Шымкент қаласында төтенше жағдай қызметкерлері коронавирус жұқтырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 1852 адам COVID-19 вирусын жұқтырған.
"Ауруды жұқтырғандардың көбі Алматыда - 606, Нұр-Сұлтанда - 368, Қызылорда облысында - 149", - деді ол үкімет отырысында.
Осы орайда Елжан Біртанов өткен тәулік бойынша 141 жаңа науқас тіркелгенін, өсім деңгейі - 8,2 пайыз болғанын жеткізді.
"Ең көп науқас Алматыда - 82 науқас, Шымкентте - 23 науқас тіркелді. Алматы қаласы бойынша 82 науқастың 78-і жоспарланған скрининг-тесттің негізінде анықталды. Олардың 60-ы қалалық орталық клиникалық аурухананың ішіндегі науқастар және медициналық қызметкерлер. Шымкент қаласы бойынша 23 науқастың 16-сы скрининг бойынша анықталды. Олар - төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері. Қалғаны емделіп жатқан науқастар мен карантинде жатқан азаматтар", - деді министр.
Айта кетейік, Қазақстанда 447 науқас коронавирустан жазылды, 19 адам қайтыс болды.