Подписывайтесь на канал Tengrinews.kz в WhatsApp
17 апреля 2020 12:39

Полицейге бағынбай, күш қолданданған қазақстандықтар қалай жазаланады?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Соңғы уақытта Желіде полицейлерге күш қолданғаны түсірілген қазақстандықтардың видеолары тарап жатыр. Көп жағдайда тұрғындар төтенше жағдай мен карантин режимін бұзып, полиция қызметкерлерінің ескертуіне бағынбаған. Бүгінде сондай азаматтар жауапқа тартылған. Tengrinews.kz тілшісі елдегі эпидемиялық жағдайға қарамай, полицияға бағынбаған қазақстандықтар туралы баяндайды.


Соңғы уақытта Желіде полицейлерге күш қолданғаны түсірілген қазақстандықтардың видеолары тарап жатыр. Көп жағдайда тұрғындар төтенше жағдай мен карантин режимін бұзып, полиция қызметкерлерінің ескертуіне бағынбаған. Бүгінде сондай азаматтар жауапқа тартылған. Tengrinews.kz тілшісі елдегі эпидемиялық жағдайға қарамай, полицияға бағынбаған қазақстандықтар туралы баяндайды.

Жаттығу жасаймын деп істі болды 

Соңғы күндері Желіде полицейге күш қолданған екі ер адамның видео тарап жатыр. Видеода полицейдің балалар арбасын сүйреген ер адамды тоқтатуға тырысады. Бірақ ол құқық қорғаушыны итеріп, әрі қарай жүре береді.

Сол кезде полицейге тағы бір ер адам күш көрсетеді. Ал оқиғаның бәрін арбадағы баланың анасы телефонаны түсіріп алған. Роликтегі ер адамдар "Ұстама мені" деп ашуланғанын естуге болады. 

Оқиға Алматының Медеу ауданында Қайырбеков пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған.

Кейін Алматы қалалық Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов видеодағы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

"Гоголь мен Қайырбеков көшелерінің қиылысындағы патрульдік жасақтардың бірі бір топ жастарды байқап қалды. Олар онлайн режимде фитнес-жаттығулардың түсірілімін жасап жатты. Учаскелік инспектор келіп, карантин кезеңінде қажет жағдай болмаса үйден шығуға тыйым салынатынын айтып ескерту жасады. Оның үстіне, бұл азаматтардың қасында кішкентай бала болды, олар оның денсаулығына қауіп төндірді", - деді Қанат Таймерденов.

Полиция басшысының айтуынша, тұрғындар полицейдің заңды талаптарына бағынбай, оған қарсы күш қолданған.

Енді олар ҚР Қылмыстық кодексінің "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" және "Билік өкілін қорлау" баптары бойынша айыпталып отыр. 1990 жылы туған бірі уақытша ұстау изоляторына орналастырылса, 1992 жылы туған екінші қатысушы әкімшілік жауапқа тартылып, 20 күнге қамалған. Енді видеоны түсіріп жүрген әйел де жауапқа тартылатыны хабарланған.

Кішкентай баласымен ойын алаңында жүрген

Қазіргі уақытта Желіде ер адамның полиция қызметкеріне бағынбай, оған күш көрсеткені түсірілген тағы бір видео тарап жатыр.

Бұл оқиға Нұр-Сұлтан маңында Қосшыдағы "Лесная поляна" тұрғын үй кешенінің №26 үйінің ауласында болғаны анықталды.

Полиция қызметкері елді мекенді бақылап жүргенде, төтенше жағдайға және Қосшы ауылындағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан кішкентай баласымен ойын алаңында жүрген бір әйелді байқайды.

Полиция қызметкерінің карантин режимін бұзғаны және үйге қайту туралы ескертуіне әйел жауап бермеген, керісінше, бірге тұратын ер адамға хабарласқан. Ол полиция қызметкерінің заңды іс-әрекеттеріне кедергі жасап, күш қолданып, жұдырық ала жүгірген. Дауға үлкен ұлы мен кездейсоқ жолаушы да араласып кеткен.

Қосшының 39 жастағы тұрғынына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ал баласымен көшеде жүрген әйел ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің "Төтенше жағдай режимiн бұзу" бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылған.

Қазіргі уақытта даудың үшінші қатысушысы - полиция қызметкеріне қатысты күш қолданған жолаушы іздестіріліп жатыр.

Полицейге тіл тигізгені үшін 50 күнге қаламауы мүмкін

Ал Қызылорда облысында полицейге тіл тигізген 23 жастағы тұрғын істі болып жатыр. Ол карантин режимін сақтамай, полицейдің ескертуіне мән бермеген.

13 сәуірде Қызылорда қалалық Полиция басқармасында сот қаралымын күтіп отырған жігіт полицейдің ескертуіне құлақ аспай, оны балағаттаған.

Полиция қызметкері тұрғынды сабыр сақтауға шақырғанымен, 23 жастағы жігіт құқық қорғаушыға балағат сөздермен тіл тигізген.

Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қызылорда тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің "Билік өкілін қорлау" бабы бойынша айыпталып отыр.

Енді күдіктінің кінәсі дәлелденсе, 160 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 50 күнге қамауға алынуы мүмкін. Не болмаса, тұрғын 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға жіберілуі ықтимал.

Bentley-мен блокпосттан өтіп кеткен

Алматыда режимді бұзған тағы бір жағдай тіркелді. Бұл жолы Bentley көлігінің жүргізушісі полицейлерге қарамай блокпосттан өтіп кеткен. Сол сәттің видеосын көлік салонында отырған жолаушы түсіріп алған. Кейін видео әлеуметтік желіде жарияланған.

Роликтен көліктің блокпостта тоқтамай, жолда тұрған полицейлерге дабыс басып өтіп кеткенін көруге болады.

Polisia.kz мәліметі бойынша, тосқауыл-бекетті елемеген автокөлік жүргізушісі жауапқа тарылған.

"Төтенше жағдай режимін бұзу дерегі бойынша 1985 жылғы Х. есімді Bentley маркалы автокөлігінің жүргізушісі және 1990 жылғы К. есімді оның жолаушысы анықталды. Олар осы оқиғадан кейін , ҚР ӘҚБК-ның "Төтенше жағдай режимін бұзу" бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бойынша әкімшілік жауапқа тартылды", - деді Алматы облысының Полиция департаментіндегілер.

Бекеттен өтемін деп, көлігімен полицейдің аяғын басып кеткен

Сәуірдің басында полицейлердің ескертуіне көнбеген тағы бір оқиға Қазнетте талқыға түсті. Видеодан бірнеше полицейдің жүргізушіні көліктен шығарып алуға тырысып жатқанын байқауға болады.

 "Полицейлер көліктерінен шығып, жүргізушіге барып соққының астына алды" деп жазған Facebook қолданушылары.

Артынша, Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек оқиғаның мән-жайын ашып айтты.

"Оқиға 8 сәуірде Алматыдағы Әуезов ауданында болған. Subaru маркалы көлігінің жүргізушісі Сайын көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, карантин уақытында қойылған бекеттер жақта полицейлердің айтқанына көнбей, бір қызметкердің аяғын көлігімен басып кеткен", - деді ол.

Салтанат Әзірбектің айтуынша, 1993 жылы туған ер адам Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында ұсталған. Осыған байланысты полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің "Билік өкіліне бағынбау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Тергеу барысында ер адамның деструктив ағым ұстанатыны анықталған. Сондай-ақ ұсталған кезде жедел тергеу тобы ұсталған ер адамның көлігін тінту барысында қару мен пышақ барын анықтаған.

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 446.49   490.7   4.75 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети