ОЦЕНИТЕ РАБОТУ АКИМА
22 марта 2019 | 12:50

Наурыз мейрамы туралы сіз білмеген 10 дерек

ПОДЕЛИТЬСЯ

Суреттер ашық дереккөзден Суреттер ашық дереккөзден

Қазақ халқы ықылым заманнан бері Наурыз мейрамын жыл басы санаған. Қаһарлы қыстан аман шыққан қазақ халқы жердің көктеуін Жаңа жылға балап, ұлан асыр той өткізген. Әйтсе де, Ұлыстың ұлы күні жайлы көп адам біле бермейтін деректер бар.


Иконка комментария блок соц сети

Қазақ халқы ықылым заманнан бері Наурыз мейрамын жыл басы санаған. Қаһарлы қыстан аман шыққан қазақ халқы жердің көктеуін Жаңа жылға балап, ұлан асыр той өткізген. Әйтсе де, Ұлыстың ұлы күні жайлы көп адам біле бермейтін деректер бар.

Tengrinews.kz тілшісі тарих беттерінен әз-Наурыз мейрамы жайлы деректер ақтарып, қызықты мәліметтерді ұсынады.

Наурыз - мұсылмандардың төл мейрамы емес

Наурызды бүгінде көбіне мұсылман халқы атап өтетіндіктен, бұл мейрам ислам дініне қатысы бар деген ұғым пайда болған. Жоқ, Наурыз мұсылмандардың төл мейрамы емес. Мысалы, бұл мерекені араб халықтары тойламайды. Тіпті, Ирак пен Сирияда Наурызды атап өтуге тыйым салынған. Түркияда 1991 жылы ғана Наурызды тойлауға салынған тыйым алынып, халық мейрамды атап өте бастады.

Еуропа халқы да Наурызды атап өткен

Әз-Наурызды қазір көбіне Орта Азия мен Таяу Шығыс елдері тойлайды. Бірақ тарихи деректерге сүйенсек, бұл мерекені Еуропа елдері де атап өткен. 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекия, Ежелгі Рим мен Ұлыбритания халқы Наурыз мерекесін тойлаған екен. Солтүстік көршіміз орыс халқы да кезінде көктем мерекесін атап өтіпті. 1700 жылға дейін Ежелгі Русьте Наурыз мейрамы болған.

Біздің заманымызға дейін пайда болған мейрам

Өкінішке қарай, адамзат Наурызды қай заманнан, қалай тойлай бастағаны туралы тарихи деректер жоқ. Кеңінен тараған мәлімет бойынша, Наурыз парсы халқынан шыққан. Бұрын қазақ ақсақалдары бұл мейрамды "Қызылбастың наурызы" деп бекер атамаған болуы керек. Себебі Қызылбас деп қазақтар Парсы елін айтқан. Наурыз мейрамы біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда зороастризм кезеңінен бастап тойланады дейтін деректер бар. Бұған ежелгі кітаптар дәлел.

Түркілердің Жаңа жылы

Ал енді Наурыз мейрамының түркі халықтарына келуі жайында. Аңыз бойынша, түркілер 22 наурызда жан-жағын тау қоршаған қауіпті Эргенекон аймағынан аман шыққан. Содан бері түркі халықтары Наурызды жыл басы деп санап, бүгінге дейін солай тойлап келеді.  

КСРО-да 62 жыл бойы тойлауға тыйым салынды

Кеңес кезеңінде бұл мейрам бейресми ғана тойланған. Себебі ол кезде билік көктем мерекесін атап өтуге тыйым салған. 1926 жылдан бастап Кеңес Одағы кезіндегі халықтар Наурыз мерекесін тойлай алмады. Бұл 1988 жылға дейін жалғасты.

Шахановтың ерлігі

Қазақ халқының Наурызды ресми тойлай алуына мұрындық болған - Мұхтар Шаханов. Ол 1988 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинге хат жазып, Наурыз мерекесін атап өтуге рұқсат беруін сұраған. Шаханов пен бір топ ұлт зиялылары жазған өтінішті сол кезде Министрлер кеңесінің төрағасы болған Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қана қолдап, қалғандары ұсынысты қабылдамаған. Шаханов кейін Колбинге арнайы келіп, Наурыздың қазақ халқы үшін қаншалықты құнды екенін айтып, мерекені тойлауға рұқсат алып берді.

"Жетінің" құндылығы

Наурыз мейрамы дегенде кез келген халық өзінің ұлттық тағамын еске түсіреді. Мысалы, қазақ бұл мерекеде арнайы "Наурыз көже" пісіреді. Ал өзбектер "Сумалақ", ауған халқы "Хафтмева" жасайды. Бұларды бір ғана нәрсе байланыстырады - бәріне де жеті түрлі тағам қосылады. Ал Әзірбайжанда бұл күні "Хафт син" жасалады. Оған "с" әрпінен ғана басталатын жеті тағам қосылады екен. Ал кей елдерде Наурыз күні жұмыртқаны түрлі түске бояп, дастарханға қояды.


Өзбектің "Сумалақ" тағамы

Қар жауғаны - нұр жауғаны

Наурыз нағыз көктем мейрамы болғанымен, бұл күні қар жауса, ол жақсы ырымға баланады. Яғни, қар жауса "нұр жауды, келер жыл жақсылықпен өтеді" деп қуанған. Бұрын қазақта сұлу қызды наурыздың ақ қарына теңеген екен. 

Кешірім сұрайтын күн

Наурызға қатысты түрлі наным-сенімдер бар. Бұл мереке алдында қарыз қайтарып, барлық өкпе-ренішті кешіру керек деп саналады. Сол кезде барлық қайғы өткен жылмен бірге кетеді деп сенген. Наурыз алдында әр отбасы үйін тазалап, қажет емес заттарын лақтырған. Бұрын Наурыз күні таңсәріні күтіп алу үшін барлық отбасы далаға шыққан екен.

Әлем мойындаған мейрам

Шығу тегі тарих тереңінен бастау алатын Наурызды ұзақ ғасырлар бойы әлемнің көп халқы назарына ілмей келді. Тек 2009 жылы 30 қыркүйекте ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізген. Ал 2010 жылы БҰҰ Наурызды халықаралық мереке ретінде ресми түрде бекітті.

Деректерді жинаған Есет Төлеш

Читайте также
Join Telegram
Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная Иконка меню мобильная
Иконка закрытия мобильного меню

Курс валют

 498.59   521.12   4.87 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети