1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Маска мен антисептикті заңсыз сатқан 40 адам жауапқа тартылды - министр

  • 9
Фото: ortcom.kz Фото: ortcom.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев маска мен антисептикті заңсыз сатқан 40 адам жауапқа тартылғанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Қазір барлық өңірде прокуратура, полиция және мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерінен құрылған мобиль топтар жұмыс істеп жатыр. Олар медициналық маскаларды, антисептиктерді жоғары бағамен сату дерегін анықтады. Төтенше жағдай басталғалы бері қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша 15 істі тергеу басталды", - деді ол.

Оның айтуынша, мұндай деректер Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында анықталған.

"Елордада және Ақтөбе облысында маска, антисептикті заңсыз сатқан 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы әкімшілік және қылмыстық істер бойынша 4 миллион маска мен 13 мың литр антисептик тәркіленді. Олар денсаулық сақтау мекемелеріне беріліп жатыр", - деді министр.

Осыған дейін мәжіліс төрағасы кейбір депутаттардың бүгін неге жұмысқа шықпағанын, елімізде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасы мақұлданғанын жазғанбыз.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырғандардың саны 97-ге жетті, 7 мың қазақстандық карантинде жатыр. Ал 2 науқас коронавирустан жазылды.

Еске салайық, 16 наурыздан бастап, елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ал 19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды.