1. Главная
  2. Узнай
  3. Новости
  4. Новости Казахстана

Министр қай облыста ауылдарды сумен қамту деңгейі төмен екенін айтты27 октября 2020, 09:42

Фото: kievvlast.com.ua Фото: kievvlast.com.ua

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қай өңірлердегі ауылдарда сумен қамту деңгейі төмен екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

"Бағдарлама аясында 2025 жылға қарай толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ауылдарды сумен қамту жүйесіне жыл сайын кемінде 100 миллиард теңге бөлініп жатыр. Биыл қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау және су бұру желілерін дамытуға республикалық бюджеттен 113,6 миллиард теңге бөлінді. 103 жоба іске асырылып жатыр", - дейді министр Үкімет отырысында.

Бейбіт Атамқұлов 2020 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған суға қол жеткізу деңгейі қалаларда 97,5 пайыз, ауылдарда 87,7 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

"3 өңірде, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында қала халқы орталықтандырылған сумен қамтылған. Алматы, Атырау, Қызылорда облыстарындағы ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау жоғары деңгейде", - дейді ол.

Осыдан кейін министр елімізде сумен қамтамасыз ету деңгейі төмен өңірлерге тоқталды.

"Жекелеген өңірлер артта қалып отыр. Ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында төмен. Сумен қамтамасыз етудің әлеуметтік маңызы зор. Мемлекет басшысы таза ауыз суға қол жеткізу деңгейін барлық өңірде теңестіру керегін бірнеше рет атап көрсетті. "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау қызметін кезең-кезеңмен қамту жөнінде жоспар әзірленді", - дейді Атамқұлов.

Осы орайда ол өңірлерді сумен қамтамасыз ету үшін осы жоспарды кейінге қалдырмай, тиімді шараларды қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.

"Елбасының бастамасы бойынша бүгінде елімізде "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ауылдарды ауыз сумен жабдықтау жүйесін осы бағдарламамен үйлестірілген. Қазіргі таңда республика бойынша барлығы 6 341 ауыл бар. Оның ішінде 4 078 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған, 279 ауылда кешенді блок модулі орнатылған, 1 146 ауылда орталықтандандырылған сумен жабдықтау жүйесі салынып жатыр", - дейді министр.

Атамқұлов халық саны аз 838 ауылда (200-ден аз адам тұратын ауыл - ескерту) елімізде өндірілген су тазартатын кешен орнатылатынын жеткізді. 

Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!