ОЦЕНИТЕ ДЕПУТАТОВ МАЖИЛИСА
14 января 2021 | 15:20

"Құпия мамандық" иесі Айдос Әкімғали: Қазақ қашанғы шетелден көріп отыра береді?

Рахила Тлеуова
Рахила Тлеуова Корреспондент
viewings icon comments icon

ПОДЕЛИТЬСЯ

whatsapp button telegram button facebook button
Фото: Тұрар Қазанғапов Фото: Тұрар Қазанғапов

Нұр-Сұлтандағы "Қазақстан" концерт залының 4-қабатында орналасқан шағын шеберханаға кірдік. Әдеттегі шеберханадағыдай, бөлме шашылып, апай-топай болып жатыр. Мұны шығармашылық апалаң-топалаң деуші ме еді?! Ол ол ма, екі-күш қадам сайын "адам басы" тұр. Шын сияқты. Бала көрсе, мұны рас деп ойлап, шошып қалатыны анық.

whatsapp button telegram button facebook button copyLink button
Иконка комментария блок соц сети

Нұр-Сұлтандағы "Қазақстан" концерт залының 4-қабатында орналасқан шағын шеберханаға кірдік. Әдеттегі шеберханадағыдай, бөлме шашылып, апай-топай болып жатыр. Мұны шығармашылық апалаң-топалаң деуші ме еді?! Ол ол ма, екі-күш қадам сайын "адам басы" тұр. Шын сияқты. Бала көрсе, мұны рас деп ойлап, шошып қалатыны анық.

Tengrinews.kz тілшісі де суреттен көргенде таңғалып, мұндай мүсіндердің қалай жасалатынын білу үшін келді. Иә, Қазақстанда әзірше гиперреалист мүсін жасайтын шебер жалғыз, ол - Айдос Әкімғали. Ол адамды шын өмірдегідей етіп мүсін жасауды қайдан үйренгенін білгіміз келді. "Қадала, қайта-қайта сұрадық". Әңгімені әрі бұрды, бері бұрды - соңында айтты. Тек мүсіндерінің бағасын нақты айтпады. Бірақ қымбат екенін жасырмады.

Есмағамбетов Айдос Әкімғалиұлы

Айдостың арманы - елордада гиперреалист бағытындағы мүсіндер музейін ашу. Лауазымды тұлғалар оның бұл өтінішін естісе деген тілегі бар.

Анықтама:  Гиперреализм - 1970-жылдары еуропалық фотореалистердің шығармашылығымен ассоциацияланатын өнер бағыты болған, кейін ХІХ ғасырдың соңында кескіндеме, мүсін және кинематографиядан заманауи өнер түрлерінің ағымымен ауқымы кеңейген бағыт.

 "Елбасының өзі "өте жақсы жасалған" депті"

Сұхбатқа дайындалайын деген Айдос шашын тарап, маскасын шешті. Ал біз сонша мүсіннің ішінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі мүсінін көрдік. Бірден "неге екеу" деп сұрадық.  

Себебі биыл мен Түркістан қаласына Елбасының мүсінін жасадым. Әскери-тарихи музейге кіріп көрсеңіздер, 90-жылдардағы кезеңде Сағадат Нұрмағамбетовпен екеуі қол қойып отырған сәті бар. Соны жасағанмын. Негізі, Елбасына үш нұсқамен жасағанмын. Екеуі тапсырыспен жасалды. Мынау қалған қалып, яғни пластилиннен жасалған қаңқасы. Содан кейін мұның формасын силиконмен жасаймыз. Әскери музейде тұрған осыдан шыққан мүсін. Ал 2012 жылы жасалғанмен биылғы мүсіннің айырмашылығы бар. Соңғысы көпшілікке ұнап жатыр. Тапсырыс берушілердің айтуы бойынша Елбасының өзі "өте жақсы жасалған" депті. 

Тапсырыс дегеннен бағасын білгіміз келді. Оның бағасы қанша болды? Қымбат па?

Оны айтуға болмайды. Білмеймін енді, ондай нәрселерді айтуға болмайды. Келісеміз ғой. Бірнеше миллион болады бағасы. Шет мемлекеттерде 20-30 мың доллар болады.

Қанша уақыт кетті?

Бұл өте шұғыл тапсырыс болды. Тез жасау керек, уақыт жоқ деді. Сондықтан мен толық, күні-түні бар уақытымды осы мүсінді жасауға жұмсадым. Қонып істедім десем де болады. Бар жұмысымды ысырып қойдым. 1,5 айдай уақыт кетті. Арасында інім мен қарындасымды алып, қасында өзім қадағалап отырып, шашын жабыстыра берші деп тапсырып қойған кездерім болды. Яғни аз уақыт ішінде дайындадым. Ал мұндай режиммен үнемі істей алмаймын. Себебі денсаулығыма кері әсер етеді. Үйге барып, тынығып алу керек. Жалпы 2-3 айда жасаймын.

Ал мүсін жасаудың бұл бағытына қайдан келдіңіз? Бұл бағыт туралы толығырақ айтып берсеңіз.

Бұлар гиперреалист бағытында жасалған силикон мүсіндер. Жалпы мүсінді түрлі материалдан жасайды. Мысалы, әлемге әйгілі Мадам Тюссо музейінде балауыздан жасалған мүсіндер. Ол парафин секілді балауыздан жасайды. Көптеген музейге адам кіре бермесе, бұл - адам көп келетін музейлердің бірі. Мұндай музей бізге жетіспейді. Біздегі музейлерге адам көп кірмейді. Егер осындай музей болса, оның ішін тарихи тұлға, саяси тұлғалар, әнші-актер, түрлі саланың танымал адамдардың мүсінін жасап, халыққа ұсынуға болады. Сондай-ақ бұл музейде бір фигураны 15-20 адам жабылып, командамен жасайды. Біреуі киімін, біреуі шашын, біреуі көзін дайындап жатады. Олар шамамен 3-4 айда жасайды. Оның өзінде мүсінге байланысты 3-12 ай аралығында жасаймыз деп көрсетеді. Менде ондай команда жоқ енді. 

Анықтама: Madame Tussauds - 1835 жылы мүсінші Мария Тюссо негізін қалаған, Лондонның (Ұлыбритания) Марилебон ауданында орналасқан балауыз мүсіндер музейі. Дүниенің әр түкпіріндегі 23 қалада филиалы бар.

"Отбасында алты бала, бәріміз өнерге жақынбыз"

Әкем мен анам, екеуі де сурет салады, шығармашыл адамдар. Анам музыканы бітірген, құрақ тігіп, кесте тоқиды, портрет салады. Әкем де солай және мүсін жасайды. Кішкентайымнан солардың жұмысын көріп өстім. Отбасымызда үш ұл, үш қыз. Бәріміз өнерге жақынбыз. Би, ән айтуға да шеберміз. Физика, математикадан алыспыз.

Айдостан осы уақытқа дейін қанша мүсін жасадыңыз деп сұрағанда, Геннадий Головкиннің мүсінін көрсетті.

Қанша мүсін болды десеңіз, мысалы, мына Геннадий Головкинді бастап қойғаныма 2 жыл болған шығар. Әлі бітіре алмай жатырмын. Әлі тұр. Реті болмай жатыр. Материал бәрі жеткілікті. Өзімнің басқа жұмысым да бар. Арасында шұғыл тапсырыстар шығады, олар ойымды бөледі. Осы жердегі "Қазақконцерт" залында "Астана мюзикл" театры бар. Сонда қызмет атқарамын. Грим бойынша суретшімін. Кино саласында да грим жасаймыз. Сақал тоқу деген сияқты адамның образдарын әзірлейміз. Солай реті келмей жатыр. Бұл - тапсырыс емес. Спорт саласына үлес қосып, елімізді танытып жатқандықтан, өз көңіліммен жасағым келді.

 "Суретшілер сезу процесімен жұмыс істейді"

Әңгімеге әрі-бері тартып, тағы мұндай шеберлікті қайдан үйренгенін сұрадық. Себебі әлі жауап ала алмадық. Мүмкін әкесінен үйренген шығар деп болжап та көрдік. 

Ол кісілерден база, негізгі білім алдым деуге болады. Негізі бәрі суретке келіп тіреледі. Өйткені суретшілер сезу процесімен ғана жұмыс істейді.

Тағы да айтпады.

Сол енді... Абылай ханның мүсіні бар. Оны антропологиялық мәліметтер бойынша, тарихи деректерге сүйеніп жасадым. Барак Обаманың мүсіні бар. Досым студия ашқан, сол сұрап, сонда апарып қойдым. Кезінде ол АҚШ елшілігі тәуелсіздік күнінде шақырып, өз музейіндегі көрмеге қойды. Бары сол болды.

"Құпия мамандық"

Сонымен, мұны қайдан үйрендіңіз?

Жоқ енді... Өзім бала күнімнен сурет салып, мүсін жасап үйрендім. Кішкентайымнан бірінші курсқа дейін биге қатыстым. Сосын видео түсіру, монтаж жасау дегенге қатты қызығамын. Болашақта өзім грим жасап, өзім кино түсіремін деп айтып жүремін. Соны істеймін, Алла қаласа. Ал білім жағынан келсек, Арқалық қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы университетін бейнелеу өнері мамандығын бітірдім. Ол жерде дәл осындай мүсін жасауды үйренгенім жоқ. Мұндай мамандық еш жерде үйретілмейді, енгізілмеген мамандық. Құпия мамандық деуге де болады. Себебі университеттерде "кескіндеме", "мүсінші" деген мамандықтар ғана бар. Ол жерде гипспен жұмыс істеу, қола мүсін қалай жасау керек деген базаны үйрендік. Дәл осындай мүсін жасау үшін білім керек. Маған сурет, кескіндеме керек емес, бірден дәл осындай мүсін жасап кеткім келеді деген болмайды. Сондай жастар болып жатса, қателеседі. Мен портретті де көп салдым. Ғалымжан ағай, Құрышбек ағай, Молдакәрім ағайларым пейзаж, жылқының картиналарына қарағанда адамды күшті сезесің деп айтатын. Адамның мимикасын ұқсастығын күшті бере аласың дейтін. Соның бәрі әсер етті. Адамның саусақ ізі басқа біреуде қайталанбайды ғой. Сол секілді оны барынша сезіне білу керек. Мысалы біреудің мүсінін жасағанда кішкене мұрнын көтеріп қалсаңыз, ол ана адам емес, оған ұқсас адам болып кетеді. Дәл өзі емес. Бұл жерде дөп түсу керек. 

 "Шайнап берген жоқ, өзіңіз шайнап, өзіңіз жұтасыз"

Әйтеуір жауабын білдік...

Бір күні теледидардан жаңалық көріп жатырмын. Ойымда ештеңе жоқ. "Барак Обаманың балауыздан жасалған фигурасы таныстырылды. Оны Мадам Тюссо музейінің мынадай шеберлері жасады" деген жаңалық көріп қалдым. Сосын мен де қашанғы теледидардан көре береміз деген ой келді. Қазақ қашанға шетелден көріп отыра береді? Қазақстанда да дамыту керек деп ой түйдім. Ол кезде 23 жастамын. Сөйтіп аяқ астынан кірісіп кеттім. Бірақ бірден қазіргідей нәтиже шықпады. Жылдап, тәжірибемен келді. Әр жерден өзімнің үйренуіммен келді. Ауылда өз бөлмемді шеберхана қылып алып, интернеттен қарап алатынмын. Рон Мьюек (еск. - аустралиялық және британиялық гипернатурализм бағытындағы мүсінші) фигураны жасағанда шыныпластикті пайдаланған деп шетелдік баспасөзден оқып аламын. Сосын ол қандай материал қолданыпты: шыныпластик деген не материал, қоскомпонент полиэстр деген не деп әрі қарай іздеймін. Мұның бәрі бірнеше салада, мысалы құрылыста, мүсін жасағанда, тағам өнеркәсібінде қолданылады. Құрамы мынадай: Мен қазір бір мысал айтып отырмын. Әр элементтің өз материалы бар. Көз жасайтын қатырғыштары, жұмсартқыштары, қоспалары болады. YouTube-те да видеолар бар. Бірақ олар шайнап беріп, жұта салмайсыз. Өзіңіз шайнап, өзіңіз жұтасыз. Солай әр жерден түрлі ақпарат алып, көпжылдық тәжірибемен келді. Еш жерге арнайы барып оқымадым. Бәрі өзімнің үйренуіммен келді. 

 "Материал Қазақстанда жоқ. Қымбат. АҚШ-тан алғызамын"

Қазір мен Мадам Тюссомен менің технологиямның айырмашылығы жоқ деп сеніммен айта аламын. Олардың шаш тығу технологиясы қандай болса, менде де сондай. Материалы да сондай. Бір фирмадан аламыз. Smoothon деген фирмадан аламыз. Өте сапалы материал. Өйткені Голливуд актерлерінн осы технологияны қолданады. Осы фирманың тауарлары. Қымбат. Қазақстанда мұндай материал жоқ. Мен Ресейдің дистрибютерлері арқылы АҚШ-тан алғызамын. Бір фасовкасының өзі 90-100 мың теңгеге шығады. Ол тек бір мүсінге жетеді. Мен осы күнге дейін тапқан табысымды осы мүсіндерге салып келе жатырмын. Басында ауылда жүргенде әкем көмектесетін. Жақындаға ғана Smoothon компаниясы Instagram-дағы парақшасына мен жасаған Абайдың мүсінін бөлісті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Smooth-On Inc. (@smoothon)

Айдостан бір мүсіннің қалай жасалатынын көрсетуді сұрадық. Ол әдетте шеберлер жасайтындай, құпия техникасын жасырып қалатынын айтты. 

Каркас жасағанда пенопластан жасаймын. Бұл не үшін керек? Мүсіннің қаңқасын толық пластилиннен әзірлеу қымбатқа түседі. Болашақта бай болғанда мүмкін солай жасармын. Әзірше іші пенопласт (көбік), сырты жұқа ғана пластилинмен қапталған. Сосын формасын шыныпластик не болмаса силиконмен алуға болады. Силиконда ұстап қалу үшін сыртынан гипспен корпус бар.

Осының ішінде бүкіл жасаған әжімі, меңі, беттегі ұсақ-түйек детальдары түсіп қалады. Сосын осының ішіне силиконды құясыз. Оны әдейі дене түсіндей қылып бояу керек. Арнайы силикон бояғыш болады. Соны пайдаланамын. Міне, осы жердегі ұсақтың бәрін тапсырыспен алғызамыз. Мұнда екі компонент бар. А мен В-ны араластырғанда мөлдір болып тұрады және оған түс қосып, керек түсті шығарып аласыз. Сосын көзін бөлек жасаймын. Тамырын жіппен бір-бірден саламыз. Адамның көзі суланып, жылтырап тұрады ғой, сол үшін жытыратуымыз керек. Өзінің осындай технологиясы бар. Сосын дайын көзді мүсіннің іш жағынан кесіп, салып қоясыз. Пластилинмен жасағаннан кейінгі өнім - ең маңыздысы. 

Содан кейін қасты да қалай болса, солай қадамайсыз. Шашын да кәдімгі адам сияқты қиясыз. Укладка жасайсыз. Киімін де арнайы тіктіреміз. Аяқ киімін де солай. 

 Команда қашан құрылады?

Команда құру қиын емес. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп, осындай музей ашылса деген арманым бар. Осыған көңіл аударып, қаншалықты маңызды екенін түсініп, орталықтан ашып берсе екен деймін. Мұндай музейдің маңызы зор. Мысалы, Мадам Тюссо музейіне қанша турист келеді? Оның ішінде түрлі сала бойынша адамдар бар. Ондағы Бейонс секілді әншілермен суретке түскендей әсер алу үшін шетелден адамдар ағылады. Бізде де солай туризмді дамытуға болады. Сосын тарихи тұлғалардың суретін іліп, қасына мүсінін қойсаңыз басқаша әсер болады. Біздің мәдениетімізді жоғары деңгейге көтереді. Тарихи тұлғаларымыздың қандай болғаны, сырт келбетіне қарап, ішкі болмысын мақтанып тұрып көрсете аламыз. Осындай батырларымыз болған деп сеніммен айта аламыз. 

Музей ашу туралы Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс айтып көрдіңіз бе?

Осы елордада жаңа театр ашылған кезде Абай атамыздың мүсіні қойылды. Сол кезде министр Ақтоты Райымқұлова келді. Сонда музей ашуға байланысты және басқа да жобаларым туралы ұсынысымды айттым. "Маған келіңіз" деп кетті. Бірақ әлі кіре алмай жүрмін. Қиындау болып жатыр. Әне қабылдаймыз, міне қабылдаймыз деп ұзағырақ болып кетті. Тек бұған тереңірек мән беру керек. Ертерек қолға алу керек. Арнайы бюджет бөлініп, бір бұрыш болса да, ашылу керек. Сонда мен қасыма көмекшілерімді алып, кірісіп кетер едім. Сондықтан мұның тарихи құндылығына мән беру керек. Бюджеттен керек емес жобаларға, концерттерге, бір күндік жобаларға қомақты қаржы бөлініп жатады. Ал мынадай музей болса, ол бөлінген ақысын ақтап тастайды. Жақында Түркістан қаласының әкімдігінен шақырып, әкімнің орынбасары Шыңғыс Мұқановпен кездестім. Ол сондағы Қуыршақ театрын маған беріп, сол жерден музей ашсақ, деген ұсыныс айтты. Әзірге бәрі сөз жүзінде тұр. Болашақтың еншісінде.

Сұхбат барысында үстел үстінде жатқан әйелдің дайын "беті" "маза бермеді". Танымал адам емес. Жеке тапсырыс па екен, әлде... деп нақтылап көрдік. Сөйтсек ол жеке компания үшін әзірленіп жатыр екен. Шынайы адамның бетін арнайы аппарат тани ала ма, жоқ па, соны анықтау үшін тапсырыс бергендер бар болып шықты.

"ЭЦҚ арқылы адамның бетін анықтайтын аппаратқа арналып жасалып жатыр. Кәдімгі бір қыздың түрін жасап жатырмын. Содан кейін олар осы мүсін мен шынайы адамның бетін қосымшаға қойып көреді, аппарат қаншалықты адамның бетін шынайы тани алатынын салыстырып көрсетеді. Яғни бұл адамның шынайы түрі мен гримделген түрін ажырататын аппаратты сынау үшін жасалған мүсін. 

Сұхбатымыз арқылы мүсін өнеріне жақын жастарға "ұстаз" тауып берсек және Үкімет тарапынан Айдосқа музей ашуға мемлекет тарапынан қолдау болуына септігімізді тигізсек қуанамыз.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Лого TengriAuto мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню
Открыть TengriNews Открыть TengriLife Открыть TengriSport Открыть TengriTravel Открыть TengriGuide Открыть TengriEdu Открыть TengriAuto

Курс валют

 523.95  course up  543.16  course up  5.1  course up

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети
Иконка Instagram footer Иконка Telegram footer Иконка Vkontakte footer Иконка Facebook footer Иконка Twitter footer Иконка Youtube footer Иконка TikTok footer Иконка WhatsApp footer