Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
08 марта 2020 14:06

"Кредит алудың қажеті жоқ". Депутаттар 8 наурызға қандай сыйлық алу керегін айтты

Даурен Ерболат Журналист

ПОДЕЛИТЬСЯ

8 наурыз - ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар мен аяулы қыздардың мерекесі. Бұл күні ер адамдар нәзік жандарға гүл сыйлап, ерекше құрметке бөлеп, жылы сөздерін арнайды. Мерекені дүбірлетіп атап өтуге тырысады. Tengrinews.kz тілшісі депутаттардың мерекеге қалай дайындалып жатқанын, 8 наурызға қандай сыйлық берілуі керегін сұрап білді.


8 наурыз - ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар мен аяулы қыздардың мерекесі. Бұл күні ер адамдар нәзік жандарға гүл сыйлап, ерекше құрметке бөлеп, жылы сөздерін арнайды. Мерекені дүбірлетіп атап өтуге тырысады. Tengrinews.kz тілшісі депутаттардың мерекеге қалай дайындалып жатқанын, 8 наурызға қандай сыйлық берілуі керегін сұрап білді.

"Үйде ішімдік жоқ"

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков халықаралық әйелдер мерекесін асыға күтетінін, оны отбасымен бірге қарсы алатынын айтты.

"91 жастан асқан анам, әйелім мен қыздарым бар. Оларға гүл алып, шоколад немесе әтір сыйлаймын. Мереке күні барлығымыз мант жасап, кешке дастархан басына жиналамыз. Үйде ішімдік жоқ. Тек шырын ішіп, бір-бірімізді құттықтаймыз. 8 наурызды жыл сайын осылай тойлаймыз", - дейді ол.

"Байларды түсінбеуіміз мүмкін"

Сонымен қатар, депутат бұл күні аса шығындалмайтынын, қарапайым гүл алатынын жеткізді.

"Қазір әйелдердің қалауы әртүрлі ғой. Біреуі етік, ішік алып бер дейді. Мүмкіндігі барлар оны алып жатқан шығар. Байлардың әрекетін біз түсінбеуіміз мүмкін. Мен 15-20 мың теңге тұратын, гүлді емес, қарапайым 3-4 мың теңгенің раушан гүлін сыйлаймын", - дейді Жамбыл Ахметбеков ағынан жарылып.

"Жоспар дайын"

Ал депутат Магеррам Магеррамов бұл мерекені отбасымен бірге қарсы алады. Оның сыйлығы да дайын екен.

"Менің анам, әйелім қызым бар. 8 наурыз оларға сыйлық беруден басталады. Кейін мерекеге орай дәмханаға барамыз. Бұл күнге жоспарымыз дайын. 2 ұлым бар. Сыйлақтарды жоспарлап қойдық. Мысалы, анам гүлді жақсы көреді, әйелім қыш құмырадағы гүлді ұнатады. Ал қызыма менің көңіл бөлгенім маңызды", - дейді ол.

"Бұл құпия"

Депутат Геннадий Шиповских халықаралық әйелдер күніне қалай дайындалып жатқанын айтқысы келген жоқ. Ол адамдардың жеке басына қатысты мәліметті білмегенін қалайды.

"Аналарымызға, жақындарымызға арнаған жоспарымыз бар. Ренжімеңіз, құпия болғандықтан, ештеңе айта алмаймын", - деп ол жауабын қысқа қайырды.

"Кредит алудың қажеті жоқ"

Депутат Абай Тасболатов бүгінгі күні қазақстандық әйелдер қоғамның дамуына өз үлесін қосып жүргенін қуанышпен жеткізді. Ол 8 наурыз күні сыйлық шын ниетпен берілуі қажет деген пікірде.

"Кейбіреулер қымбат сыйлық апарып жатады. Осы күнге дейін олай істеген жоқпын. Бұл күні сыйлық шын көңілмен жасалуы керек. Гүлді де ұмытпаған абзал. Ниет те дұрыс болу керек. Әйтпесе, кейбіреулер қиналып қалады. Кредит алудың қажеті жоқ", - дейді депутат.

"Сыйлық берілуі керек"

Депутат Альберт Рау мереке күні нәзік жандыларға міндетті түрде сый берілуі қажет деген пікірде. Бірақ оның қандай болуы керегін айтқан жоқ.

"Әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтау маңызды. Оған жауапкершілікпен қараймын. Сондықтан тізімді алдын ала дайындап қоямын. Тізімге әйелім мен қызым, бірге оқыған сыныптастарым, бұрынғы әріптестерім кіреді. Оларға жылы сөздерімізді аямауымыз керек. Бұл күні сыйлық берілуі керек", - дейді ол.

"Көрпеге қарай көсілген жөн"

Сондай-ақ, депутат Асылбек Смағұлов 8 наурызға дайындалып жатқанын, жақындарына раушан, қызғалдақ гүлдерін сатып алатынын айтты. Осы орайда ол бұл күні сыйлық шын ниетпен жасалуы керегін жеткізді.

"Аналарымызға, әпкелерімізге, қарындастарымызға сыйлық шын жүрекпен берілуі керек. Әр адам көрпесіне қарай көсілгені жөн. Яғни жағдайына қарау керек. Әйел адам бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Олардың қоғамның дамуына қосып жатқан үлесі зор", - деді ол.

Сонымен қатар, депутат Фахриддин Қаратаев мерекені күні ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатынын айтты.

"Мереке құтты болсын! Жақсылық ұзағынан болсын!" деп анамды, әйелім мен қыздарымды құттықтаймын. Оларға гүл беріп, өздеріне қажетті заттарын беремін. Кейбір азаматтар бұл күні "көлік немесе қымбат заттар алып беремін" деп айтуы мүмкін. Мәселе онда емес. Бұл мейрамда адамға керегі жылы сөз бен шын ниет", - деп түйіндеді сөзін депутат.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 444.26   490.7   4.83 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети