Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
03 апреля 2020 19:50

"Көш жүре түзеледі". Білім министрі ата-аналарға үндеу жасады

Рахила Тлеуова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының IV тоқсанда қашықтан білім алу жүйесі қандай болатынын айтып, ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқушыларының IV тоқсанда қашықтан білім алу жүйесі қандай болатынын айтып, ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, 6 сәуірден бастап 3 миллионнан аса оқушы қашықтан оқу форматына көшеді.

"Сұрақ өте көп. Сын-пікірлер, ұсыныстарды қабылдап, тиісті шаралар қабылдап жатырмыз. Әртүрлі алып-қашпа сөздер де жиілеп кетті, - деп бастаған министр қашықтан оқудың 4 бағытына тоқталды.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, телеарнада көрсету үшін 3360 видеосабақ түсіріледі. Олар екі тілде: қазақша және орысша дайындалады. Сабақтар мемлекеттік стандартқа, типтік оқу жоспарына, оқулықтарға, оқу бағдарламасына сай болады. Барлық сабақ интернетке жүктеледі. Кейін оқушылар кез келген уақытта қарай алады.

Екінші бағыт - оқушылар радио арқылы оқиды. Бұл механизм қосымша тетік ретінде іске асырылады. Тиісті аудио сабақтар "Қазақ радиоларына" беріледі.

"Елімізде 1200-ге жуық елді мекенде мектеп жоқ. Онда әрі кетсе 5 бала, 7 бала ғана бар. Олар пошта арқылы сабақ оқиды. Бұл - үшінші тетік", - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар, елімізде мыңнан аса оқушы баяғыдай мектепке барып оқиды екен. Себебі бұл мектептер шалғай жерлерде орналасқан және ол жерлерге коронавирус індетінің қаупі төмен.

"Төртінші - 1080 мектепте 80-100-ге дейін балалар оқиды. Еліміздегі 1080 мектеп шалғай жерде орналасқан. Ол жерлерде 80-100-ге дейінгі балалар оқиды. Қауіп өте аз. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар өздері осындай шешімді қабылдады. Осы мектептер бұған дейін қалай оқыса, солай жалғастырады. 6 сәуірден бастап дәстүрлі режимде оқиды. Бұл мектептегі оқушылар 2 ауысымға өтті және сынып ауыстырмай оқиды", - деді министр.

Содан соң министр қазір ата-аналарды алаңдатқан компьютер және интернетке қосылу мәселесіне тоқталды.

"Қалада 2 миллион бала, аудан орталықтарында 500 мыңға жуық бала. Бұл балалар интернет арқылы оқиды. Бұл тетік бойынша екі проблема бар. Бірінші - компьютердің жетіспеушілігі және екінші - интернетке қосылу проблемасы. Бұл мәселелер бойынша, мектеп балансындағы компьютерлерді беріп жатырмыз. 120 мың компьютер мектеп балансынан ата-аналарға берілді. Компьютер жетпейтін жағдайда қосымша сатып алатын мүмкіндігіміз бар. Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысына сәйкес, 79 870 компьютер сатып алу үшін қаржы бөлінді. Техникалық мүмкіндік болғанымен интернетке қосылу проблемасы бар. Алматының өзінде 4200 роутер таратып, отбасылар интернетке қосылды. Барлық өңірде осы жұмыс жалғасады", - деп түсіндірді министр.

Асхат Аймағамбетов онлайн оқыту мен қашықтан оқытудың айырмашылығын да атап өтті.

"Тағы бір мәселеге тоқтағым келеді. Көбіне, қашықтан оқу дегенді онлайн оқумен бірдей ұғымда пайдаланамыз. Бірақ қашықтан оқыту деген онлайн оқытумен тең емес ұғым. Қашықтан оқыту деген - пошта, теледидар, радио, интернет арқылы оқыту және интернеттің өзінде онлайн емес, қашықтан тиісті тапсырманы алып, орындап, видеосабақтарды бірнеше рет көруге мүмкіндік береді. Бұл - баланың өзіне икемдеп істейтін жұмыс. Сондықтан бұл екі ұғымды бөлек тануымыз керек, - деді ол.

1 сәуір күні елімізде эксперимент ретінде онлайн режимінде сабақ өтті.

"Біз 1 сәуірде әдейі сынама сабақтарын өткіздік. Сол сынама сабақтарына онлайн режимінде 1 миллион 250 бала шығып, дәріс алып көрді. Еліміз бойынша жалпы сынама сабағын өткізгенде 2,5 миллион бала түрлі платформалар арқылы өткіздік. Әдейі қарау үшін, техникалық мәселелерді көру үшін, ата-аналар мен балалар үйренуі үшін. Нәтижесінде жақсы дайындықты көрдік. Ұстаздарымыз өз шеберлігін шыңдап, дайын болды деп айта аламыз. Сондықтан ұстаздарымызға алғысымды айтқым келеді. Балалар да мұғалімдерін сағынғанын көрініп тұр", - деп ұстаздарға алғыс айтты ол.

Дегенмен министр бұл сабақ барысында онлайн оқудың орнына интернет арқылы қашықтан оқу керегін түсіндік дейді. Министр онлайн өткізуді міндеттемей, тиімдісі мен айтқан платформалармен жұмыс істеу керек деген пікірде.

Сонымен қатар, ол мұғалімдерден сынып журналынан басқа ешқандай есеп талап етілмейтінін баса айтты.
Сөзінің соңында білім және ғылым министрі қазақстандық ата-аналарға өтініш айтып, үндеу жасады.

"Құрметті ата-аналар! Сіздерге тағы бір мәрте бірнеше ойымды айтқым келеді. Ең басынан біз төртінші тоқсанды бастаймыз. Бізге керегі сіздердің қолдауларыңыз. Әрине, бұл жаңадан. "Көш жүре түзеледі" дейді ғой қазақ. Сондықтан әртүрлі ақау, кемшілік болады. Онсыз болмайды. Жаңа болғаннан кейін біздің ұстаздарымыз үшін де, балаларымыз үшін де, ата-аналарымыз үшін де күрделі мәселе. Оны түсіну де тез болмайды. Сондықтан алдын ала болатын келеңсіз жағдайларға кешірім сұрағым келеді және сіздерді балаларымызды қолдап, өздеріңізге алақандарыңызға алып барлық жағдайды жасайды ғой деп сенемін. Сіздерден өтініш сұрағым келеді. Менің ойымша, сіздердің қолдауыңыз болса, ұстаздарымыздың, сіздердің жұмысыңыздың арқасында, балаларға білім беріп, тиісті жұмысты ұйымдастырып, осы қиын кезеңнен абыроймен шығатын боламыз. Рақмет!" - деді ата-аналарға білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, коронавирустың жаппай таралмауы үшін елімізде 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты БҒМ оқушыларды 16 наурыздан 5 сәуірге дейін каникулға жіберген болатын.
Енді 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары сабақты 4 бағыт бойынша қашықтан оқиды.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 448.12   483   4.85 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети