08 мая 2019 | 13:27

Манарбек шыққан биік шың

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде солист, композитор, Қазақ КСР-інің халық әртісі Манарбек Ержановтың атқарған қызметі жайында құнды деректер сақталған. Сол нақты деректерді пайдаланып, Манарбек Ержановтың өмірбаянын, шығармашылығын және қызметін құжаттар негізінде саралауды жөн көрдік.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде солист, композитор, Қазақ КСР-інің халық әртісі Манарбек Ержановтың атқарған қызметі жайында құнды деректер сақталған. Сол нақты деректерді пайдаланып, Манарбек Ержановтың өмірбаянын, шығармашылығын және қызметін құжаттар негізінде саралауды жөн көрдік.

Манарбек Ержановтың дүниеге келген жылы жөнінде архивте әртүрлі деректер кездеседі. Бір құжаттарда 1901 жылды, ал әншінің 1936 жылы жазған өз өмірбаянында 1905 жыл деп көрсетілген, жеке ісінде 1948 жылы өзі толтырған жеке парағындағы жазбасында 1908 жылы Қарағанды облысы Балқаш ауданында дүниеге келгенмін деп жазған. 

Реклама
Реклама

Ержановтың жастық шағы жайында Ахмет Жұбановтың айтуынша: "Әкесі Ержан кедей адам болды. Оның үстіне Манарбектің әке-шешесі ерте өліп, ол жастай жетімдік көрді. Манарбек жас басынан домбыраға, әнге үйір болады. Күсенбайдан үйренген күйлермен қатар Манарбек әнді де қуып, жасы он беске таман келгенде ол араның белгілі әнші жасы болып ауызға ілінеді. Осылай бір жағынан мал бағып тамағын асырап, екіншіден өнерін қуып Манарбек жиырма шақты жыл өткізеді. Манарбек жас кезінде аз уақыт балалар үйінің де есігін ашады. Бірақ Манарбек балалар үйінде көп болмай, далада, еркіндікте қалған адам, елге шығып, өнер жолына түседі".

Адам өмірінде жетістіктердің сәті болады. Манарбек Ержановтың сәтті күндерінің кезеңдері мен шыққан шыңының жолдарына құжаттар арқылы тоқталып өтеміз. Ол 1927 жылы Алматы қаласындағы Педагогикалық техникумның дайындық курсында оқыған. Ержановтың біліміне қатысты бұл маңызды дерек 1944 жылы жарық көрген "Музыкальное искусство Казахстана" атты кітапшадан алынды. Онда былай деп жазылған: "Осень 1927 года. В Алма-Атинском клубе "Спартак" шел спектакль кружка самодеятельности учащихся Педагогического техникума. Во время антрактов в фойе клуба, на возвышении, сидел домбрист и певец, своим исполнением народных песен и мелодий привлекая зрителей. Это был учащийся подготовительного курса техникума Манарбек Ержанов".

Манарбек Ержанов 1928 жылы Қазақтың драмалық театрында, 1931 жылдан Риддердің (Лениногорск) жұмысшылар театрында, 1933 жылдың орта кезінен Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында артист-солист ретінде қызметтер атқарумен қатар, 1939 жылы қарашаның 3-ші күні Қазақстанның Кеңестік Композиторлар одағының Ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып тағайындалады. Мұны мына дерек нақтылай түседі. Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары И. Шарипов және іс басқарушы М.Сапарғалиев Қазақстан композиторларының шығармашылығын біріктіру мақсатында Қазақстанның Кеңестік Композиторлар одағының Ұйымдастыру комитетін құру туралы Қаулы қабылдап, құрамына Ержановты, А. Жұбановты т.б. бекітеді. Он күннен соң Ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша Ержанов Халық Композиторлар бөлімінің жетекшісі болып тағайындалады.

Көп ұзамай 1942 жылы сәуірдің 24 күні Ұйымдастыру комитетінің отырысы болып, онда Композиторлар одағының мүшелігіне М. Ержанов, М. Төлебаев т.б., қабылдау туралы пікір айтылады. Манарбек Ержановты Композиторлар одағының мүшелігіне қабылдауға оның өзекті тақырыптарда жазылған түпнұсқалық музыкалық шығармаларының көптігі негіз болды. 1948 жылы қазанның 30-ы күні Есептік Комиссияның сайлауы бойынша Манарбек Ержанов т.б. Қазақстанның Кеңестік Композиторлар одағының Ревизиялық комиссиясының мүшелігіне бекітіледі. Ол 1953-1966 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында, Қазақконцертте солист, вокалист болып қызметтер атқарады.

Ержанов 1936-1953 жылдары Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында көптеген рөлдерді сомдаған: "Шұғада" Базарбайды, "Қыз Жібекте" Шегені, "Терең-көлде" Шуақты, "Тұтқында" генерал Мурато, "Алтын астықта" Далабайды, "Ер-Тарғында" Саханды, "Бекетте" Жанғазыны, "Жалбырда" Елеместі, молданы, "Нергизде" молданы, "Айман-Шолпанда" Жарасты, "Даисиде" Титоны, "Абайда" Азимді, "Біржан-Сарада" Естайды; "Көл бойында" Борбашты.

Сонымен қатар ол театр мен филармониядағы қызметі барысында көптеген гастрөлдік сапарларға барған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігіне және сол жылы қарашаның 6-ы күні өткен Қалалық Кеңестің Пленумына арналған концертке қатысқан, 1939 жылы қарашаның 20-ы күні Партакқа арналған концертте халық әндері "Сырғақты", "Сметті", "Желдірмені" орындаған, 1940 жылы мамырдың 11 күні Чайковскийдің 100 жылдығына арналған концертке, 1941 жылы наурыздың 29-30 күндері Талғарда қатарлас болған көшпелі спектакльдерге қатысып "Қыз-Жібекте" Шегені, "Айман-Шолпанда" Жарастың образдарын сомдап және 1949 жылы қаңтардың 13-і күні театрдың мерекелік онкүндігіне қатысады.

Жалпы 1947 жылы театрдың атқарған қызметі жөніндегі мәліметте республика бойынша ауыл шаруашылық аудандарындағы егін жинау науқаны уақытында Манарбек Ержанов, Н. Абишев, О. Абишев, Розмухамедова және Каримбаев №3 бригада құрамында болып, Оңтүстік Қазақстан облысының, Түркістан ауданындағы 12 колхозға 5 концерт, Фрунзе ауданындағы 11 колхозға 3 концерт, Георгиев ауданындағы 10 колхозға 3 концерт, яғни барлығы 11 концерт 9900 көрермендер үшін берілгендігі жазылған. 1950 жылы М. Ержанов, Б. Досымжанов т.б., сонымен қоса балалар мен жасөспірімдер театрының(ТЮЗ) әртістері КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлаулары алдындағы 1-кезеңінде жалпы ұжымдық концерт қойған, Резчик станциясындағы Тау-кен институтында өткен сайлаушылармен кездесуге барған, ал сайлаушылар күніне орай наурыздың 12 күні 2 концерттік бригада ұйымдастырылып Ержанов №1 бригадамен Сталин ауданында өнер көрсеткен. 1951 жылы жабық концертке қатысып, "Біржан-Сарадағы" Естайдың рөлін сомдаған 1952 жылы Қазақ Мемлекеттік университетіне арналған концерттік-спектакльге, жоғары сыныптардың оқушыларына арналған жабық концертке, Су шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық мәжілісіне арналған концертке және шахтадағы, Спасстағы № 1, 3, 4, 8, 9, 10 Көшпелі концерттерге қатысады, сонымен қатар әскери бөлімде және мектепте "Терме", "Желдірме", "Жылқылы бай", "Жанбота", "Шама" әндерін айтқан. 1952 жылы сәуірдің 25-де өткен концертке қатысып, мамырдың 25-де қыстық маусымның жабылуына арналған "Көл бойында. На берегах Ыссыккуля" атты жаңа операда Борбаштың образын сомдаған.   

1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігі жайында Ержанов өзінің "Чем я горжусь..." деген мақаласында былай деп жазған: "А чем горжусь я, сам лично? Я горжусь прежде всего тем, что правдиво (мне это много раз говорили в Москве) правильно передать московским слушателям нашу казахскую народную песню. Эту песню поняли в Москве и полюбили. Что может быть радостней для казахского певца, если не то, что его поняли, поняли его песни. Это не легкое дело, товарищи! Но какое хорошее и нужное это дело! И я вкладывал в пение всю свою душу. И добился успеха. Мой голос звучал легко и свободно". 

Ержановтың өнер көрсеткендігі жөнінде 1955 жылы желтоқсанның 13-і күні өткен Қазақстанның Кеңестік Композиторлар одағы басқармасының 2-ші съезінде сөз сөйлеген Литва КСР-і Композиторлар одағының өкілі С.А. Вайнюнас М. Ержановқа алғысын былай деп жеткізген: "Не могу не выразить свою искреннюю благодарность народному артисту Казахской ССР Ержанову М., не отказавшемуся показать нам свое мастерство и глубоко взволновавшего нас таким простым и глубоко художественным исполнением на домбре своих произведений".

Ол республиканың аудандарына барып концерт қойғандығы жөнінде баспа беттерінде жарияланған көптеген мақалалар мен естеліктер кездеседі, солардың бірі 1940 жылы қыркүйек айының 11-і күні "Лениншіл жас" газетінде (№170), жарық көрген Қазбектің "Колхоздағы бір кеш" атты естелігінен үзінді келтірдік: "Есік Алатауының батыс жағы.

"Концерт басталады, жолдастар! деді тағы біреуі. Дамылсыз күткен колхозшылар республиканың орденді халық артисі Манарбектің әнін естімек.

Жұрт жым-жырт. Әнші домбырасын алып ыңғайлана бергенде-ақ қол соғылды. Алғашқы әннің аты "Сырғақты". Домбра асқақ әннің әсем лебізін төгілдіріп маржандай суылдата бастағанда-ақ, ән оған шырқалып қосылды. Дауыстың шырқап шыққан шыңы, тыңдаушысының жүрек қылына шертілген тәрізді. Ән аяқталды. Қол соғу басылған жоқ. Зуылдата, екпіндете 100 вагон тіркеген пойызды алысқа құлақтап сүйреп бара жатыр, арғынаған паровоздың қарқынын әнге салған өзінің шығармасы "Паровоз" әнін орындады. Мамырлаған қоңыр қаздай байпаңдата, аққудың үніндей сыңғырлата, жайланта, жорғалата - Тәттімбеттің былқылдағы» да тартылды. Жұрт тоймады, сұрай түсті. Келгендердің бірқатары келіншек екені еске алынып "Келіншек" әні де айтылды. Қолды одан сайын шапалақтайды. Сауықшыл елдің жақтары қойсын ба ерікке, тағы да айтқызды талай әнді, тартқызды талай күйлерді". 

Архивте сақталған құжаттарды қарап отырып, Ержановтың бригада жетекшісі, көркемдік кеңестің мүшесі болғандығы жайында т.б. қосымша деректер табылды. Мысалы, 1953 жылы сәуірдің 6-нан 11-і күндері Ержанов пен Курманов концерт ұйымдастыру үшін Оңтүстік-Қазақстан облысының Шымкент қаласына сапармен барған, сол жылы мамырдың 14-і күні эстрада секторы бекітілген тізімге М. Ержанов, Ж. Омарова, Р. Бағланова, А. Курманов т.б. әртістердің аты-жөндері енген және қыркүйектің 7-і күні М. Ержанов бригадаға көркемдік жетекші етіп тағайындалған. 1955 жылы М. Ержановтың бригадасы көктем, жаз, күз мезгілдерінің гастрольдік жоспарына сәйкес алдымен ауылшаруашылық механизаторларға, республика аудандарындағы өнеркәсіптің, сонымен қоса тың және тыңайған жерлерді игеріп жатқан республика еңбекшілері алдында өнер көрсеткен. 1958 жылы қыркүйектің 1-інен бастап филармонияның шығармашылық қызметін жақсарту мақсатында Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдебиетінің он күндігіне арналған дайындықты бақылау үшін М. Ержанов, Ж. Елебеков, Б. Жылыспаев т.б. көркемдік кеңестің мүшесі ретінде бекітілген.

Тағы бір құнды дерек композитор Е. Манаев М. Ержановпен бірігіп "Борьба за мир" атты симфониялық шығарма жазуды жоспарлаған. Ол жөнінде 1952 жылы қаңтардың 29 күні Қазақстанның Кеңестік Композиторлар одағы мүшелерінің жалпы жиналысы болып, оған Е. Брусиловский, Шаргородский, Великанов, Е. Манаев, М. Ержанов, Б. Ерзакович, Шабельский, Л. Хамиди, Мухамеджанов, Миненко, Браиловский, Симин-Северский, Сулейманов, Еспаев, Либерчук, Каримбаев қатысқан. Онда композиторлардың шығармашылық қызметі мен жоспары туралы айтылып, сонда Е.В. Манаевтың айтқан ұсыныс-пікірі: "Считаю необходимым обратить внимание Союза на творчество Манарбека Ержанова. Я считаю его очень интересным композитором. В 1952 году совместно с М. Ержановым я хочу написать крупное симфоническое произведение "Борьба за мир", работать над 2-й редакцией моего концерта и над симфонической поэмой".

1953-1965 жылдары Ержанов Филармонияның, Қазақконцерттің және концерттік-эстрадалық бригаданың әртістерімен бірге облыстық тың және тыңайған жерлерді игерген аудандарға, республикадағы ауылшаруашылық механизаторларға, колхоз-совхоздарға, МТС шілде, қазан айларындағы егін жинау науқаны уақытында еңбекшілер алдында өнер көрсету үшін гастрөлдік сапарлармен бір қалаға бірнеше рет жол жүрген.

Нақты айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Балхаш, Жамбыл және Талдықорған облыстарына барып қайтқан. Мәселен, 1956 жылға арналған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ұжымының және бригадаларының гастрөлдік жоспары бойынша М. Ержановтың бригадасы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарына 1 сәуірден 15 маусымға дейін 40 концерт, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына 1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін 32 концерт, Семей, Талдықорған облыстарына 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін 22 концерт, Жамбыл облысына 15 қазаннан 15 қарашаға дейін 16 концерт, нәтижесінде барлығы 104 концерт беруі тиіс еді.

Сонымен қоса Қостанай, Гурьев, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс-Қазақстан облыстарына, 1965 жылы Целиноград облысы Ерейментау, Қорғалжың аудандарына және Қызылорда қаласына гастрөлдік сапармен барған. Тағы бір дерек бойынша 1958 жылы әртістер бригадасы гастрөлдік сапармен шілде, қыркүйек, қазан айларында Қазақ аудандарының (Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Омск облыстарының) еңбекшілеріне арнап айына 20 концерт беруі туралы бұйрық берілді. 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне қатысқан. 1962 жылы Қазақконцерт ұжымының қызметі туралы мәліметте М. Ержановтың бригадасы Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстарына мамырдың 6-нан шілденің 6-на дейін қойған концерт саны 51 жеткен.

Ержановтың "Жарыс", "Мәншүк" тағы басқа шығарған көптеген әні бар. Осы әндерді кімдер айтты, қай жерде шырқалды және кімдер өңдеді, міне осы мәселелерге тоқталып өтеміз. Ержанов 1936 жылы жарияланған "Чем я горжусь..." атты мақаласында былай деп айтқан: "Помню, хор исполнял мою песню «Жасасын». Я запевал эту песню. И как запевал!. В Москве мне сказал, что мой "Жасасын" пойдет на Всесоюзный конкурс массовой песни". Ержановтың әні жөнінде 1948 жылы қазанның 27 күні Қазақстан Композиторлар одағының бірінші съезінде С. Мұқановтың былай деп айтқан сөзі бар: "Ержановтың "Паравоз" атты әні өте тамаша ән, сөзі Тәжібаевтікі". Ержановтың "Қуанамын" атты әнін Күләш Байсейітова 1952 жылы маусымның 15 күні Теміртауда болған концертте орындаған, осы әнді Ш. Бисекова 1953 жылы желтоқсанның 10 күні Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен Республикалық мәжіліске қатысушы сауда қызметкерлеріне арналған концертте айтқан екен.

Композитордың таңдамалы әндерінің жинағын жарыққа шығару, күйлерін радиоға жазып алу, мерейтойын атап өту т.б. мәселерге қатысты құжаттар да бар. 1960 жылы ақпанның 4 күні Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы М. Төлебаев пен жауапты хатшысы Б. Ерзакович Қазақ КСР-інің 40 жылдығына орай Ержановтың таңдамалы әндерінің жинағы туралы Қазақ КСР-інің Мәдениет министрі А. К. Канапинге хат жолдайды. Хатта былай делінген: "Среди многих композиторов-мелодистов особенно выделяется своим творчеством известный певец, народный артист Казахской ССР Манарбек Ержанов. Его песенные произведения получали признание не только в Казахстана, но и во всем Советском Союзе (как например, песни "Жасасын", "Қуанамын", "Песня об Амангельды"). С именем Манарбека Ержанова связано становление и развитие национального оперного искусства, а также современное песенно-романсовое творчество композиторов Казахстана. Исходя из вышеизложенного, правление Союза композиторов Казахстана рекомендует издать к 40-летию Казахской ССР специальный сборник избранных песен и романсов Манарбека Ержанова, в количестве 25 произведений, которые просмотрены и одобрены специальной комиссией Союза композиторов. Несомненно, что опубликование избранных песен Манарбека Ержанова явится хорошим пополнением концертного репертуара солистов-профессионалов и участников музыкальной самодеятельности".

1962 жылы наурыздың 16 күні Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы Г.А. Жұбанованың басшылығымен өткен мәжілісте К. Кужамьяров, Е. Рахмадиев т.б. қатысуымен М. Ержановтың өтініші тыңдалды. Мәжілістің шешімі бойынша: "Ержановтың барлық күйі мен әнін радиоға жазып алуды және оларға бағдарламалар ұйымдастыруды, Ержановтың жазылған, өңделген күйлерімен әндерін Мәдениет министрлігіне тапсыруды, Ержановтың домбыраны тартудағы өзгеше нақышы мен орындаудағы тәсілдерін ескеріп Қазақфильмге түсіруге өтініш беруді" міне осыларды Қазақстанның Коммунистік Партиясының Орталық Комитетінің хатшысы Н. Жангельдинге хат жазу мәселесі шешіледі.

Ержановтың 60 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде 1962 жылы Қ. Бадыровтың Мәдениет министрі Л. Галимжановаға, сонымен қатар Л. Галимжанованың Қазақстанның Коммунистік Партиясының Орталық Комитетіне жазған хаттары сақталған. Бірақ, мерейтойды атап өткендігі жайында құжаттар табылмады.  

Композитор С. Шабельскийдің жеке қорында МанарбекЕржановтың "Сайра досым домбыра", "Сайра, бұлбұл", "Туған жер", "Романс", "Бейбітшілік", "Алтын өлке Қазақстан", "Қойшының әні", "Жастар той", "Сталин мың жаса", "Еңбекте ер" атты әндерінің өңделген нұсқасы сақталған. Ержановтың шығарған күйлері де бар. Күйлерінің жалпы саны 1948 жылы онға жеткен. Ол туралы 1948 жылы қазанның 27 күні (Алматы қ.) Ахмет Жұбановтың төрағалығымен өткен Қазақстан Композиторлар одағының бірінші съезінде Ержановтың өзі былай деп баяндаған: "Мен бүгінгі заманға сай аспаптарға арналған әндер жазып жатырмын және шығарған 10 күйім бар".

Жұбанов сол күйлердің атауларына тоқталып, былай деп баға берген екен: "Манарбектің: "Орталық", "Өрнек", "Жорға", "Би", "Жетісу", "Жеңген солдат", "Шалқар көл", "Аққу" сияқты күйлері бірінен бірі асып жатқан үлкен көркем қазына, оркестрге, операларға, балеттерге "мені түсір" деп сұрап тұрған, үлкен формалар ішінде жаңа сапамен сахнаға шығуды аңсап тұрған шығармалар".

Архивте Ержановтың күйлерін жазбаға Киреева мен М. Айткалиевтің түсіргендігі жөнінде құжаттарды кездестірдік. Ол жайында 1964 жылы наурыздың 5-і күні Г. Жұбанова, Е. Брусиловский, К. Кужамьяров, Б. Байқадамов, Б. Ерзакович, Е. Рахмадиев, Г. Гризбил, М. Иванов-Сокольскийдің қатысуымен болған Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының мәжілісінде Киреева мен Айткалиевтің композитор Ержановтың ноталық шығармаларын жазғандығы жайында айтылады.

Көп ұзамай наурыздың 31 күні Қазақстан Композиторлар одағының ән және камералық-аспаптық секциясының мәжілісінде М. Ержановтың күйлерінің жаңа жазбаларына (М. Айткалиевтің жазбасы) байланысты көптеген пікірлер айтылды. Енді М. Айткалиевтің жұмысына қандай баға берілгендігін және Ержановтың күйлеріне, домбыра тартудағы шеберлігіне де қатысты айтылған белгілі композиторлардың төмендегі көрсетілген пікірлерінен анық көруге болады.

Мұхамеджановтың айтқан ой-пікірі: "Кюйи М. Ержанова я знаю - это хорошие пьесы. Кюйи очень выразительны и оригинальны. М. Айткалиев проделал большую и трудную работу, записав своеобразную манеру игры Манарбека, что не каждому удается сделать".

Латиф Хамиди былай деген: "Кюйи Манарбека я знаю давно и даже пытался их записать, однако это очень трудно осуществить из-за особой манеры игры. Ержанов относится к акынам-импровизаторам, типа Дины Нурпеисовой. Он долго над ними работал и по словам автора уже закончил. Правильно охарактезовал их тов. Мухамеджанов - я с ним согласен. Это очень выразительные и своеобразные по стилю кюйи. Однако, сегодня мы должны принять записи тов. Айткалиева. По словам Манарбека это правильные записи, соответствующие его замыслам. Тов. Айткалиев проделал очень кропотливую и сложную работу, которую мы в свое время сделать не смогли. Это нужно оценить"

И. Коганның сөзі: "Тов. Айткалиев удачно записал сложные и своеобразные кюйи М. Ержанова. Кюйи М. Ержанова необходимо издать".

В. Великановтың айтқан сөзі: "Ержанова кюйи я знаю давно - это очень интересные и яркие произведения".

Н. Тифтикидидің пікірі: "Приветствую работу М. Айткалиева проделанную им по записям кюйев М. Ержанова. Необходимо записать и другие кюйи Ержанова. Работу же Айткалиева следует поддержать и поощрить". 

М. Ержанов орындаушы, әрі автор ретінде концерттерге қатысқан. Мысалы, 1962 жылы ақпанның 7 күні Қазақстан Композиторлар одағының 3-ші съезіне арналған "Концерт камерной музыки" деген концерт Консерваторияның концерттік залында болған. Концерттік бағдарламаға К. Әзірбаев, Б. Байқадамов, М. Ержанов, А. Жұбанов, Н. Тлендиев т.б. авторлардың шығармалары енген.

Орындаушылар қатарында А. Байқадамова, Б. Досымжанов, М. Ержанов, Ф. Балгаева, Б. Жылысбаев, Р. Мұсабаев т.б. өнер қайраткерлері болған.

Ержанов өмірінің соңғы жылында Целиноград, Көкшетау, Жамбыл, Қарағанды облыстарына гастрөлдік сапарлармен барып қайтқан екен. Нақтырақ айтсақ, 1966 жылы шілденің 14 күні Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы Г. Жұбанова М. Ержановтың облыс бойынша шығармашылық сапарын ұйымдастыруға көмек беруін сұрап Целиноград, Көкшетау, Жамбыл, Қарағанды облыстық комитеттеріне хаттар жолдаған. 

Ержанов бұл жолы да сапарларының барлығына сәтті барып қайтады. Осы сапарларға қатысты 1966 жылы Қазақстан Композиторлар одағының атқарған қызметі туралы мәліметінде былай делінген: "В июле старейший композитор, Народный артист Казахской ССР Манарбек Ержанов, несмотря на свой преклонный возраст, предпринял большую поездку по Карагандинской, Целиноградской и Кокчетавской областям. Отличный исполнитель (пение под аккомпонимент домбры), обладающий своеобразной и оригинальной манерой и стилем исполнения, М. Ержанов с успехом выступал перед чабанами, колхозниками, тружениками полей. М. Ержанов заявил, что это его скромный вклад, посвященный 50-летию Октября".

Қазақ КСР-інің халық әртісі, Композиторлар одағының мүшесі Ержановтың ұлттық өнер ісіне қосқан үлесі үшін мемлекет тарапынан көптеген марапаттауларға ие болған. 1936 жылы мамырдың 26-күні КСРО Орталық Атқару Комитетінің төрағасы М. Калининнің және КСРО Орталық Атқару Комитетінің хатшысының міндетін атқарушы И. Уншлихттің Қаулысымен Қазақ опера өнерінің, музыкасының, әнімен және биінің даму ісіне қосқан еңбегі үшін М. Ержановқа "Құрмет белгісі" ордені, 1936 жылы 31 қазанда Қазақ Орталық Атқару Комитеті Кеңесінің Президиумының мәжілісінде қабылданған хаттамада Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ұ. Құлымбетовтың және Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Респубикасының Орталық Атқару Комитетінің хатшысы К. Жұмабаевтың Қаулысымен Манарбек Ержановқа "Қазақ Республикасына еңбегі сіңген әртіс" атағы берілді. 1938 жылы наурыздың 8 күні Қазақ КСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісінде қабылданған хаттамада Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Н. Өмірзақовтың және Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы А. Тәжібаевтың Қаулысымен вокал және сахналық өнер саласына қосқан еңбегі үшін М. Ержанов Қазақ КСР-інің халық әртісі атағымен марапатталды.

1942 жылы шілденің 19 күні Солтүстік-Батыс майданының Екпінді Армиясының М. Ержанов, З. Розмухамедова т.б., концерт қойып жеңіске жігерлендіргені үшін берген алғыс хаты жарияланды, 1942 жылы қыркүйектің 3 күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасының орынбасары Ш. Ермағамбетова және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының хатшысының міндетін атқарушы С. Нұрмағамбетовтың Жарлығы бойынша Солтүстік-Батыс майданының бөлімдеріне көркем өнер көрсетуге барған майдандық бригаданың 15 мүшесіне, оның ішінде М. Ержанов, К. Байсеитова т.б., Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және қымбат сыйлықтармен, 1945 жылы қарашаның 16 күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы А. Қазақпаевтың Жарлығымен М. Ержановты "Еңбек Қызыл Ту" орденімен, 1954 жылы мамырдың 25 күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Призидиумының төрағасының орынбасары И. Лукьянец және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Призидиумының хатшысы Ә. Әмриевтің Жарлығы бойынша Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының 20 жылдық мерекесіне орай музыка өнерін дамытуда қол жеткен табыстары үшін М. Ержанов, Т. Аджиходжаева т.б., театр артистерін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, 1959 жылы қаңтардың 20 күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Призидиумының төрағасы Ж. Ташеновтың Жарлығымен Мәскеу қаласында өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне орай және қазақ өнері мен әдебиетінің дамуына қосқан еңбегі үшін М. Ержанов "Құрмет белгісі" орденімен марапатталды. 

Манарбек Ержанов 1966 жылы қарашаның 14 күні қайтыс болды.

Жоғарыда айтылған құжаттармен қоса Орталық мемлекеттік Кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архивінде сақталған Ержановтың орындауындағы "Аққыздың әні", "Үш дос", "Ақан сері", "Амангелді туралы ән", "Туған жер", "Біржан сал" т.б. көптеген әндері жазылған фоноқұжаттар және Қазақ академиялық Опера және балет театрының 15 жылдығына арналған салтанатты кеште қоғам өкілдерінің театр қызметкерлерін құттықтап, шығармашылық табыс тілеп, шапан жапқан сәті көрсетілген бейнеқұжаттар сақталған.

Ержановтың есімін есте қалдыру мақсатында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Нарманбет ауылында М. Ержанов атындағы көше және "Манарбек Ержанов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп" бар сонымен қоса Алматы қаласы мәслихаты мен Алматы қаласы әкімінің 2000 жылы Қаулысы бойынша көшеге және осы көше бойында орналасқан мектеп гимназияға есімі берілген. Алматы қаласында 1940-1966 жылдары тұрған Қарасай батыр мен Желтоқсан көшесінің қиылысында орналасқан үйінде мемориалдық тақта орнатылған.

Манарбек Ержанов республикаға атағы кең тараған танымал тұлғаға айналып, өз өміріндегі жетістіктерінің биік шыңынан көрінді. Сол шыққан шыңынан әлі талай уақыт көрінетіні сөзсіз.

Қорыта келе М. Ержановтың өмірі, шығармашылығы мен қызметі жөнінде мақаламды Қ. Бадыровтың мынадай сөзімен аяқтағым келеді: "Адамгершілігі қандай таза, ешкімге қиянаты жоқ, қолынан жақсылықтан басқа еш нәрсе келмейді, иненің жасуындай басқаға етер жамандығы жоқ. Әулие жан ғой..." деген екен.

Рахмет Гүлназ Шамқызы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және
спорт министрлігі Орталық мемлекеттік архивінің жеке тектік
архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау
бөлімінің архивисі, "Қазақстан архивтері", №1, 2019ж.

Вопрос от автора
Что вы об этом думаете?
news135
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram Последние новости
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная