікте 17 індет жұқтырды, өсім - 5,4 пайыз.

Үшінші топқа ауру жұқтыру өсімі 5 пайыздан төмен өңірлерді жатқызуға болады. Олар: Алматы қаласы - 75 (3,4 пайыз), Нұр-Сұлтан қаласы - 56 (3,4 пайыз), Атырау облысы - (3,6 пайыз), Алматы облысы - 12 (4,2 пайыз), Қызылорда облысы - 8 (2,4 пайыз), Қостанай облысы - 5 (4,1 пайыз), Маңғыстау облысы- 5 (3,0 пайыз), Ақтөбе облысы - 2 (0,7 пайыз), Ақмола облысы - 1 (0,7 пайыз) коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді.

Осылайша, Қазақстанда 8 969 адам вирус жұқтырды. 4560 науқас дертінен айықса, 35 адам көз жұмды.

СOVID-19 жұқтырғандардың саны неге артты?

Бүгін Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова соңғы тәулікте коронавирус жұқтырғандар саны неге артқанын түсіндірді.

"Біріншіден, науқастардың көбеюі коронавирусқа тексерістің көп болуы. Екіншіден, ұжымдарда сырқаттану дерегінің жиі тіркелуі. Үшіншіден, ауруханаға тексеріске келген азаматтардың артуымен байланысты. Мысалы, елімізде коронавирус жұқтырудың 438 дерегі тіркелді. Оның ішінде 88 пайыз профилактикалық тексерістен өткен кезде, 10 пайызы ауруханаға барған кезде, 8 пайызы басқа елдерден келген азаматтардан вирус анықталды", - деді еліміздің бас санитар дәрігері денсаулық сақтау министрлігінің Facebook желісіндегі парақшасында өткен тікелей эфирде.

Өңірлер коронавируспен қалай күресіп жатыр?

Қарағанды облысында 662 адам індет жұқтырған. 191 науқас айыққан, 3 адам қайтыс болды. Мұнда өткен тәулікте өсім - 11,3 пайыз. 

Бүгін облыстағы барлық кәсіпорын күшейтілген санитарлық режимге көшті. Өңірде "Нұрқазған" кенішінің қызметкерлері арасында коронавирус инфекциясының өршуі облыс әкімдігінің алаңдаушылығын тудырды. 

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кеніштегі жағдай бақылауға алынғанын атап өтті.

"Қазір таңда кеніштің жұмысы тоқтатылды. Алайда облыста жұмысын тоқтатуға болмайтын кәсіпорындар бар. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын мұқият қадағалау керек. Денсаулық сақтау басқармасы мен бас санитар дәрігер беретін ұсыныстарды ескеру қажет", - деді өңір басшысы аймақтың ірі кәсіпорындары басшыларымен өткен кездесуінде.

Ал Шымкент қаласында карантин 8 маусымға дейін ұзартылды. Мұнда коронавирус жұқтырудың 675 дерегі тіркелді. 228 науқас жазылды, 6 қайтыс болды.

Батыс Қазақстан облысында коронавируске шалдығу оқиғаларының саны артып отыр. Мұнда аурудың өсім деңгейі - 9,2 пайыз. 

Бүгін Жәнібек ауданына қарасты Қамысты және Борсы ауылдары карантинге жабылды. Екі ауылдың кіреберіс жолдарына блок бекеттер қойылды.

БҚО-да карантин 15 маусымға дейін ұзартылды. Өңірде 452 адам індет жұқтырған. 252 науқас дертінен айыққан. Індеттен өлім дерегі тіркелмеген.

Жамбыл облысында COVID-19 вирусын жұқтырудың 343 дерегі тіркелді. 173 науқас жазылса, 1 адам аурудан қайтыс болды.